"Тегін тамақ беріп, емдік шөптің тамырын тауып әкелді": Оңтүстік Кореяға ем іздеп барған қазақстандық қыз күтпеген жерден кәріс ата-әже тауып алған
Фото: Құралайдың жеке архивінен
Желіде кәріс ата-әженің қазақстандық келіншек пен оның қызына көрсеткен ерекше қамқорлығы көпшіліктің ықыласына бөленді. Жұрт олардың жақындығын көріп, ұлтаралық некедегі отбасы деп болжауда. Алайда видеодағы 29 жастағы Ұлытау облысының тумасы Құралай Қасейінова бұл пікірді жоққа шығарды. Айтуынша, қызы Зере екі жасынан бастап белгісіз дертке шалдығып, мұрны төрт-бес сағат бойы тоқтамай қанаған. Қазақстанда ем таба алмаған Құралай елді де, тілді де білмей, Оңтүстік Кореяға тәуекелмен аттанған. Бірақ ол жақта күтпеген оқиғаға тап болды. Қазақстандық келіншек кәріс ата-әжені қалай тапқанын және олардың ауылдан арнайы әкелген емдік шөбі Зереге қалай көмектескенін Stan.kz тілшісіне баяндап берді.
“Қызымның мұрны тоқтамастан қанады: Қазақстандық дәрігерлер үйдің ыстығынан деді”
Зере – Құралай Қасейінованың жалғыз перзенті. 2,5 жасынан бастап оның мұрны тоқтамай қанап, анасын алаңдатқан. Алайда қазақстандық дәрігерлерге қанша көрсетсе де, мамандар қыздың бұл жағдайын үйдің ыстығынан деп болжаған.
“Басында Зеремнің мұрны жарты сағат қанайтын. Сосын шошып дәрігерлерге апардым. Олар үйдің ыстығынан деді. Шынымен ол кезде жер үйде тұратынбыз. Қанша іштей уайымдасам да мамандардың “қалыпты жағдай” дегеніне сендім. Алайда біраз уақыт өтсе де Зеренің мұрны қанауы тоқтамады. 4 жасқа келгенде тіпті 2 сағат бойы қан кететінді шығарды.
Сол кездері отбасымыз Жезқазғанға көшті. Мен жұмысқа тұрып, қызымды балабақшаға бермек болдым. Ол үшін медициналық тексерістен түгелдей өткізу керек. Қаладағы емханаға тіркеліп, тексерістен өтуге бардық. Сонда дәрігер денсаулыққа қатысты арыз-шағымымызды сұрады. Бірден қызымның мұрыны қанайтынын, алаңдайтынымды жеткіздім. Дәрігер шошып кетті. Мұның қалыпты жағдай емес екенін, шұғыл түрде анализ тапсыруымыз керек екенін айтты. Келесі күні сараптама тапсырдық. Одан кейін нәтижесін күтпесетен күнделікті тірліктермен айналысып кеттім. Бір аптадан соң қызым қолын ауыртып алып, емханаға қайта барғанымда дәрігеріміз алдымнан шығып, маған нәтижесін білуге келмегенім үшін ұрысты. “Қызыңның ауруы өте қауіпті” деді. Сөйтсек, Зереде қан құрамында бұзылыстар бар екен. Екінші күні бірден “Ана мен бала” орталығынан қаралуға порталмен орын тауып берді. Сөйтіп сол жаққа барып емді бастадық. “Сапалы тромбоцид жетіспеушілігі” деген диагнозы қойылды”, – деді келіншек.
Құралай қызы бес жасқа толғанша Қазақстанда ем алған. Алайда жасалған ем шараның нәтижесі көңіл көншітпеген. Бұрын екі сағат қанайтын Зеренің мұрны бұл емнен кейін төрт-бес сағатқа дейін созылатын болып кеткен.
“Кейін гемотолог маманның алдына жылап барып, көмек сұрадым. Еш нәтиженің болмай жатқанын, тіпті одан сайын ушыққанын алға тарттым. Себебі сағаттап мұрнынан қан тоқтамағасын қызым тіпті әлсіреп құлайтын. Сөйтіп шетелге шығу нұсқаларын қарай бастадық. Таңдау Оңтүстік Кореяға түсті. Алғашында халықтан көмекке ақша жинадық. Алайда кейін түрлі сөздер шыға бастаған соң, бас тартуыма тура келді. Жолдасым елде жұмыс істейді, ол барынша қолдады. Онкологиялық ауруға ұласып кетті ме деп күдіктенгенбіз. Сөйтсек дер кезінде барыппыз”, – деп қосты ол.
Фото: Құралайдың жеке архивінен
“Шикі етті жей алмай, қарнымыз ашты: Кореядағы ата-әжемен алғашқы таныстық”
Құралай кәріс тілін білмеген, ал ағылшын тілін түсінсе де ойын анық жеткізе алмайтын деңгейде болған. Дегенмен соған қарамастан қызының денсаулығы үшін ештеңеге қарамай сапарға аттанған.
“Қызым екеуіміз елге жеткесін, қонақүйге орналасып демалдық. Кейін қонақүйдегі Ли есімді менеджерге, (ол кісіні де Ли аға деп атап кеттік) қарнымыздың ашқанын, қай жерден тамақтана алатынымызды аударма арқылы сұрадым. Мұсылман екенімді шошқа, доңыз еттерін жей алмайтынымды түсіндірдім. Ол астыда кафе бар екенін, сол жерден тамақтана алатынымызды айтты. Сонымен қызымды алып, астыға түсіп сиыр еті қосылған тағамға тапсырыс бердім. Суретіне қарап пісіріп әкелетін шығар десем, ол тағам шикі еттен жасалады екен. Оны шұқып-шұқып, жей алмадық. Қызым екеуіміз жанындағы қайнаған құр күрішті жегендей болдық та тұрып кеттік. Сөйтіп бөлмемізге көтеріліп бара жатқанымызда жаңағы Ли ағамыз алдымыздан шықты. Мәз болып, “біздің тамақ ұнады ма” сұрады. Шынымды айттым, қарнымыздың ашып тұрғанын, еуропалық асханасы бар жерлер бар ма екен соны сұрадым. Онлайн тапсырыс бергім келетінін жеткіздім. Себебі қызым қайнаған күріштің өзін дұрыс жемеді. Ли ағамыз: “кәріс тағамдарының ұнамауы мүмкін емес, жүріңіздер басқа орынға апарайын” деді. Мен оған “жоқ қажет емес” деп аударма арқылы жазып болғанымша, қызымның қолынан ұстап шығып кетті. Сосын артынан жүгіріп бардым. Сөйтіп ол бізді бір кафеге әкелді. Ішінде қарт әже мен ата болды. Оларды алғаш көргенде тіпті жастары 80-нен асқан деп айта алмайсың. Сол кісілерге Ли аға біздің Қазақстаннан келгенімізді айтып, жақсы кәріс тамағын ұсынуын өтінді”, – деп баяндады келіншек.
Бұдан соң ерлі-зайыпты кәріс ата-әже оларды жайдары қарсы алған.
“Өзіміздің ата мен әжеміз қарсы алғандай сезіндік. Себебі түрлі тағамдарды алдымызға қойып, асты-үстімізге түсті. Барлығы дәмді болды. Ол жерде аса бір қатты ашылып сөйлеспесек те, олардың энергетикасы, аурасы ұнады. Сөйтіп қайтарда олар тағы да келіңдер деп айтты. Мен де ішімнен тағамдары дәмді болғасын алда тағы келерміз деп ойлап кеттім. Ли ағамыз осылайша бізді қонақ үйімізге қайта алып кетті”, – деп қосты ол.
Фото: Құралайдың жеке архивінен
“Бүгіннен бастап сен менің қазақстандық қызымсың, бұл менің немерем”
Құралай келесі күні ауруханадағы шаруаларын бітірген соң, тамақтанатын жер іздеген. Алайда Зере кешегі ата-әжейдің асханасына баруды өтінгесін сол жаққа бет алады. Бір жағынан ол жердің тағамы өзіне де, қызына да ұнаса керек.
“Барып отырғанымыз сол еді қызымның мұрны тоқтаусыз қанап бастады. Ол да бірнеше минутта тоқтай қоймады. Мұны көрген ата-әже шошып кетті. Мен оларға жағдайды аудармаға салып жазуға үлгермей тұрдым. Себебі қолым қызымды ұстаудан босамай жатты. Олар болса жедел-жәрдем шақырайық деп жүгіріп жүр. Ішімнен жедел жәрдем келсе, оларға ештеңені түсіндіре алмайтынымды, қиын жағдайға түсетінімді біліп тұрдым. Сосын ата-әжеден :“жедел жәрдем шақырмаңыздар, қанауы қазір тоқтайды. Кәріс тілін білмеймін, ағылшын тілім де жетік емес. Мені қиын жағдайға қалдырмаңыздаршы” деп өтіндім. Олар қатты қорықты “қызыңнан айырылып қалсаң не істейміз?” деп уайымдады. Бірақ мен жалынып әйтеуір оларға жедел жәрдем шақыртпадым. Осылайша төрт сағаттан соң қызымның мұрны қанауы тоқтады. Ішімнен “уф” дедім. Себебі әдетте бұдан да көп қанайтын. Ал ата әже болса ана жақта уайымнан жылай жаздады”, – деп қосты ол.
Құралай кейін әлсіреп қалған қызын жатқызып қойып, жартылай ішпеген тамағына отырады. Сол кезде кәріс ерлі-зайыпты ата-әже жағдайды анығырақ сұрапты.
“Кореяға қыдырып келмегенімізді, қызымда қан ауруы бар екенін, соған ем іздеп жүргенімізді айттым. Сол кезде ата-әже: “Болды енді сендер маған келіп тұрасыңдар. Сендерді тегін тамақтандырып, қолымнан келгенінше көмектесемін. Бүгіннен бастап сен менің қазақстандық қызымсың, бұл менің қазақстандық немерем” деді ”, – деп баяндады Құралай.
Қазақстандық келіншек басында кәріс әжейдің айтқандарына сенімсіздікпен қарағанын жасырмады. Тіпті гугл аударма қате аударды деп ойлаған екен. Сөйтіп сол күні тамақтанып болған соң, алғысын айтып, қонақ үйге қайтқан. Алайда екінші күні күтпеген жағдай орын алады.
“Ауруханаға барып келсек, қонақ үйдің алдында әжеміз тұр. “Жүріңдер тамақ ішеміз” деді. Мен тіпті, әжейді қонақ үйдің алдына келіп, бізді тосады деп мүлде ойламаппын. Негізі қанша “тегін тамақтандырамын, келіңдер десе де” намысым жібермей, ішімнен “тек арасында барып тұрармын, жеген тамағыма сонда да төлеймін” деп ойлап жүргенмін. Себебі өзімді, жалпы қазақтарды мүсәпір етіп көрсеткім келмеді. Ішкі ұятым тегін тамақ пен біреудің мойнына отырып алуға жібермеді.
Алайда ата-әжеміз менің бұл ойымды сейілтті. Барсақ, үлкен дастархан жайып, біз үшін дайындалыпты. Мәзірден басқа тағамдарды дайындап, шын көңілдерімен асты-үстімізге түсіп жүр. Отбасылары туралы айтып, өздерін таныстырды. Тамақтанатын орында сол күні тек біз ғана болдық. Ішіндегі қызметкер әпкелерді де бізбен бірге отырғызып, “қамқор болыңдар” деп бізді нұсқады. Сондай бір күшті отырыс жасады”, – деп қосты ол.
@kuralay.kasseiinova Кореядағы әжеммен өткізген бір күнім❤️ Кореяның қызықтарын парақшамнан көре аласыз... Құрметтім, маған тіркеліп, лайк басып, пікір қалдыруды ұмытпаңыз!🤭☺️ #рекомендации #корея #할머니 #қазақстан🇰🇿 #🇰🇷 #топ ♬ оригинальный звук - 🇰🇿 𝕂𝕦𝕣𝕒𝕝𝕒𝕐 ☄︎
“Кәріс ата-әжеміз ауылға барып, Зереге арнайы емдік шөптің тамырын жұлып әкелді”
Құралай бәрібір ұялып тамақтануға күнде бармауға тырысқан. Алайда бармаған күндері олар іздейді екен. Тіпті Зереге немерелеріндей қараған кәріс ата-әже ол үшін демалыс күндерінде арнайы ауылға барып, емдік шөптің тамырын жұлып әкелген.
“Мұны естігенде “Тәуіп Хо Жун” сериалы есіме түсті. Сондай дәрілік зат шығар деп ойладым да мән бермедім. Дүйсенбі күні ауруханада жүрсем әжеміз: “Құралай, Зере тезірек менің кафеме келіңдер, тамақ дайын” деп жазып жіберіпті. Барсақ тағы жаңа тағамдар дайындап, бізді күтіп отыр. Маған құрамында қанды көбейтетін емдік шөптің тамыры бар тағамды көрсетіп түсіндірді. Зереге міндетті түрде жеу керек екенін айтты. Сөйтіп қызыма жаңағы тағамды ақыры жегізіп, шөптен жасалған пайдалы қоспаларды берді. Соның әсері ме кейін Қазақстанға келіп тексерілгенде қызымның өмірі төмен болатын гемоглабині 100-ге көтерілгенін көріп таңғалдым”, – деп қосты ол.
Құралай бүгінде оңтүстік кореялық ата-әжесімен байланысты үзбеген. Тіпті Қазақстанды көрсетуді жоспарлап жүр екен.
“Ата әже көп жылдан бері Сеулде сол кафе бизнесімен айналысып келеді. Екеуінің де жастары шамамен 80-нен асқан. Бір ұлдары бар. Ол атақты гольф шебері екен. АҚШ-та тұрады. Жасы 40-та, былтыр қыркүйекте сәбилі болыпты. Сөйтіп ата-әженің алғашқы немерелері туды. Кәрістер өте кеш үйленеді. Олар біздің елдегі бала туу көрсеткіші мен үйлену жасына қарап таңғалды. Ата-әже бұған дейін Қазақстан туралы естіген, бірақ білмепті. Оларды Қазақстанға былтыр да, биыл да шақырдым. Дегенмен сәті түспей келе алмай жатыр. Алайда келесі жылы жоспарлап әкелсем бе деп отырмын. Оларға табиғат ұнайды ғой, Алматыны көрсетсем деймін. Астанаға да апарғым келеді”, – деді ол.
@kuralay.kasseiinova Менің Кореялық кәріс ата-әжем! Менің кәріс отбасым❤️ #рекомендации #корея #сеул #🇰🇷 ♬ оригинальный звук - 🇰🇿 𝕂𝕦𝕣𝕒𝕝𝕒𝕐 ☄︎
“Кәріс халқының адамгершілігі: Өзгелер қысылмасын деп байлықтарын көрсетпейді”
Құралай осы оқиғадан соң өз отаны мен Кореяның арасындағы өзгешелікті атады. Айтуынша біздің халқымызға үлгі аларлық дүниелер өте көп.
“Оңтүстік Корея халқының адамгершілігін айтып жеткізе алмаймын. Бәлкім, маған сондай адамдар жолықты ма екен?! Шыны керек, өте мәдениетті, мықты халық. Олардың жағдайлары қанша жақсы болса да, біздегідей байлығын көрсетуге, мақтануға тырыспайды. Өздерін жақсы күтеді. Бет терілері тап-таза, киімдері қарапайым, иіліп сыйлап тұрады. Ешкім ешкімге тесіле қарамайды. Тіпті олардың бренд киіп, тола алтын тағып жүргенін көрмедім.
Кәріс атам мен әжем де ауқатты бай адамдар. Ол кісілерден де халқы туралы, өздері туралы сұрап тұрамын. Бірде “неге алтын тағып, қымбат заттар” ұстамайтынын сұрағанымда, олар: “өзге адаммен кездессек, мендегі бар қымбат дүние онда болмауы мүмкін. Сол кезде ол өзін менен төмен санайды ғой! Ал бұл маған керек пе? Алдымыздағы адам өзін ешкіммен салыстырмауы керек!” деп жауап берді. Ойлаңызшы, мықтылықтары қайда жатыр? Ал бізде қазақтар керісінше, мақтануды жақсы көреміз ғой! Сол кезде ішімнен “исламның барлық шарты Кореяда бар. Бірақ дін жоқ. Ал бізде дін бар да шартын орындайтын адам аз” деген ой келді”, – деп қосты ол.
Ем іздеп барған қазақстандық ана бұл елдің дамыған медицинасына да тәнті болыпты. Айтуынша, тіпті мамандардың өзі науқастармен жақсы байланыс орнатады.
“Бәрі деп айтпаймын, дегенмен Қазақстанда ұрысып сөйлесетін медицина қызметкерлері бар. Кейде тіркеу бөліміндегі қызметкерлердің агрессияға толы жауаптарын көресің. Ал Кореяда мүлде агрессия жоқ. Қызметкерлер күліп жауап береді, күліп шығарып салады.
Қазақстанда кезекте тұрсақ, адамдар “ухілеп”, “тезірек жібермей ме” деп дәрігерлерді кінәлап, ұнатапай тұрады ғой. Ал Кореяда бұлай жасауға мүлде болмайды. Бұл жақта мұндай әрекет дәрігердің жұмысына кедергі жасау болып саналады. Кезегің келген кезде монитордан номерің шығады, сол арқылы кіресің. Оған дейін қанша қажет болса сонша күтесің. Науқастар да ешқандай жанжал шығармайды. Әркім өз-өзімен отырады. Ешкім саған назар аудармайды, қарамайды. Бір-бірімен сөйлессе де тыныш сыбырлап сөйлейді”, – деп қосты ол.
Құралай бұл сынақ арқылы да біраз нәрсені біліп, ой түйгенін жасырмады. Қазір Зеренің мұрнына ота жасалған соң дәрігерлер алғаш рет Қазақстанға оларды 6 ай уақытқа жіберген.
“Өзге тағдырластарым болса, айтарым шама келсе шетелге шығып қаралған дұрыс. Әрине тіл білмеу, басқа мәдениет – қиын болары анық. Тіпті аударма жасайтын бағдарламаның өзі дұрыс аудармайды екен. Мен талай қате аударып біреулерге “сұмырай, нақұрыс” деген екенмін. Сөйтіп жүріп, кәріс тілін де үйреніп, сөйлей алатын жағдайға жеттім. Кореядағы ем мен екпелер алған соң, қазір қызымның мұрны қанағаны басылды. Дегенмен денесі көгеретін болыпты. Мамандар қанның іштен кетіп жатқанын айтты. Алайда мұны да алда емдетеміз. Әзірге кәріс дәрігерлердің нұсқауын орындаймыз”, – деп қорытты Құралай.
@kuralay.kasseiinova Бізді қыдыртқан – VIP кәріс әжеміз 😄🇰🇷💖 Бұл кісі туған әжем емес… бірақ бізді туғанындай еркелетіп, жанымызды жадыратты 🥹 Сол күні өзімізді Netflix дорамасындағы сүйікті кейіпкердей сезіндік: артта жайнап тұрған Сеул, қасымызда мейірімді кәріс әже☺️❤️ Әжеміз бізге бәрін көрсетіп, бәрін түсіндіріп, шын жүрегімен күліп отырды. Қасында жүріп, адамның мейірімі ұлтқа, жасқа қарамайтынын тағы бір рет ұқтық ❤️ Әр кездесу – бір естелік, Әр естелік – жүрекке жылы сурет болып қалады. Рахмет, әжетайым! Сіз біз үшін – алтынсыз! ❤️🌸 #рекомендации #корея #хальмони #топ #🇰🇷 #🇰🇿 ♬ оригинальный звук - 🇰🇿 𝕂𝕦𝕣𝕒𝕝𝕒𝕐 ☄︎

"Мықты еркек қана көп әйел ала алады": Тоқал болуға келіскен қазақстандық өмірінен сыр шертті
