Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сұлу көңілдесін қызғанып баласын өлтірген әкенің оқиғасы

Шыршық қаласында осыдан 60 жыл бұрын болған оқиға ел аузында көпке дейін айтылып жүрді.

article_should_i_forgive_my_wife_for_cheating_me_with_another_man

Одан бері де 60 жыл уақыт зырлап өте шығыпты. Яғни 1957 жыл еді, ол кезде біз Шыршықта тұратынбыз, мен 10-сыныпта оқитын едім, деп жазады Замана газеті.

Жұртшылық мәз-мейрам болып, 1 мамыр мерекесін тойлап жатқан. Халықберді екеуміз Шыршықтың орталық базарына барғанбыз. Базарға кіре беріс жерде жұпыны киінген, бас киімін бір шекесіне қисайтып алған, орта бойлы, мығым денелі, ақсары азаматты бірден көзім шалды. Халық­берді әлгі кісінің жанына барып, сәлемдесті.

Бұл Үнембай деген адам екен. Халықберді екеуі амандасып жатқанда бұл қай бала дегендей маған бір көзін сығырайта қарап қойды. Халық­бердінің туған бөлесіне үйленген Үнембайдың ол кезде енді-енді атағы шыға бастаған кезі еді. Көпшілік жұрт оны ұры, қарақшы ретінде біле бас­таған.

Үнембайды бұл менің бірінші көруім болатын. Ал арада бірнеше жыл өткенде Халықберді оны біздің үйге ертіп келді.

Біз қаланың бірінші мөлтекауданындағы көпқабатты үйлердің бірінде тұратынбыз. Ол кезде мен үйленгенмін, бір баламыз бар еді. Келген қонақтарды барымызды беріп күтіп алдық. Олар кетісімен енем Сапаргүл: «Бұл адамның көзі маған суықтау болып көрінді. Ол жақ, бұл жаққа көз тастап отырғанда көңілімде біртүрлі қорқыныш пайда болғандай сезіндім», – деп жатыр. «Ой, апа, қойыңызшы! Біздің неміз бар алып кететіндей, өзіміз енді-енді ғана аяғымызға тұра бастадық қой», – деп ол кісіні жұбат­қандай болдым.

Содан қайтып Үнембайды көрмесем де ол кісі туралы Халықбердіден естіп жүрдім.

Үнембай бірнеше рет түрмеге түсіп шығыпты. Үйінде көп жүрмейді екен. Ұсталса қамауға түседі де, бірер жылдан соң қайта шығады. Соңғы жылдары колхоздың ауылға жақын орналасқан егістігіне қарауыл болып орналасыпты. Ауыл адамдары есігіндегі малын егістікке жіберуге Үнембайдан қорқады екен. Өйткені бірді-екілі малы егістікке түсіп кетсе артынша жоқ болады. Ұстап алмаған соң «сен ұрладың» деп оған айта алмайды.

Осылайша бірер жыл колхоздың егістігіне қарауыл болып жүрген Үнембай Шыршық өзенінің бойындағы тоғайда қамыстан күрке жасап қойыпты. Ол Халықбердімен сырлас болғандықтан қандай жұмыс істесе де жасырмай сырын айтып отырады екен.

Үйінде әйелі, бала-шағасы болса да сол қарауыл болып жүргенде «жақсы өмір сүрдім» депті. Қалада таныстары көп қой. Өзімен сыбайлас болған адамдардың арасында әйелдер де бар екен. Сол әйелдердің арасынан Аня деген жас келіншекті сол күркесіне апарады.

Үнембайдың күркесіне оның рұқсатынсыз ешкім де кіре алмайды. Күркенің есігіне жақын етіп үлкен қабаған қара итті байлап қойғандықтан ол жерге кім кірсін? Күркеге жақын жерде Шыршық өзені ағып жатыр. Судың жартысынан көбі қарсы беттегі каналға бөлініп кеткендіктен бұл жерде анау айтқан тасқын су кем деуге болады. Сондықтан өзі тұрған күркеге жақын жерде суды бұрын келіп, қалың қамыстың арасында жасанды көл жасап қойған. Сол маңда  сыбайластары сойған малдың етін сақтайды. Сондықтан жазы-күзі демей сол күркеден ет үзілмейтін болған.

Үнембайдың қамыс күркесіне жақын жерде тағы да бір күрке бар еді. Оған Үнембайдың қаладан келген сыбайластары келіп-кетіп жүрді. Ауыл адамдарының тана-торпағы көбіне осы кезде жоғалатын. Ұстап алмаған соң дәлел де жоқ еді.

Әлгі Аня деген әйел Үнембайдың сүйіктісіне айналыпты. Өзі де келіскен әйел екен. «Рең десең реңі, фигура десең фигура… Еһ! Сондай әйел құшағыңда болса ғой… Үнембай айтқандай, «жәллә» қылып жатар едің», – деп Халекең сөз еткенде аузынан суы ағып кеткендей болушы еді.

Қысқасы, осы Аня кейін Үнембайдың өз ұлына қару кезенуіне себепкер болыпты. Менің бұған қатысты естігенім мынау:

Үнембайдың үлкен ұлы Шалқардың жасы сол кезде 20-ның айналасында екен. Әкесі үйіне бірнеше күн бармай қойғасын хабар алайын деп күркесіне барса, ол егістікті аралап кетіпті. Күркеде өзі қатары жас келіншек отырғанын көреді. Жөн сұрасқасын көп отырмай шығып кетеді. Бірақ қайда барса да оның көрікті жүзі көз алдынан кетпей қояды.

Үнембай жас күнінде спортпен шұғылданған екен. Шалқарды да өзі білетін әдістердің түр-түріне үйретумен болыпты.

Үнембайға негізі «Шыршықтың атаманымын» деп көкірегін соғатындармен тіл табысу оңайға соқпаған екен. Бірақ бойына біткен қара күші мен тапқырлығының арқасында соларға өзін тыңдататын болған. Оның адамдарды өзіне тартатын жомарттығы да болыпты.

Үнембай кейін өзінің осы жүрісі мен балаларының болашағы жайлы шындап ойлана бастапты. Бірақ күтпеген бір жағдай оны тағы да қаталдыққа бой ұрғызған.

Себебі Шалқар осы күркеге келгіш болып кетіпті. Аняға ынтығып, қаншама бармайын десе де аяғы сол жаққа қарай тарта беріпті. Мұны сезген Үнембай Шалқарға: «Ендігәрі бұл жерге жолаушы болма!» – деп ескертеді. Тіпті бір күні күркеге жақын жерде екеуі қатты жағаласыпты. Жас күнінен баласын төбелеске әбден үйреткені басына таяқ болып тигенін Үнембай кейін Халықбердіге: «Шалқар бір әдісін менен асырып кетті», – деп күрсіне отырып айтқан екен.

Өзі мәпелеп өсірген перзентінен таяқ жегеніне қалай шыдасын, мылтығын әзірлеп, Шалқарды аңдумен болыпты. Ақыры ол кезең де келіп жетеді.

Жан-жағына қарап бұқпалап келе жатқан Шалқарды байқаған ол мылтығын кезеп: «Тоқта!» – деп ақырады. Айтқанын орындамағаны үшін талай рет соққыға жыққан әкесінің мінезін жақсы білетін Шалқар істің насырға шапқанын сезіп, не істерін білмей қалады.

Үнембай көп сөзге келмепті. «Қимылдама! Сенің о дүниең де, бұл дүниең де жоқ! Сендей балам да жоқ!» – деген бойда шүріппені басып қалады. «Көке-е…» – деген бойда құлаған Шалқ­ар бірден жантәсілім етіпті.

Жанұшырып баласына жеткен Үнембай мылтығын лақтырып тастап,  өкіріп жібереді. «Не істеп қойдым?! Мен не істеп қойдым?!» – деумен болады.

Мылтық атылған жерге жеткен Аня естен танғандай болып біраз тұрып, сосын жүгірген бойда күркеге барады да, керек-жарағын алып, ол жерден қарасын батырады.

Осы кезде қаладан келген өзімен сыбайлас болып жүрген екі адам Үнембайды сүйемелдеп орнынан әзер тұрғызыпты. Мұндай ауыр қылмыстан соң оны тағы да түрменің есігі күтіп тұрған еді.

…Міне, қайшылығы көп мына өмірде осындай да өкінішті оқиға болған. Бұл оқиға аталған аумақтың көнекөз адамдарының есінен әлі де шыға қойған жоқ.

Қуанышбай Сманов

Талқылау