Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Соңғы 100 жылдағы ең ұзақ күн тұтылатын уақыт анықталды

Фото: Unsplash

Жер тұрғындарын таңғажайып оқиға күтіп тұр. Ол соңғы 100 жылдағы ең ұзақ күн тұтылуы. Астроном-ғалымдар бұл ғаламат құбылыстың қашан болатынын және оны қай елдердің тұрғындары көре алатынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Space сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Басылым мәліметінше, "ғасыр тұтылуы" 2027 жылдың 2 тамызында болады. Дәл осы күні Ай Күнді толықтай жауып, 6 минут 22 секунд бойы күн тұтылуының толық фазасы болады. Бұл Жердегі ХХІ ғасырдағы ең ұзақ толық күн тұтылуы болмақ. Күннің ұзақ тұтылуы соңғы рет 1991 жылы тіркелген. Ал келесісі тек 2114 жылдың 16 шілдесінде болады деп жоспарланған. 

Салыстыру үшін: 2024 жылы 8 сәуірде Мексика, АҚШ және Канада аумағында болған толық күн тұтылуы 4 минут 28 секундқа созылған. Бұл да әдеттегіден ұзақ болып саналған.

2027 жылы 2 тамызда күннің толық тұтылу фазасы Солтүстік Африка мен Таяу Шығыстағы 11 елдің аумағынан өтеді. Оны Испания, Гибралтар, Марокко, Алжир, Тунис, Ливия, Египет, Судан, Сауд Арабиясы, Йемен және Сомали тұрғындары көре алады.

Африка, Еуропа және Оңтүстік Азияның көп бөлігінде күннің жартылай тұтылуы байқалады. Ал Солтүстік Америкада ешқандай ерекше құбылыс болмайды.

Space порталы жариялаған картаға қарағанда, Қазақстан аумағы да күн тұтылу жолына енеді, яғни сол күні елдің кейбір өңірлері уақытша қараңғылыққа оранып, ғажайып құбылысты тамашалай алады.

Жұмаділлә Нұрила
Сенбі, 26 Шілде, 2025 17:33
Талқылау