Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Баспанасыз қалайын деп тұрмын": Шымкентте тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалы аналар әкімдікке жиналды

Ереше қажеттілігі бар, көпбалалы әрі жалғызбасты шымкенттік аналар 27 қарашада қала әкімдігіне жиналды. Отызға жуық әйелдің талабы сан түрлі. Әлеуметтік мәселені көтерген келіншектер негізінен жәрдемақыны көбейтіп, тұрғын үй мәселесін шешуді сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Солардың бірі – алты баланың анасы Мейрамгүл Асанбаева. Әйелдің сөзінше, отбасы "Жалдамалы баспана" бағдарламасы бойынша пәтерден қағылып қалуы мүмкін. Осыдан 6 жыл бұрын кезекке тұрған шымкенттік әйел "Тұрғын үйде" кезекке тұрғандардың "Отбасы банкке" ауыстырылатынын естіп келген.

"2017 жылы кезекке тұрып, қазір 327-орындамын. Кезегіміз енді жақындады дегенде "Тұрғын үйден" "Отбасы банкке" ауыстырамыз деп отыр. Ол жаққа ауыстырса, менің төлем қабілеттілігім тексеріледі. Онда мен тіпті баспанаға қол жеткізе алмай қалайын деп тұрмын. Себебі отбасыммен несиеге кіріп кеткенбіз. Менің бар талабым "Жалдамалы баспана" сол күйінде қалсын. "Отбасы банктен" ала алмайтын адам көп", – дейді ол. 

Аналар әкімдікке таңғы 08:30-дан бастап жиналған. Алайда олардың уәжін тыңдауға бірде-бір басқарма өкілі шықпапты. Осылай деген әйелдер әкім Ғабит Сыздықбековпен кездесуді талап етті. Бірақ жиналған ел-жұрттың жанайқайын тыңдауға орынбасарлары мен басқарма өкілдері ғана түсті. 

"Қазақстанның аналары болып бүкіл Қазақстаннан 80 мың өтініш өткіздік. Елдан бөлек петициямен 47 мыңнан астам дауыс жинадық. Болады-болмайды деген жауап осы күнге дейін келген жоқ. Біз соған жауап беріліп, тағайындалуын талап етеміз", – дейді көпбалалы ана Карима Шермұхамедқызы. 

"Аталған мәселелерді қала әкімі, орынбасарлары мен басқарма өкілдері шешпейді. Оны қарайтын, заңға енгізетін жоғарыда адамдар бар. Сондықтан қазір сіздер айтқан шағымдарды біз сол жаққа жіберейік және соған қарай шешеміз", – деп хабарлады Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева. 

Жиналған көпбалалы аналардың басым бөлігі жұмыссыз. Солардың бірі – Карима Шермұхамедқызы. Жалғызбасты ананың алты баласының екеуі мүмкіндігі шектеулі. 

"Кейде құрылысқа шығамын. Қосымша жалдамалы жұмысқа шығамын. Ыдыс та жуамын кейде. Тұрақты жұмысқа тұрайын десем, тұра алмаймын. Себебі екі мүгедек қызым бар. Кез-келген кезде ауруханаға түсіп қаламыз. Содан қанша уақыт жататынымыз белгісіз", – дейді Карима Шермұхамедқызы.

Талқылау