Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тікұшақты 12 жылдан бері тізгіндеп келеді: Қазақ қызы қалай ұшқыш атанғанын айтып берді

Пилот десе болды, көбіміз штурвал ұстаған ер адамды елестетеміз. Бұл заңды да. BBC.com дерегіне сүйенсек, бүкіл әлем бойынша әйелдер ұшқыштардың тек 5 пайызын ғана құрайды екен. Содан да болар ерлер ғана ұшақ тізгіндей алады деген пікір қалыптасқан. Осындай тегеурінді стереотипті бұзып жүрген қазақ қызы – Ақерке Шопатаева. Нәзік жанды ару қалайша тікұшақтың пилоты атанды? Stan.kz тілшісі біліп көрді. 

Фото: Досжан Балабекұлы

Бұл жерде ер, әйел деп бөлудің еш қисыны жоқ. Екеуінде де бірдей организм. Ер адам бола тұра ұшқыш бола алмайтындар да көп қой

Ақеркенің ұшақ басқарған тәжірибесіне биыл 12 жыл толады. Әу баста ол авиация саласынан мүлдем хабарсыз болған. Естісе де қызыға қоймаған. 10-сыныпта оқып жүрген кезінде орысша ДОСАВ, қазақша бүкіл одақтық авиация қоғамының жарнамасын көріп, соған барып көруге бекінеді. Өзі қазақ мектебінде білім алғандықтан, ол жақтағы орысша сабақтарға бастапқыда біраз қиналады. Ақерке сол жерде алғаш рет Як-52, Як-18 ұшақтарының теориясын үйренеді. Меңгерген әрбір жаңа нәрсесі оның авиацияға деген құлшынысын арттыра түскен. Көп ұзамай спорттық ұшақтарды әуеге көтеріп, тәжірибе жинай бастайды. Бірақ отбасындағы қиын қаржылық ахуал оның бұл саланы әрі қарай үйрене түсуіне кедергі келтірген. Кейіпкеріміздің айтуынша, дәл сол өліара кезде оған жол көрсетіп, бағыт берген ұстазы – Василий Леонтьевич Жовт болған. Ұстазы Ақеркенің азаматтық авиация академиясына баруын өтінген. 

"Сол кісінің ақылын алып, ойланып, ақырында академияға оқуға түсіп кеттім. Ан-2 ұшағын басқаруды сол жерде үйрендім. Ұшаққа әр кез мінген сайын бұл саланың маған жақын бола түскенін байқадым. Қандай жаңалық бар болса соның бәрін үйрене бердім. Курсымыздағы өзге курсанттардың барлығы ер балалар да, қыздардан мен ғана едім", - дейді Ақерке. 

Алайда оқу бітірген соң жұмыс таба салу оңайға түспейді. Резюме жіберген ешбір ұйым жауап бермейді. Сөйтіп жүргенде "Қазавиақұтқару" мекемесіне орналасып, Серік Қапаров басқаратын компанияда алғаш рет тікұшақ тізгініне отырады. Сөйтіп, Ақеркенің өмірінің жаңа кезеңі, Ми-8 тікұшағын басқару сәті басталады. Айтуынша, ұшақ пен тікұшақтың құрылымы да, басқару жүйесі де өзгеше. Тікұшақта штурвал, шаг-газ және педаль үштігін бірқалыпты басқарып отыру керек екен. Осылайша, алғашқы рейсін Шымкентке орындайды. 

"Сол кездегі бастан кешкен әсерімді сипаттап айту өте қиын. Бір жағынан қуанып, бір жағынан толқып тұрдым. Бұл өте әсерлі, жағымды сезім. Осы сезімді сезіну үшін әрбір рейсімді асығып күтемін", - дейді ол. 

Ақерке 12 жыл ішінде тікұшақ тізгіндеп жүріп талай жағдайларды бастан кешірген. Оның бәрін жіпке тізгендей айта беру де қисынсыз болар, дейді бойжеткен. Өйткені мұның бәрі істеуге тиісті жұмысымыз ғой деген Ақерке Шарын шатқалында қайықпен суға аударылған туристерді, тауда қалып кеткен альпинистерді құтқарған сәттері өте көп екенін айтады. Ірі тасжолдарда болатын көлік апаттарына да Ақерке бірінші болып жетеді. 



"Таулы жақтарда ұшқан кезде турбулентті кеңістікке түсіп кеттік. Ондай кезде тікұшақ кәдімгідей теңселеді. Бұл уақытта жаңа ұшып жүрген кезім болғандықтан командирге кедергі келтірмейін деп отырдым. Себебі, оны игеру оңай жұмыс емес. Сол кезде командирдің: "Ақерке, қазір менің шамам жетпей қалса, сенің күшің керек" деп айтқаны есімде. Ондай жағдайға тап болған кезде не жоғары көтерілу керек, не төмен түсу керек. Тізгінді басқарған кезде бәрін бірқалыпты ұстау өте маңызды. Қырсыққанда, сондай кезде тура алдыңнан құстар да шыға келеді. Олар өзі қорықпайды, тікелей тікұшаққа соғыла береді. Ондай сәтте аспай-саспай, барынша дұрыс шешім қабылдай білу өте маңызды", - дейді ұшқыш қыз. 

АқеркеФото: Досжан Балабекұлы

Графикке келер болсақ, отбасым, бала-шағам болғаннан кейін алыс сапарларға шыға алмаймын. Басқаруға келер болсақ, бұл енді әрбір адамның қабілетіне байланысты. Процестегі ең қиыны – тікұшақты жерден көтеріп алып кету және қондыру

Ақеркенің жолдасы да осы авиация саласында еңбек етеді. Ұшқыш бойжеткен тікұшақтан үлкен ұшаққа көшкісі келетінін де жасырмайды. 

"Иә, үлкен ұшақтарды ұшыруға қызығамын. Бір елден екінші елге ұшып бару деген керемет әсер беретіні сөзсіз. Оған менің тәжірибем де, мүмкіндігім де жетеді деп ойлаймын. Бірақ сондай ұсыныс жасала қалғанның өзінде келіспес едім. Себебі, қазіргі жағдайым, жұмысым өзіме ұнайды. Әрі отбасымнан да алшақ кеткім келмейді", - дейді Ақерке. 

Ақерке Түркістан облысының Бөген ауданы Төрткөл ауылында дүниеге келген. Әкесі – агроном, анасы құрылысшы болған. Бала кезінде Алматыға көшіп келіп, Таугүл ықшам ауданындағы №139 мектепте білім алады. Бірінші сыныптан бастап таэквондоға қатысып, осы спортпен үздіксіз айналысудың арқасында қара белбеу бірінші дан иегері атанған. Оның спортқа деген қызығушылығы мен жеңіске деген жігері қайсар қыздың авиацияны қиналмай таңдауына себеп болған сияқты. 

Ақерке "Қазавиақұтқару" мекемесінде 2008 жылдан бері табан аудармай жұмыс істеп келе жатыр. Осы аралықта отбасын да құрып, сәбилі болып та үлгерген. Қазір жолдасы екеуі үш бала тәрбиелеп отыр. 

 

Сұхбаттасқан Абай Аймағамбет

Талқылау