Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік Екібастұз ЖЭС-де болған апатты тергеу жұмыстары қалай жүріп жатқанын айтты

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Екібастұз жылу электр орталығындағы апатты тергеу жұмыстары туралы айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

екібастұз

"Самұрық-Қазына" қорының алаңында кездесу өткіздік. Жылу байланысы, энергетика саласындағы құқық бұзушылықтарды немесе тәуекелдерді талдауда – еліміздің барлық өңірлерінде бұл жұмыстар бірлесе жүргізілуде.

Екібастұзға келетін болсақ, қазіргі уақытта Павлодар облысының прокуратурасы сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Одан әрі тергеу уәкілетті орган – полицияға берілді", - деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің профилактикалық қызметінің басшысы Саян Ахметжанов.

Ол жұмыс тобының құрамына Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен тергеу бөлімшесінің өкілдері кіргенін атап өтті.

"Жалпы, біз сыбайлас жемқорлық құрамдас бөлігі туралы айтқан жоқпыз, әрбір салада комплаенс қызметі ішкі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау үшін тиімді жұмыс істеуі керек ұйымдар бар. Бұл сотқа дейінгі тергеуді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет емес, қадағалау органдары бастаған", - деп түсіндірді Ахметжанов.

Еске салайық, желтоқсанның 6-сына қараған түні Екібастұз жылу электр орталығының басшысы Сергей Видлог үйінің гаражында өлі табылғаны белгілі болған.

Еске салайық, 27 қарашаға қараған түні Павлодар облысындағы Екібастұз қаласы 30 градустық аязда жылу электр орталығындағы қазандықтардың тоқтап қалуына байланысты жылусыз қалған болатын. 28 қарашада Екібастұзда төтенше жағдай режимі енгізілді. Дәл осы күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев проблемалық энергетикалық активтерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесін қарастыруды тапсырған.



Кейіннен жылу электр орталығындағы апатқа қатысты тергеу басталғаны белгілі болды. Апатты жою үшін Астана мен тағы үш қаладан мамандарды жіберу туралы шешім қабылданды. Премьер-министр Әлихан Смайылов осы апатқа байланысты Қазақстан өңірлеріндегі энергетика нысандарына толық техникалық аудит жүргізуді тапсырды.

30 қарашада мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров Александр Клебановтың Екібастұз жылу-электр орталығын 1 теңгеге мемлекетке сатуға әзір екенін мәлімдеген.

“Ол нысанды мемлекет меншігіне 1 теңгеге беруге дайын екенін мәлімдеді. Біз бұлай болмайтынын айттық. Нысанды меншігіне алған кездегі тозу деңгейі мен қазіргі тозу деңгейін салыстырып, айырмашылықты төлеу керегін жеткіздік. Екіншіден, ол Екібастұз тұрғындарына моральдық өтемақы төлеуі керек", – деген ол.

Сол күні Екібастұз қаласының жылу-электр орталығында (ЖЭС)болған апат фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысы Павлодар облысы прокурорының жеке бақылауына алынған.

Сонымен қоса премьер-министрдің орынбасары, сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Екібастұз тұрғындарына келтірілген шығындарды Орталық-Азия Электроэнергетикалық корпорациясының иелері төлейтінін айтқан. 

1 желтоқсанда Роман Скляр Екібастұзда болған ірі коммуналдық апаттың алдын ала себебін атаған. Ол  жылу желілерінің бұзылуына станция қызметкерлерінің қате әрекеті себеп болғанын айтқан еді.

5 желтоқсанда Павлодар облысы әкімінің уақытша міндетін атқарушы Олег Крук Екібастұзда барлық көпқабатты үйлердің жертөлесіне жылу берілгенін мәлімдеді. Дегенмен әлі 70 жеке үй жылу жүйесіне қосылған жоқ.

Талқылау