"Мазақтап киімін жыртқан, ұрған". Түркістан облысында 8 жастағы қыздарды сыныптасын қорлады деп айыптауда
Түркістан облысында 3 сынып оқушысын сыныптастары сабаған. Бұл туралы қыздың анасы дабыл қақты деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюроға сілтеме жасап.
Видеодан кадр
8 жастағы қызға ең алғаш сыныптастары қаңтар айында қысым көрсеткен екен. Анасы Регина Әбдіғаппарованың айтуынша оқушыны 3 қыз болып дәретханаға қамап қойған. Артынша киімін жыртып, қабырғаға итеріп жіберген екен. Салдарынан жәбір көрген қыз мұрнын жарақаттаған. Содан бері үнсіз жүрген оқушыда соңғы уақытта тахикардия белгілері біліне бастаған. Ал жақында сол зәбір көрсеткен қыздардың бірі қол көтеріпті.
“Ұзақ уақыт емдеткеннен кейін қызым мектепке барған. Бірақ әлгі оқушылар “тағы да келдің бе” деп балағаттаған. Кешқұрым балам ауыра бастады. Бірақ олардың әрекеттерін нақты дәлелдей алатын мектепте бейнебақылау камерасы жоқ”, - деп күйінуде қыздың анасы.
Ал мектеп басшылығы бұл жағдайды әлім-жеттікпен байланыстырар емес. Керісінше жәбір көрген қыздың денсаулығы нашар деп отыр.
“Ойын кезінде тиіп кеткен шығар. Бірақ балалардың арнайылап барып оған зәбір көрсетуі тіркелген емес. Оның үстіне ол қыздың отбасына біз көмектесіп тұрамыз. Ата-аналар комитеті де жақсы біледі. Бірақ неліктен бұлай шу шығарып отырғанын түсінбедім”, - дейді Сапарбаев атындағы орта мектептің директоры Маржан Бердімұратова.
Психологтар мұндай қысым жиі көрсетілсе баланың оқудағы үлгерімі нашарлап, психологиялық жағдайға тап болуы мүмкін дейді.
“Егер балаға жиі буллинг көрсетілсе, онда оның бойында психикалық, физикалық, эмоционалдық жағдайлар орын алады. Уақыт өте бұл қиын мәселеге айналуы мүмкін. Сондықтан қазірден күресу керек. Ата-ана болып, ұстаздар болып осы жағдайды бақылауға алулары тиіс”, - дейді психолог Герман Владимиров