Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте футбол матчы кезінде стадионның шатыры алаңға құлады: Әкімдік түсінік берді

Шымкентте футбол матчы кезінде стадионның шатыры ұшып, алаңға түсті. Осы оқиғаға байланысты Шымкент әкімдігі түсінік берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 24.kz. арнасына сілтеме жасап. 

Осы оқиғадан кейін футболдан премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің он екінші турында екі ойын кейінге шегерілген болатын. 

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исаховтың айтуынша, тексеру барысында нысан ешқандай қауіп төндірмеген. 

"Осы жылдың қаңтар айында қандай да бір бұзушылықтар бар екендігі туралы техникалық аудит жүргізілді. Шатырда бір нәрсені жөндеу керек екені айтылған жоқ. Бұдан басқа, адамдар көп жиналатын әрбір үлкен жарыстың алдында заң бойынша акт жасалады. Оған төтенше жағдайлар қызметі, құқық қорғау органдарының өкілдері және т.б. қол қояды. Бұл матчтың алдында да акт жасалды,  шатырға қатысты арнайы нұсқаулар болмаған", –  дейді әкім орынбасары.

Стадионның әкімшілік ғимараты бюджеттен қаражат бөлінгенге дейін шатырсыз болады деп хабарланған. Бұл мәселе мәслихаттың маусым айында өтетін алдағы сессиясында қаралады. Әзірге тесіктерді брезентпен жауып қояды. 



Стадион ғимаратының шатырына соңғы рет күрделі жөндеу жұмыстары 2004 жылы жүргізілген. 

Естеріңізге сала кетейік, оқиға 21 мамырда жергілікті "Ордабасы" мен Павлодарлық "Ақсу" командалары арасындағы футбол матчы кезінде болған. Шатыр қатты жел соғуынан құлады деп айтылды. 

Аталған факті бойынша ҚР ҚК 278-бабы ("сапасыз құрылыс") бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Айнұр Мұхади
Дүйсенбі, 23 Мамыр, 2022 12:23
Талқылау