Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

«Тапсырыстың көпшілігі Instagram арқылы түседі»: Қызылордалық қолөнер шебері ұлттық өнерді интернет арқылы ұлықтап отыр

Интернеттің игілігін көріп, кәсібінен береке тауып отырған жандар еліміздің кез келген түкпірінде бар. Блог жүргізіу арқылы ауылдың тыныс-тіршілігін, өзінің кәсібін жарнамалап, пайда түсіріп отырғандар Қызылорда облысының, Қазалы ауданында да жетерлік. Солардың бірі – қолөнер шебері Шайхи Өтепова.

"Әкем Айдарбек – арқан есіп, ат әбзелдерін жасаған ұста, анам Сәнім – өзінің барлық киімін өз қолымен тігіп киген тігінші, ал енем киіз басып, алаша, кілем тоқыған ісмер жан болған", – деген қазалылық шебер Шайхи Өтепова бүгінде құрақтың кез келген түрін көздің жауын алардай етіп құрайды. Көрпеден бөлек қыз жасауы, бесік жабдықтары, шымылдық, түрлі сөмкелер мен тағы басқа дүниелерді дайындайды. Тіпті матадан жасалған жұп-жұмсақ добы тәтті балақайлар үшін таптырмас сый. 

Жексенбі күні келіскен уақытта кейіпкердің үйіне жеттік. Жылы шырай танытып, күлімдеп қарсы алды. Табылдырықтан үйге аттай бере оң жақтағы бөлмеге еріксіз көзім түсті. Құдды көрме дерсіз. Қызылды-жасылды, оюлы-гүлді көрпе-жастықтар ерекше талғаммен тігілгені көрініп-ақ тұр. Бұл бөлме алтын қолды жанның шеберханасы екен. Керек құрал-жабдықтың бәрі стол үстінде рет-ретімен орналасыпты. Қайшыдан бастап, қаламмен аяқталады. Тіпті сызғыштың бірнеше түрі тұр.

"Енемнің бес келіні болдық. Мен ортаншысымын. Ол кісі уақытында киіз басып, кілем, алаша тоқыған жан. Өте өнерлі еді. Қасында жүріп, біраз дүние үйрендік. Маған: "Менің тігін машинамды сен ал. Сенде ынта бар. Ептілігің де байқалады. Сенен үміт күтем" дейтін, – деп өткен шақты еске алды Шайхи Айдарбекқызы.

Шынында да кейіпкеріміздің ептілігі мен жауапкершілігі жоғары. Қандай дүние жасамасын, әрбір бөлшегіне аса мұқият қарайтындығы аңғарылады. 

"Құрақ математикалық есеп секілді. Кішкене қателессең, қиынды қисық кетуі әбден мүмкін. Бұл дегеніңіз жасалып жатқан дүниенің көркін қашырады. Көзге оғаш көрініп тұрады", – деген шебер бұл ретте өзіне жолдасының көп көмегі тиетінін жасырмады. 

Жолдасы Ақылбек Күншығаров – Қазалы вагон жөндеу депосында токарь. Темірден түйін түйген шебер. Көзі қарақты, өз ісінде өлшем бірлік жағынан келгенде мүлт кетпеуді басты талап етіп қояды. 

"Жолдасым мен балаларым үнемі мені қолдайды. Алғашында енемнің ескі тігін машинасын пайдаландым. Олар бұрынырақта шыққан соң қазіргідей көп функцияны атқара бермейді. Ең бірінші заманауи тігін машинамды жолдасым мен ұлым 8 наурызда сыйға тартты. Сол кезде өзім енді-енді тігіншілікті жаныма серік ете бастасам да, тапсырыс қабылдап үлгердім. Қатты қызыққаным сонша, күні-түні "тырсылдатып" тігін машинадан түспейтінмін. Кейін қымбат, бірнеше қызмет атқаратын замануи машинаны да алдық. Қаржы жағынан қолдайтын – жолдасым, – дейді Шайхи Айдарбекқызы. 

Осы ретте сөзге араласқан жолдасы Ақылбек Темірбекұлы: "Өз ісіне деген құштарлығы шығар. Үйдегі ескі костюмдерді қиып тауысты. Ішпей-жемей, шеберханаға айналған бөлмесінен шықпай, жұмыстан бас көтермейтін", – деді әзіл-шыны аралас.

Әр істің өз қызығымен қатар қиындығы да болады дейді кейіпкеріміз.

“Мәселен, сіздің бұйымыңыз бірден өтіп кете қоймауы заңдылық. Яғни тұтынушы табу оңай емес. Бұл қиындық бізде де болды. Біраз дүние жасап қойып, "Бұны енді қалай сатамын?" деп те басым қатқан кездер болды. Біреуден біреу естіп, уақыт өткен сайын тұрақты тұтынушыларым да пайда болды. Адамның талғамынан шығу қиын. Сондықтан мен мысалы көрпеге тапсырыс берсе, әр бөлігін жасаған сайын тапсырыс берушіге көрсетіп отырамын. 

Кейде келіп көрушілер: "Базарда мынадай бағада екен. Сіздікі қымбаттау" деп жатады. Мен оларға нағыз еңбекті көшірмемен салыстыруға келмейтіндігін айтамын. Шыны керек, аса бір қатты пайда тауып отырғаным шамалы. Дегенмен сүйікті ісім болғандықтан жалғап келемін. Бұл заттарды сатуда интернеттің көп көмегі тиіп отыр. Бастапқыда видео түсіріп, тікелей эфирге шығуда тосылғаным рас. Дегенмен қазір біршама үйреніп алдым. Балаларым интернеттің қыр-сырын әлі де айтып отырады. "Көп естігеннен, бір көрген артық" демей ме? Жұрт көзімен көріп, қолымен ұстаған соң ғана тапсырыс бергісі келеді. Бұл көшеде жүріп немесе базарда отырып сататындай дүние емес. Өйткені әркім талғамына сай тұтынатын бұйымдар”, – дейді ол.

Заман талабына сай әлеуметтік желінің қыр-сырын меңгерген қолөнер шебері "YouTube", "Instagram" желілерін жиі қолданады. "YouTube" каналы арқылы қолөнер шеберлерінің сабағын алып, білімін жетілдіріп отырады. Қызылорда қаласына арнайы барып шебер Индира Мамбетжанованың "Шеберлік шыңдау" курсын толық аяқтап, арнайы сертификат иеленген.

Қолөнершінің айтуынша, тапсырыстың басым көпшілігі Instagram арқылы түседі. "Қазір интернеттің дамыған заманы. Барлық мәселе қолыңыздағы ұялы телефонның көмегімен-ақ шешіліп жатады. Мен де интернеттің игілігін көріп отырған жанмын. Beeline интернетін пайдаланамыз. Жылдамдығы жоғары әрі қайда барсаң да, осы оператордың интернеті ұстайды. Парақшама қолымнан шыққан бұйымдарды жүктеймін. Соларды көріп, еліміздің бірнеше қаласынан тапсырыс берушілер келеді. Бірде қызық оқиға болды. Бір апай Орал қаласынан боламын деп хабарласты. Ол кісінің айтуынша, менің байланыс нөмірімді теледидардан алыпты.

"Сіз бір бағдарламаға қонақ болып келдіңіз. Сол кезде нөміріңіз де жазылып тұрды. Құрақтарыңыз, оның ішінде қошқар мүйіз оюлысы маған қатты ұнады. Содан тапсырыс берем деп шештім", – деп көрпе-жастықты ішіне мақтасын салып тігіп беруімді өтінді. Таңғаларлығы, мен ешқашан теледидарға шықпаған едім. Ол кісінің тапсырысын дайындап, почта арқылы жібердік. Арада бір айға жуық уақыт өткенде хабарласты. Менде: "Көрпелер көңілінен шықпай қалды ма екен? Әлде жетем дегенше сөмкеге бірдеңе төгіліп кетіп бүлінді ма екен?" деген уайым болды. Телефонды көтеріп, сөйлестім. Өте риза екенін жеткізді. Қуанып қалдым. "Енді маған "Жауқазын" сөмкеңді дайындап берсең", – деді. Оны да әзірлеп, салып жібердік. Хабарласып, алғысын айтып, "жүрген жерімде, той-томалаққа барғанда сен тіккен оюлы сөмкемді насихаттап жүремін. Елдің бәрінің көзі түседі" деп мені қанаттандырып қояды. Бұдан бөлек, Атырау, Ақтау, Қызылорда, жалпы біраз жерге тапсырыс жөнелттік", – дейді қолөнер шебері. 

Шайхи Айдарбекқызы үйренгісі келетін жандармен бар білгенін бөлісіп те жүр. 

"Енді маған мықты мобилограф керек боп жүр. Онлайн сабақтар түсіріп, еліміздің түкпір-түкпірінен шәкірт тәрибелегім келеді", – дейді Шайхи Өтепова. 

Айта кетейік, Қызылорда облысы Қазалы ауданында бүгінгі күні 80 мыңға жуық адам тұрады. Beeline компаниясының мәліметі бойынша, облыстың әрбір тұрғыны айына орташа есеппен 17 Гб интернет-трафик тұтынады. Бүгінде лицензиялық міндеттемелерге сәйкес аталған мобильді оператордың байланысы мен интернеті 1600 астам ауылда қол жетімді. Сондай-ақ биыл компания Арал, Сырдария, Жалағаш аудандарындағы ауылдарда LTE желісін жақсартып, Қазалы ауданындағы Бірлік ауылына интернет өткізген.  

 

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА

Талқылау