Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мықты еркек қана көп әйел ала алады": Тоқал болуға келіскен қазақстандық өмірінен сыр шертті

Айсұлу Қыстаубаева өзін тоқалмын деп жариялады

Фото: Іnstagram.com/aisulu_zein

Қызылордалық Айсұлу Қыстаубаева өзінің тоқал екенін жасырмайды. Бірінші некесінде қысым мен зорлық-зомбылық көрген ол екінші күйеуін тағдырдың сыйы деп санайды. Күйеуімен заңды некеге тұрмаса да, қазір ортақ некеден бір қыз тәрбилеп отыр. Aйсұлу Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында күйеуінің бірінші әйелімен ара қатынасы туралы айтып берді. 

“Қашан абайсызда өлтіріп қояды екен” деген қорқынышпен өмір сүрдім”

Бірінші күйеуімен заңды некеде болған Айсұлу Қыстаубаева отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған. 2006 жылы күйеуі Айсұлуды қатты соққыға жығып, кейіпкеріміз өлім аузынан қалған. Сөйтіп ол күнделікті қорқынышпен, үреймен өмір сүре алмайтынын түсінген.

“Ажырасу — бұл кішкентай өлім сияқты. Сол кезде мен ауыр кезеңді бастан өткердім. Бірінші күйеуіммен некеде болғанда қысым мен зорлық-зомбылықтан көз ашпадым. Сол кезде енем маған “Шыда, біз де таяқ жедік, бәріне шыдадық” дейтін. Бірақ мен не себепті бәріне төзіп, “қашан абайсызда өлтіріп қояды екен” деген қорқынышпен өмір сүруім керегін түсінбедім. Өмірімнің қиын кезеңінде осы адамды кездестірдім. Ол мені әрдайым қолдау көрсетті. Сөйтіп біз кездесіп, сөйлесіп жүрдік. Бұл ғашықтық емес, бұл менің қауіпсіздікте екенімді сездірген шынайы махаббат еді”, – дейді Айсұлу өмірінің өзгерген кезеңін еске алып.

Кейіпкеріміздің алғашқы күйеуінен екі ұлы бар. Бір баласы сал ауруымен ауырады, мүгедектігі бар. Ал екінші күйеуімен бір қыз тәрбиелеп отыр.

“Қазіргі күйеуіммен жұмыс бабымен таныстым. Бастапқыда ол сұсты, өзіне сенімді, харизмасы мықты адам болып көрінді. Жанарында от, көзқарасында күш бар еді. Бірақ уақыт өте келе мен оның мейірімді, қамқор, нәзік әрі сүйіспеншілігі мол адам екенін байқадым. Басында біз қарым-қатынасымызды үш жылдай жасырып жүрдік. Себебі жұрттың сөз ететінін, сөгетінін түсіндік. Бірақ менің туыстарым білгенде “Сен — ересек адамсың, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін өзің шеш” деп айтты”, – дейді Айсұлу.

Айсұлу Қыстаубаева өзін тоқалмын деп жариялады (1)

Фото: Іnstagram.com/aisulu_zein

Оның айтуынша, өзі де еркек пен әйелдің мұндай қарым-қатынасын қолдамайтындардың қатарында болған. Бірақ “басқа түссе баспақшыл” дейді.

“Өмірде ешкім ештеңеден сақтандырылмаған. “Ат баспаймын деген жерін үш басады” деген бар. Болашақта не боларын білмейміз. Бірақ бізді біріктірген үлкен махаббат осының бәрін жеңуге көмектесті. Бұл менің тағдырым екенін түсіндім. Қабылдадым. Иә, оңай болмады, бірақ бұл — шындық. Бұдан қашып құтылмайсың, тек қабылдауға тура келеді”, – деп ағынан жарылды кейіпкеріміз.

“Тек шариғат бойынша некелестік”

Айсұлу екінші күйеуімен заңды некеге отырмаған.

“Біз заңды түрде неке қимадық, тек шариғат бойынша некеге отырдық. Қарым-қатынасымыз туралы жасырмай айтып жүргенімізге 15 жылдан асты. Біздің қарым-қатынасымыз әу бастан ешқандай шартсыз құрылды. Абьюз, қысым мен қорлықты көрген адам үшін ең маңыздысы — өзін қауіпсіз сезінуі. Ал материалдық жағдай, ақша, мұрагерлік деген екінші орында. Аллаға шүкір, мүгедек емеспін, өзім ақша тауып, жылжымайтын мүлік пен басқа да қажетімді өзім-ақ аламын. Оның мойнында отырмадым, әрдайым жұмыс істедім. Екі ұлыма жақсы білім бердім, олар еш нәрседен тарықпау үшін ең жақсыны аузына тостым. Ал қызымды күйеуім толықтай өзі қамтамасыз етеді, бұл — күйеуімнің жауапкершілігінде”, – дейді Айсұлу. 

Ол “әйел тек ақша үшін екінші әйел болуға келіседі” деген таптаурынмен келіспейді. Ақша мен байлықтан бөлек махаббат, сыйластық, жауапкершілік деген дүниелердің әлдеқайда маңызды екенін айтады.

Айсұлу әлеуметтік желідегі парақшасында өзінің тоқал екенін айтып, жазба жариялаған еді.

“Тоқалды көңілдеспен шатастырмауды сұраймын. Иә, мүмкін, бір кездері көңілдес болған шығармын. Бірақ 20 жыл көңілдес болу, ақылға сыймайтын дүние. Қарапайым бір үйдің отанасымын. Әйелдің міндетін атқарамын, үй шаруасымен айналысамын, Күйеуімнің мойнында отырған емеспін, отырмаймын да, өзім жұмыс істеймін. 20 жыл ішінде екеуіміз көп жағдайды бірге бастан өткердік. Сүріндік те, қуандық та. Қызымыз дүниеге келді. Бірақ ешқашан бір-бірімізді кінәлаған емеспіз. Біз жай ғана бір-бірімізді жақсы көреміз”,  – деп жазды ол.

“Бірінші әйелімен ұрыс-керіс, тіпті төбелес те болды”

Осы тұста “Бірінші әйелі қалай келісті, ол қайда” деген заңды сауал туады. Айсұлу күйеуінің бірінші жарын әйел ретінде ерекше сыйлайтынын жеткізді.

“Оның бірінші әйелімен арақатынасымыз бейтарап. Мен оны әйел ретінде сыйлаймын, ол — мықты адам. Иә, бастапқыда келіспеушіліктер, ұрыс-керіс, тіпті төбелес те болды. Бірақ күйеуім екеуміз бұл жағдайды қабылдап, бәрін орнына қойдық. Сондықтан мен тек мықты еркек қана екінші, тіпті үшінші әйел ала алады деп ойлаймын. Бұл — кез келген ер адамның қолынан келе бермейді. Біз бөлек тұрамыз, бірақ ол екі үйде де өмір сүреді”, – дейді кейіпкеріміз.

“Жауапкершілігі бар, сенімді еркекке неге екінші, үшінші әйел алмасқа?!”

Оның айтуынша, бірнеше әйел алудың артықшылықтары көп. Десе де екі немесе үш әйел алу көп  еркектің қолынан келмейтінін айтты.

“Әр адам өзінің екінші болатынын немесе болмайтынын өз шешеді. Егер ер адам мықты, жауапкершілігі мол, өзіне сенімді, материалдық жағдайы жақсы болса, неге екінші әйел алмасқа? Мұндай ер адам екінші, тіпті үшінші әйел алуға лайық. Бұрын қазақтарда бірнеше әйел алған. Бұл — демографияны көтерудің жолы. Мен көп әйел алуды насихаттамаймын, бірақ ондай ер адамдар бар. Бұл жезөкшелерге барып, олары күнде ауыстырып отырғаннан әлдеқайда дұрыс. Мен ешкімге “екінші бол” деп кеңес бермеймін. Егер заңды некеңіз болса, оны сақтап қалуға тырысыңыз. Бірақ өзіңізге зиян келтірмеңіз. Өзіңізге өзіңіз қамқор болмасаңыз, ешкім сізді қорғамайды. “Екінші неке де бұзылмайды” дегенге еш кепіл жоқ. Неке — сыйластық пен сүйіспеншілікке негізделеді. Егер сыйластық жоқ болса — ол некенің болашағы жоқ”, – дейді Айсұлу Қыстаубаева.

Бірінші некесінде “аузы күйген” оның екінші әйел болу туралы ұсынысты қабылдау қиынға соққан. Бірақ оның да қайыры болды дейді. 

“Мейлі, бірінші бол, екінші бол оның еш кемшілігі, не артықшылығы жоқ. Ең бастысы — сіздің қасыңызда сізді қорғай алатын ер азамат болса болғаны. Қиындықтар болған, әлі де бола береді. Екінші әйел болуға келіскен бірінші не жалғыз әйел емеспін. Иә, мұндай шешім қабылдау ауыр болды. Бірақ оның жақсы жағы да бар, себебі сол сәтте өз эгоммен күрестім”, – дейді келіншек.

Айсұлу Қыстаубаева өзін тоқалмын деп жариялады

Фото: Іnstagram.com/aisulu_zein

“Жылылықты таппаса екіншіні, үшіншіні, тіпті төртіншіні де іздей бастайды”

Айсұлу қазір адал жар, үш баланың анасы. 

“Күйеуім неке қидырған соң кездесіп жүргендегідей емес, өзгерді. Жауапкершілігі артты, отбасыға, үй шаруасына көбірек араласа бастады. Балаларға деген көзқарасы да өзгерді, олардың тәрбиесіне белсенді араласады. Қазір бізде бәрі ортақ, “менікі, сенікі” деп санаспаймыз”, – дейді ол.

Кейіпкеріміз ер адамның қай кезде бөтен әйелден жылулық іздейтінін айтты. Сол үшін ер адамның сезімдерімен санасу керек дейді ол.

“Менің айтар, кеңесім — қанша жерден теріс пікірлер болса да, өз болмысыңыздан айырылмаңыз. Ер адамға да өз болмысында қалуға, сақтауға мүмкіндік беріңіз. “Мен бірінші болуым керек” деп тыраштанудың қажеті жоқ. Біз еркектерді кішкентай кезінен “ол міндетті, асырау керек, лайық болу керек” деп тәрбиелейміз. Бірақ олардың да күлуге, жеңіл өмір сүруге, өз қалауы мен сезімімен өмір сүруге құқығы бар. Оларға өз қалпында болуға мүмкіндік беріңіз, әрдайым мінсіз болуы шарт емес. Еркектер отбасында тыныштық пен үйлесімділік болғанын қалайды. Оларға әйелінің, өзінің жанында қалай сезінетіні маңызды. Егер олар бұл жылылықты таппаса екіншіні, үшіншіні, тіпті төртіншіні де іздей бастайды”, – дейді Айсұлу. 

STAN.KZ
Сәрсенбі, 06 Тамыз, 2025 19:16
Талқылау
`