Нұрай Серікбайды айуандықпен өлтірді деген күдікті психикалық ауруханаға жатқызылды

Фото: Ішкі істер министрлігі
Шымкентте 21 жастағы студент Нұрай Серікбайдың өліміне күдікті психикалық орталыққа ауыстырылған. Марқұмның туыстары шешімге күмән келтіріп, күдіктінің “жынды” деп танылуы жазадан құтылудың амалы болуы мүмкін екенін айтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Нұрай Серікбайды айуандықпен өлтірді деген күдікті психикалық орталыққа жатқызылды. Бұл туралы марқұмның жақындары мәлімдеді. Олар сап-сау адамның аяқ асты жынды болып қалуы жазадан сытылып кетудің амалы деп топшылайды.
Марқұм Нұрайдың ағасы Сұлтан Серікбай медициналық анықтама берген дәрігерлерді тексеру керек деп талап етті.
"Біріншісі Шымкентте қаралған еді. Сондағы анықтамада психикалық ауытқуы байқалған деп жазып берген. Біз оған сенбей, Алматыға сараптама талап еттік, ол жаққа барды күдікті, ол жақта да осындай анықтама берді. Енді бұл жерде симуляцияның максималды белгілері көрініп тұр. Өйткені қылмыскер кәдімгі ортада өмір сүріп жүрген адам, кәдімгі сау адам. Естігенім бойынша қазір қылмыскер Шымкент қаласында емес. Ол Талғардағы психикалық емдеу орталығында", – деді Сұлтан Серікбай.
Бұдан бөлек ағасы қоғамда резонанс тудырған бұл істің барысы көпшілікті алаңдатып отырғанын және көп адам тергеудің қалай жүріп жатқанын сұрайтынын атап өтті.
“Бірақ сол кезде не айтарымды білмеймін. Себебі ойлағандай ол уақытша тергеу изоляторында емес, псикалық орталықта ем қабылдап жатыр екен. Өтірік симуляцияның максималды белгісін қолданып, жазадан қашып кету факторына әкеп соқты. Соған байланысты бүкіл халыққа үндеу жасап отырмыз.Қазір біздің отбасындағы күйді айтып жеткізе алмаймыз. Нұрай әлі күнге дейін біздің жанымызда жүргендей көрінеді. Әке-шешем қатты қиналып жатыр. Біздің тек сұрайтынымыз істің әділ тергеліп, тиісті деңгейде қатаң жаза алғанын қалаймыз. Істің онлайн форматта өткенін және ұзақ созбақтамауын сұраймыз. Алайда жігіттің ата-анасы балаларын ақтап алуға барын салып жатыр. Бәрін түсініп отырмын. Маған қауіп төнуі мүмкін екенінде түсініп отырмын. Алайда қанша әрекет жасасақ та бәрі кері кетіп жатыр. Күдікінің отбасы өте ауқатты. Бірнеше дүкені, кәсібі бар. Ендігі үмітіміз ақпарат көздерінің және халықтың көмегімен істің дұрыс қаралғанын қараймыз. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, бұл іс трагедия”, – дейді марқұмның ағасы Сұлтан Серікбай.
Шымкент полициясы күдіктіге қатысты тергеу адам өлтіру, некеге тұруға мәжбүрлеу және сталкинг бойынша жалғасып жатқанын мәлімдеді.
“Тергеу барысы бақылауда. Екі рет жүргізілген сот-психиатриялық сараптаманың қорытындысы бойынша күдіктіден психикалық бұзылыстар анықталып, осыған байланысты ол мамандандырылған мекемеге мәжбүрлі емдеуге жіберілді. Емдеу аяқталғаннан кейін күдікті тергеу әрекеттерін жалғастыру үшін қайтадан тергеу изоляторына қамалады. Тергеушілер жәбірленуші тараппен тұрақты байланыста. Үздіксіз байланыс қамтамасыз етіліп, қабылданған процессуалдық шешімдер бойынша түсіндірмелер берілуде, заңда белгіленген тәртіппен тергеу барысы туралы ақпарат жеткізілуде, сараптама қорытындылары мен іс материалдары түсіндірілуде. Азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырамыз. Көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік көзделген”, –делінген полиция хабарламасында
- 21 жастағы Нұрай өлімі бойынша айып күшейтілді: Күдікті өмір бойына сотталуы мүмкін
-
Қарағандыда әйел мен оның қызын өлтірді деген ер адамның денесі табылды
Еске салайық, қаңтар айында Шымкентте 21 жастағы студентті жас жігіт асқан қатігездікпен пышақтап өлтірген еді. Нұрай Серікбай оқиға орнында тіл тартпай кетті. Күдікті көзі тірісінде қыздың қыр соңынан қалмай, тіпті алып қашқаны да анықталған. Полиция адам өлтіру мен сталкинг баптары бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр. Алайда араға үш ай салып 28 жастағы жігіттің уақытша ұстау изоляторынан Талғардағы психикалық орталыққа ауыстырылғанын марқұмның туыстары түсінбей отыр.