Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Семей орманындағы алапат өрт арада бір ай өткенде толық сөндірілді

"Семей орманы" резерваты бүгін сағат 13.00-де Абай облысы Бородулиха ауданындағы орман өрті толығымен сөндірілгенін мәлімдеді. Жалын шарпыған аумақ – 60 мың гектар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Тартылған күш-құралдардың көмегімен бұл өрт 14 маусым сағат 21:00-де оқшауланған болатын.

Бұған дейін айтылғандай, өрт оқшауланып, ТЖМ мамандары кеткен сәттен бастап орман қайта өртенбес үшін Экология және табиғи ресурстар министрлігінің орман өрт стансалары кезекшілік ұйымдастырды.

Өрттің бүкіл периметрінде патрульдеу жүргізілді.

Өрт көлемі одан әрі ұлғаймай, таралуы тоқтағаннан кейін ғана оның оқшауланғаны хабарланады.

Бұл ретте өрттің қайта тұтануына жол бермес үшін бүкіл шаралар қабылданып, жануы тоқтаған кезде өрт сөндірілді деп есептеледі.

Еске салайық, 9 маусымда Абай ауданында 30 мың гектарға жуық аумақты шарпыған өрт шыққаны белгілі болды. Алайда кешке қарай оның аумағы 60 мың гектарға дейін ұлғайып үлгерді. Сондай-ақ орман шаруашылығының 14 қызметкерімен байланыс үзілгені айтылды. Осыған байланысты Семей қаласында төтенше жағдай жарияланды.

9 маусымда түн ортасына таман президенттің баспасөз қызметі Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вьетнамға сапарын кейінге қалдырып, Абай ауданындағы өрт аймағына ұшатынын хабарлады. Сондай-ақ президент Абайдағы өртпен күресу үшін бар мүмкіндікті пайдалануды тапсырды. Төтенше жағдайлар министрлігі 10 маусымға қараған түні Абайдағы өртті сөндіруге Алматы мен тағы төрт облыстан қосымша күштер мен құралдар жіберілетінін мәлімдеді.

"Семей орманы" табиғи резерватында болған ірі өрт салдарынан орман шаруашылығының 14 қызметкері қаза тапты.

Адамдардың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. 12 маусым елімізде жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

13 маусымда Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев өңірдегі өрт алаңы айтарлықтай қысқарғанын мәлімдеді.

14 маусымда төтенше жағдайлар министрлігі орман өртінің толығымен ауыздықталғанын айтты.

Талқылау