Ғылым министрі құқық қорғау органдарын киберқылмыспен күресуге қауқарсыз деп айыптады
Видеодан скрин
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақстанда Үндістанның криминалистика университетін ашу жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министрдің айтуынша, бұл Қазақстанда ашылатын алғашқы үнді университеті болмақ. Алайда университет филиалының нақты қашан ашылатыны әзірше белгісіз.
“Қазақстанда ең алғаш Үнді университетін алып келмекпіз. Ұлттық криминалистика университеті элиталық оқу орындарының бірі. Алайда келісім жасау қиын болып жатыр. Жақын арада болады деп уәде бере алмаймыз, бірақ алып келеміз деп жоспарлап отрмыз. Үндістанда IIT-ге түскенше, МIT ге түскен жеңіл деген сөз бар”, – дейді министр.
Саясат Нұрбек Қазақстанда киберқылмыс көбейіп кеткенін айтып, қазақстандық құқық қорғау органдарын бұл қылмыстардың алдында шарасыз деп айыптады.
“Елімізде қазір киберқылмыс көбейіп кетті. Алаяқтық жағдайларының саны артты. Сәйкесінше біздің криминалистика, құқық қорғау органдары шарасыз. Арыз жазасың, бірақ қолдан келері жоқ. Қазір қарапайым қылмыстан киберқылмыс көбейіп кетті. Қазір банкті маска киіп ешкім тонамайды, барлығы өзгерген. Бұл университет, киберқылмыс, кибер алаяқтық, киберқауіпсіздік бойынша маманданған”, – деді Саясат Нұрбек.
Министрдің айтуынша, университет филиалы ішкі істер министрлігінің Астанадағы академиясының базасында ашылмақ.
“Жақында делегация келіп, барлығын көріп кетті. Ішкі істер министрлігінің Астанадағы академиясының базасында ашылатын болады. Дайындайтын мамандар аз. Әлем өзгеріп жатыр. Сондықтан осындай университетті алып келіп жатырмыз. Жаңа білімге ашық болу керек. Бұл сала бойынша өзімізде маман жоқ, оны мойындау керек”, – дейді министр.
Еске салсақ, бұған дейін ғылым министрі үкіметте тәжірибе көрсетіп жатып саусағын күйдіріп алғаны туралы жазған едік.

"Мықты еркек қана көп әйел ала алады": Тоқал болуға келіскен қазақстандық өмірінен сыр шертті
