Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ресейлік танымал шоумен Шерлок Холмстың үйі Назарбаев әулетіне тиесілі екенін әжуалады

Белгілі ресейлік шоумен және тележүргізуші Иван Ургант "Вечерний Ургант" бағдарламасында тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасын әжуалады. Ол Лондондағы Шерлок Холмстың үйі Назарбаев әулетіне тиесілі екенін мазақ етті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі NewTimes.kz басылымына сілтеп.

Лондондағы Бейкер көшесінде орналасқан үйдің Назарбаевтің қызы мен немересіне тиесілі екендігі белгілі болды. Пәтердің жалпы құны шамамен 140 млн фунт стерлингті (79,3 млрд теңге) құрайды. 

Иван Ургант бұл жаңалықты өзінің шоуында әзілге айналдырып хабарлады. Шоу көрермендері мұндай ақпаратқа таңғалғанын жасырмады. 

"Бұл нені білдіреді? Саша Барон Коэн "Борат - 3" фильмін Лондонда түсіре алатын болды деген сөз", - дейді тележүргізуші.

Кейін шоумен көп ұзамай Шерлок Холмс туралы сериалдың жалғасы экранға шығатынын және оның "постерін" көрсетті. Онда  британдық актер Бенедикт Камбербэтч қазақы шапан киіп тұр.

Одан кейін Иван Ургант осы үйдің Назарбаев отбасына тиесілі екенін БАҚ қайдан білді деген сұрақ қойды.

"Журналистер есікке жақындап, қоңырауды шерткенде: "Нұрсұлтан-тадан-тан-тан" (әйгілі детектив туралы сериялындағы музыка - ред.)", - деп жауап берді ол жоғарыдағы сұрағына.

Соңында, тележүргізуші Шерлок Холмстың үйі Назарбаев отбасына тиесілі болса, демек, Қазақстандағы Назарбаев үйі қай отбасыға тиесілі? деген сұраққа: 

"Ол да Назарбаевтің отбасына тиесілі. Осымен іс бітті", - деді ол.

Еске салсақ, әйгілі Шерлок Холмстың Лондондағы үйі Назарбаевтар әулетіне тиесілі екені белгілі болды.

STAN.KZ
Жұма, 13 Қараша, 2020 17:33
Талқылау