Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев Тегеранға барған сапарында ирандық азаматтарға 14 күндік визасыз режим жариялады

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Иранға ресми сапары барысында 19 маусымда Тегеранда Иран президенті Ибрахим Раисимен келіссөз жүргізді. Ақорданың хабарлауынша, шағын құрамда өткен кездесуде Тоқаев Иран азаматтарына Қазақстанға 14 күнге визасыз режим жариялайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Токаев тегеран 2022

"Жан-жақты байланысымыз қарқынды дамып келе жатыр. Бұған өзара сенімге негізделген саяси диалогтың арқасында қол жеткізіп отырмыз. Біздің үкіметаралық, парламентаралық және іскерлік кеңестеріміз бар. Сауда-экономикалық ынтымақтастығымыз кедергілерге қарамастан, жылдан-жылға артып келеді. Биылғы бірінші тоқсанда сауда-саттық 50 пайызға артты. Ендігі мақсат – осы қарқынды тоқтатпай, барынша көбейту. Оған біздің әлеуетіміз жетеді. Мен сіздің өзара серіктестікті дамытуға қосқан үлесіңізді жоғары бағалаймын. Қарым-қатынасымызды дамытуға бар күш-жігерімді жұмсауға әзірмін", –  деді мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев осы сапарының аясында маңызды шешімін жариялауға ұйғарым жасағанын айтты.



"Біз Иран азаматтарының Қазақстанда 14 күн визасыз жүріп-тұруына рұқсат береміз. Бұл түрлі саладағы ынтымақтастықты нығайтуға септігін тигізеді. Сондай-ақ, іскер топ өкілдерінің байланысын жандандырады. Барыс-келіске тың серпін беріп, туристердің көптеп келуіне ықпал етеді. Иран кәсіпкерлері осы жеңілдікті кеңінен қолданады деп сенемін", - деп қосты Тоқаев.

Иран Ислам Республикасының Президенті Ибрахим Раиси Қасым-Жомарт Тоқаевқа ілтипат көрсетіп, шақыруын қабыл алғаны үшін алғыс айтты.

Айта кетейік, бұл – Тоқаевтың Иранға президент ретіндегі алғашқы сапары. Сапар барысында Қазақстан президенті Иранның рухани басшысы Аятолла Әли Хаменеимен де кездесуі жоспарланған. 

Талқылау