Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақстандағы АЭС құрылысына басты үміткер компания": "Росатом" Түркияда әлемдегі ең үлкен атом электр станциясын қалай салып жатыр?

Қазақстанда ұзақ жылғы келісім мен талдаудан кейін атом электр станциясы салынатын болды. Бұған дейін АЭС бой көтеретін орын болып Алматы облысының Үлкен ауданы таңдалып алынғаны белгілі болған. Ал 30 маусым күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үлкен құрылысты бастамас бұрын, Түркияның тәжірибесін мұқият зерттеу қажеттігін айтқан. Сондай-ақ ресейлік “Росатом” корпорациясы Қазақстандағы АЭС құрылысына басты үміткерлердің бірі екені айтылып келген. "Аккую" атом электр станциясы – Түркия мен Ресейдің ортақ келісімінің нәтижесінде салынып жатқан әлемдегі ең үлкен станция. Stan.kz тілшісі АЭС құрылысының барысымен, жергілікті ауыл-аймақтың тұрмысы және халқымен танысу үшін, түрік еліне арнайы барды.

АЭС Аккую 1

Түркия мен Ресейдің ұзақ жылғы келісімі: "Аккую" құрылысы туралы

"Аккую" атом электр станциясының құрылысын 2010 жылғы 12 мамырда Ресей Федерациясы мен Түркия Республикасының  арасында қол қойылған үкіметаралық келісім негізінде "Росатом" атом энергиясы жөніндегі Ресей мемлекеттік корпорациясы жүргізіп жатыр.

"Аккую" АЭС-і әрқайсысының қуаты 1200 МВт, II+ буынды ВВЭР-1200 болатын реакторлары бар төрт энергетикалық блоктан тұрады. Станция 60 жыл қызмет етеді деп жоспарлануда, сондай-ақ тағы 20 жылға ұзарту мүмкіндігі қарастырылған.

Қазіргі уақытта АЭС-тің төрт блогы да бір сәтте салынып жатыр.

Пайдалануға берілген күннен бастап АЭС жылына шамамен сағатына шаққанда 35 млрд кВт өндіреді. Баса айта кетерлігі, АЭС Түркия электр энергия қажеттілігінің 10% өтейді.

Жоба ВОО – build-own-operate немесе "іргетасын қала-иелік ет-пайдалан" бағдарламасы бойынша жүзеге асырылады. АЭС-тің мажоритарлық акционері ресейлік "Росатом" мемлекеттік корпорациясы. Яғни, "Росатом" атом электр станциясын жобалау, салу, оған қызмет көрсету, пайдалану және пайдаланудан шығару секілді міндеттемелерді өз мойнына алады. Ал құрылысқа 20 млрд доллар бөлінген. 

Екі ел тараптарының қол қойылған құжаттарына сәйкес АЭС-тің алғашқы блогын тапсыру тиісті лизенциялық құжаттарды алғаннан кейін 7 жылдан кешіктірілмеуі тиіс. Жоба жетекшілері АЭС-тің бірінші блогының құрылысын 2023 жылға дейін аяқтау үшін қызу жұмысқа кіріскен. Ал екінші блокты – 2024 жылы, үшіншісін – 2025 жылы және төртінші блокты – 2026 жылы іске қосу жоспарлануда.

"Аккую Нуклеар" басшысының құрылыс жөніндегі орынбасары Дмитрий Романец 2023 жылы Түркияның жүз жылдығы болғандықтан, осы уақытқа дейін бірінші блокты пайдалануға беруге тырысатынын айтады. Сөзінше, бұл ретте барлық қауіпсіздік нормаларына басымдық сол қалпында қала береді.

Дмитрий романец Аккую

Құрылысы барысын түсіндіріп тұрған Дмитрий Романец / Фото Stan.kz



“Түркияның ауылшаруашылық экспортының жартысын құрайтын өңір”: АЭС орналасқан аймақ пен халқы туралы

"Аккую" АЭС-і Жерорта теңізінің бойындағы Мерсин провинциясының Гүлнәр ауданында орналасқан. Аймақ халқының саны 2 миллион адамды құрайды, оның 1,2 миллионы Мерсин қаласында тұрады. Аймақтың негізгі тіршілік көзі: ауыл шаруашылығы және шағын бизнес. Мерсинде цемент, тыңайтқыш, шыны, тұрмыстық химия секілді өндіріс түрлері дамыған. Сонымен қатар, Мерсин қаласы Жерорта теңізінің жағалауында орналасқан Түркияның ең үлкен порты саналады, оның 45 айлағы бар.

Аймақтың климаттық жағдайы түрлі көкөністерді оның ішінде, жаңғақтарды, түрлі жемістерді, банан мен цитрустарды өсіруге мүмкіндік береді. Бұл аймақтың табысы Түркияның ауылшаруашылық экспортының жартысын құрайды.

АЭС Аккую 2

Мерсин ауданындағы банан плантациясы / Фото Stan.kz

Соңғы уақытта шетелдік азаматтардың Мерсин ауданынан жылжымайтын мүлікке деген сұранысы күрт артқан. АЭС құрылысы басталған жылдан бері жылжымайтын мүліктің бағасы 3 есеге өскен.

Ал Гүлнәр ауданында 50 000 адам тұрады, оның ішінде 25 000 адам аудан орталығы саналатын Гүлнәр қаласында тұрады. Аудан ландшафтының 80 пайызы жартасты таулар мен таулы ормандардан тұрады. Жергілікті халықтың негізгі күнкөрісі ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы мен шағын бизнес.

Тұрғындардың басым көпшілігі аймақта салынып жатқан АЭС құрылысына оң көзқарасын білдіреді. Құрылыс жергілікті халыққа жаңа жұмыс орындарын да ашып берген.

"Аккуюға" жұмысқа орналасу үшін орыс тілін үйреніп жүрмін. Қазір тіл курсына қатысамын. Тілді тезірек меңгерсем, тезірек жұмысқа тұрамын. АЭС құрылысының арқасында тұрғындардың көпшілігіне жаңа жұмыс орындары ашылды. Бұл үлкен мүмкіндік", - дейді жергілікті тұрғын.

“Жұмысшылардың 80 пайызы Түркия азаматтары”: АЭС қызметкерлері мен олардың отбасы

Бүгінгі таңда АЭС құрылыс алаңында 20 мыңнан астам адам жұмыс істейді, оның 80%-ға жуығы Түркия азаматтары. "Аккую" жобасының қолға алынуы мен онымен байланысты секторларда жұмыс орындарын құру облыс халқының 30 мың адамға дейін өсуіне және сәйкесінше тауарлар мен қызметтер нарығын, көлік және тұрғын үй инфрақұрылымын, қонақ үй шаруашылығын дамытуға жағдай жасап отыр.

Сонымен қоса жоба бойынша барлық жұмыстар Түркияның Энергетика және және табиғи ресурстар министрлігімен, Ядролық реттеу агенттігімен (NDK), Энергетика, атом энергиясы және тау-кен ісін зерттеу агенттігі секілді басқа да жауапты ведомстволарымен тығыз ынтымақтастықта жүргізіліп жатыр.

Станциядағы құрылыс жұмыстары тәулік бойы тоқтамастан, үздіксіз жүріп келеді. Жұмыстың бір сәтке саябырсып қалмауы үшін жұмысшыларға барлық жағдай жасалған.

АЭС Аккую 3

Гүлнәр провинциясындағы құрылыс нысандары / “Аккую Нуклеар” байланыс қызметі ұсынған сурет

Тіпті кейбір жұмысшылардың құрылыс аумағында намаз оқып, қайта жұмысына кірісіп жатқанына куә болуға болады.



Жұмысшылардың балалары құрылыс алаңына да жиі барып тұратын көрінеді.

"Кез келген бала үшін әлемдегі ең үлкен кранның рөлінде отыру – үлкен сезім сыйлайды. Ал экскурсия соңына таяғанда, біз олардың қолына бояу беріп, құрылыс алаңында көргендерін өз қиялдарымен салу үшін мүмкіндік береміз. Қызықты сұрақтар қойып, белсенді болған балаларға "Мен әкем мен анамның жұмысында болдым" деген жазуы бар төсбелгілер тарту етеміз", - дейді "Аккую" бас директорының баспасөз хатшысы Василий Корельский.

2019 жылдың қазан айында Силифке қаласында "Аккую" АЭС жобасы қызметкерлерінің балалары үшін орыс мектебі ашылған. Бұл Мерсин провинциясындағы барлық пәндер орыс тілінде және орыс тілінің білім беру бағдарламасы бойынша оқытылатын жалғыз оқу орны.

2021-2022 оқу жылының бағдарламасы бойынша мектепте 695 шәкірт білім алған. Ал мектепке дейін даярлық бағдарламасы 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға арналған.

АЭС аумағындағы экология мен қауіпсіздік қай деңгейде?

"Аккую" АЭС-і қоршаған ортаға, ауыл шаруашылығы мен өңірдің экожүйесіне кері әсерін тигізбейді. Топыраққа, атмосфераға және теңізге зиянды өнімдер бөлінбейді. Ал теңізден алынып, салқындату жүйесінде пайдаланылып, содан кейін қайта теңізге қайтарылатын су физикалық, химиялық немесе радиациялық әсерге ұшырамайды.

Дмитрий Ромвнецтің сөзінше, атом электр энергиясын өндірудің тағы бір артықшылығы – онда парниктік газдар (сіңімділігі жоғары газдар) шығындыларының болмауында.

"Аккую АЭС-ін іске қосу арқылы көмір мен газ негізіндегі электр энергиясын өндіруді алмастыра отырып, атмосфераға бөлінетін көмірқышқыл газының жалпы көлемін орта есеппен жылына 17 миллион тоннаға азайтуға мүмкіндік аламыз", - дейді ол.

"Аккую" АЭС-і 10 метрлік цунами мен 9 баллдық жер сілкінісіне төтеп бере алады. Алайда бұл аймақ сейсмикалық жағынан қауіпсіз саналады.

АЭС Аккую 4

Электр жүйелері / Фото Stan.kz

Василий Корельский болашақта АЭС аумағының барлығы жасыл желекке бөленіп, демалыс орындары мен парктер салынатынын айтты. Мұндай шешімді "Аккую Нуклеар" бас директоры Анастасия Зотеева қабылдаған.
Сондай-ақ, Түркияның қоршаған ортаны қорғау күні станция қызметкерлері кесілген ағаштардың орнын толтыру үшін ағаш отырғызады. Осылайша қызметкерлер жергілікті экологияға өз үлестерін қосуды ойлайды.

Ресейге салынған санкциялар АЭС құрылысына қалай әсер етеді?

АЭС құрылысына қажетті құрылғылардың басым көпшілігі Ресей зауыттарында құрастырылатынын айтқан Дмитрий Романец санкцияның салқыны “Аккуюға” жетпейтінін айтады.

“Шетелдік серіктестермен жасалған келісімді санкция бұза алмайды. Барлығы кесте бойынша белгіленген жерге белгіленген уақытта келеді”, – деп қосты Романец.

“Аккую” сонымен қоса жергілікті түрік компанияларымен және жеткізушілерімен серіктестік орнатқан. Олардың қатарында Ictas Endüstriyel компаниясы бар. Кәсіпорынның 1850 қызметкері бар. Ictas Endüstriyel халықаралық стандарттарға сәйкес арматураларды кесумен айналысады, сонымен қоса якорь бекіткіштері мен кіріктірілген бөлшектерді, тегіс және кеңістіктік рамаларды, арматураланған блоктар шығарады.

"Жобаны іске асыру барысындағы жұмысшылардың 87%-ы түрік азаматтары, барлығы 375 қызметкер өндірісті басқаруға тартылған және оның 218-і түрік қызметкері. Ictas Endüstriyel құрылғалы бері айына 6000 бірлік өнім шығарады. Компания Түркия бойынша 500-ден астам жергілікті қосалқы мердігерлермен серіктестік орнатқан. Кәсіпорын түрік жеткізушілерінен сатып алынған 60 000 тонна арматура мен 20 000 тонна болат материалдарын жеткізеді", - дейді компанияның техникалық кеңсесінің менеджері Реждеп Аджер.

"АЭС құрылысында тәжірибе алмасып, оны өз отанымызда пайдаланамыз": "Аккуюда" жұмыс істеп жүрген қазақтар

Бақытжан Ермағамбет мен Назугум Хамражановна Түркиядағы ең үлкен АЭС құрылысына өз үлестерін қосып жүрген қазақстандықтардың бірі. Бақытжан бетон жөніндегі инженер-технолог болса, ал Назугум құрылысты бақылау бөлімінің атқарушы құжаттама тобының басшысы болып қызмет етеді. Екеуі де “Аккую” алаңына кездейсоқ келсе де, жүректірінің түкпірінде осындай үлкен құрылыс алаңына бару туралы армандарының болғанын айтады.

Бақытжан оқуды бітіріп Қазақстанда жұмыс істеп жүрген уақытта ғаламтордағы жұмыс іздеу сайттарының бірінен “Аккуюдағы” бос орындарды көзі шалып қалады.



“Менің негізгі мамандығым инженер-құрылысшы. Оқуды бітіргеннен кейін Қазақстанда өз мамандығыммен екі жыл жұмыс істедім. Бірақ әрқашан осындай үлкен құрылыс алаңына тап болу арманым еді. Және ғаламтордың арқасында осы жұмыс орнын таптым. Содан кейін менімен бірнеше күннен кейін компания өкілдері хабарласып, әңгімелесуге шақырды”, – дейді Бақытжан Ермағамбет.

АЭС Аккую 5

Бақытжан Ермағамбет пен Назугум Искакова / “Аккую Нуклеар” байланыс қызметі ұсынған сурет

Назугум Хамражановна жұмыс бойынша кезекті іс-сапары барысында “Аккую” алаңына шақырту алғанын айтады. Сөзінше, ұсынысты қабылдамас бұрын ұзақ ой елегінен өткізген ол, шақыртуды қабыл алған.

“Бірінші уақытта АЭС туралы ақпараттар іздеп, көп оқуға тырыстым. Нәтижесінде мұндай келісімді қабылдауға шешім қабылдадым, себебі бұл не дегенмен де үлкен құрылыс, Түркия тарихындағы ең алапат станцияның құрылысы. Қазір атқарып жатқан жұмысым сызба жұмыстары. Яғни, жасалып жатқан құрылыстың барлығын қағаз бетіне түсіреміз”, – деп жалғады Назугум.

Қазақстандықтар АЭС алаңына жақын аймақта тұрады. Айтуларынша, барлық шығынды “Аккую” өз қалтасынан төлейді. Сонымен қоса олар қызу жұмыстан тыс уақыттарын қызықты өткізетіндерін де жеткізді.

“Түркияның әрбір жері тарихқа толы. Әсіресе жаз мезгілінде өте қызықты әрі әдемі. Бұл жер өте қызықты. Демалыс күндері баруға болатын тарихи жерлер бар. Ал мейрам күндері алыс өңірлерге барып, танысып қайтуға болады. Бұл тұрғыдан алғанда Түркия Қазақстан секілді үлкен емес, сондықтан қашықтық аса ұзақ емес”, – дейді Назугум Хамражановна.

Қазақстандықтар бұл жердегі алатын жалақыларының да көңіл көншітетінін айтады. Сондай-ақ қазақ пен түрік халықтары жақын болғандықтан, қазақстандықтардың жергілікті ортаға үйренісіп кетуі де оңай болады. Осы себепті АЭС құрылысы барысында болу қазақстандықтар үшін үлкен тәжірибе болатыны сөзсіз.

“Өздеріңіз білетіндей, АЭС құрылысы тез біте салатын шаруа емес. Сондықтан осы жұмыстар аяқталғанға дейін тәжірибе алмасып, кейін оны өз отанымызда пайдалану үшін керемет мүмкіндік туып тұр”, – дейді Назугум Хамражановна.

“Жобаның біздің азаматтарға пайда әкелетіні сөзсіз”: Түркия билігінің АЭС құрылысына көзқарасы қандай?

Силифке – "Аккую" АЭС құрылыс алаңына ең жақын қала. Ол Жерорта теңізінің жағалауындағы Мерсин қаласынан 85 км қашықтықта орналасқан.
Қала әкімі Садық Алтуноктың айтуынша, АЭС құрылысы басталғалы бері, қалада тұрғын үй құрылысының қарқыны қатты байқалған.



"Аккую" жобасының тек аймақтық ғана емес, бүкіл ел аумағында өте маңызды масштабқа ие екенін жақсы түсінеміз. Соңғы екі-үш жылда қалада тұрғын үй құрылысының қарқыны қатты байқалады. Алайда тұрғын үй жетіспеушілігін жасыра алмаймыз. Біз осы тұрғыда жұмыс жасап жатырмыз. Менің ойымша, екі-үш жыл ішінде біз жергілікті халықты да, келуші мамандарды да тұрғын үймен толық қамтамасыз етеміз", - деді Садық Алтунок.

АЭС Аккую 6Силифке қаласының әкімі Садық Алтунок / Фото Stan.kz

Қала басшысының сөзінше, тұрғын үйлер мен қонақ үйлерге қатысты мәселелер жақын арада шешілетінін айтады.

"Ташуджу мен Барсак ауылдарының аймағы туристік аймақ деп танылды. Жақын арада ол аумақтарды бірнеше көпқабатты тұрғын үйлер бой көтеретін болады. Нәтижесінде тұрғын үй мәселесі шешімін табады", - деп қосты Садық Алтунок.

Сонымен қатар дәл қазіргі уақытта Силифкені Мут қаласымен жалғайтын жер асты туннелі салынып жатыр. Әкім бұл жолдың ұзақ қашықтықты қысқартатын мүмкіндік болатынын жеткізді.

"Мен бұл жолдың қашықтығы өте ұзақ болады деп айта алмаймын. Алайда Силифкеден Мут қаласына дейінгі жол екі есе қысқаратын болады. Бұдан бөлек Мерсиннен Силифкеге дейінгі жол құрылысы аяқталған соң, Мерсинге дейінгі жол ұзақтығы жарты сағатқа дейін қысқарады. Демек бұл қазіргі уақытпен салыстырғанда 50%-дан да көп. Біздің мемлекетіміз қолға алып жатқан жоба жақын арада межесіне жетіп, еліміздің де жергілікті азаматтардың да өмір сүру деңгейін арттырып, пайдасын әкеледі деп сенеміз", - деп түйіндеді Силифке қаласының әкімі Садық Алтунок.

Талқылау