Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Үрейсіз өмір сүруді аманаттап кетті": Алматыда Қолан Амановтың кітабының тұсаукесері өтті

Алматыда Қазақстанның еңбек сіңірген экономисті Қолан Амановтың "Үрей" кітабының тұсаукесері өтті. Қазақ/орыс тілдерінде жарық көрген кітапта автордың өмір жолындағы әртүрлі сынақтар, жиырмасыншы ғасырда қазақ халқының үлесіне түскен азапты әрі апатты оқиғалар баяндалады. Тұсаукесерге Stan.kz тілшісі де барып қайтқан еді.

Қолан Аманов аштық жайлаған 1932 жылы қарашаның ызғарлы суығында Әулиеата өңірінде дүниеге келген. Оның маңдайына жазылған ауырлық өзі дүниеге келмей тұрып басталған. Ол дүниеге келерден бір ай бұрын әкесі Аман Молдақұловты үш әріп келіп алып кетіп, үштіктің шешімімен 10 жылға айдалған. Жанат Қоланқызының айтуынша, атасының бар кінәсі аштықтан қажыған өз ауылдастарына көмектесу болған. Алайда сол ауылдастары ақыры Қоланның әкесін ұстап беріп, айдауға жіберген. Осы ауыр естеліктерден құралған кітапта қазақ халқының жиырмасыншы ғасырдағы ең азапты күндеріне баяндалған.

Қолан Амановтың қызы Жанаттың айтуынша, ол "Үрей" кітабының алғашқы басылымында әкесімен қатар жүріп кітапты шығаруға жәрдемдескен. Ол 2002 жыл болған.

"Ол кезде кітаптың мағынасына аса мән бермеген едім. Тек қаржылық тұрғыдан жәрдемдестім. Арада жылдар өткеннен кейін романды қайта оқып, әкемнің кейбір шешімдерімен істеріне жаңа көзқараспен қарай бастадым. Және кітапты басқа адамдар да оқуы тиіс деген ойға келдім. Себебі бұл менің әкемнің өмір жолы ғана емес, біздің халық тағдырының елеулі кезеңдерін баяндайды", - дейді ол.

Ол кітапты тек Қазақстандағы барлық азаматтар түсініп оқу үшін орыс тіліне аударғанды жөн көрген. Кітапта әкесінің бойына тал бесіктен берілген "үрейдің" өмір бойына соңынан еріп жүргенін жазылғанын айтады.

Қолан Амановтың шәкірті Мұхамедияр Акишевтің сөзінше, бұл "үрей" тек сол дәуірдің адамдардарын да ғана емес, одан кейінгі буындарға да берілген. Ол бұл "үрейдің" жеті ұрпаққа дейін сақталып қалатынын айтады.

"Қолан Аманов Жезқазған облысы құрылғанда сол жерге қаржы басқармасының басшысы болып келген. Маған еш қатысы жоқ адам болса да, талабымды байқап маған көп қолдау көрсетті. Ол кісі халық білетін экономист қана емес, көркем әдебиеттің майын тамызып, кітап жазатын жазушы екенін білгенде менің таң қалғаным рас", - дейді Амановтың шәкірті.

Ол кітаптың "үрей" аталуы тек автордың ғана емес, жиырмасыншы ғасырдан кейін жалпы қазақ халқының бойында қалып қойған "үрейге" арналғанын, Қолан Амановтың сол "үрейді" елден ерте байқап, оны жоюға тырысқанын айтады.

"Бұл оқиғалардан бері әлі 100 жылда өткен жоқ. Сондықтан болар біздің бойымыздағы "үрей" де әлі бәсеңдемеді. Қазір біреудің жазған сыни пікіріне де үн қосуға тартынып отырамыз. Себебі сол кездегі ертең менің ойым балаларыма, немерелеріме зиянын тигізеді деген "үрей" бойымызда қалып қойған", - дейді Акишев.

Ол бұл кітаптың болашақ ұрпақтың тарихты білуіне, оған сол заман адамдарының көзімен қарауына мүмкіндік беретінін айтады. Және автордың болашақ ұрпаққа "үрейсіз өмір сүруді" аманаттап кеткенін атап өтті.

Қазақстан-Франция сауда-өнеркәсіп палатасының бас директоры Мунира Артықбекова бұл кітаптың тек жастарға ғана емес, егде жастағы адамдарға да ой салатынын айтады.

"Біз өз тарихымызды дұрыс оқи алмадық. Алайда біз өз ата-аналарымыздың өмірге деген құлшынысын көріп өскен бақытты ұрпақпыз. Шынымды айтсам, мен Жанаттан үлкен үлгі алдым. Себебі біз әрқайсысымыз ата-аналарымыздың өмір жолын зерттеп, олардың өмір тарихын болашақ ұрпаққа үлгі етуіміз қажет. Яғни өткенмен болашақтың арасындағы көпірге айналуымыз керек. Мұны біз жасамақ, басқа адам жоқ", - дейді ол.

Жанат Қоланқызының айтуынша, әкесі 65 жасқа келген яғни 1997 жылы атасы Аман Молдақұловтың ақталып шыққаны туралы жауап алған. Бұл оның өмір бойы соңына еріп келген "үрейден" арылуына әсер еткен.

Талқылау