"Батыс пен Қазақстанның арасын бұзады": Саясаттанушылар Қазақстанның БРИКС-ке серіктес ел атауына қатысты пікір білдірді
24 желтоқсанда сыртқы істер министрлігі Қазақстанның 2025 жылдан бастап БРИКС-ке серіктес мемлекет ретінде енетінін растады. Дегенмен саясаттанушы Дос Көшім БРИКС-тің пайдасын тек Ресей көреді деген пікірде. Stan.kz тілшісі саясаттанушылармен тілдесіп, БРИКС-ке серіктес ел атану Қазақстанға қалай әсер ететінін біліп көрді.
Фото: brics-russia2024.ru
Саясаттанушы Дос Көшім Қазақстанның БРИКС-ке серіктес ретінде қосылуы Батыс елдерінен алыстап, Ресейге жақындауы екенін білдіреді дейді.
"Серіктес атану да мемлекеттің бұл одаққа қосылғанын білдіреді. Әрине, толық мүшесі атанған жоқ. Дегенмен айналып келіп, БРИКС-тің қатарынан табылды. Бұл Қазақстанға ештеңе бермейді. Ресеймен қарым-қатынасымыз онсыз да жақын. Меніңше, осы арқылы Батыс елдері мен Қазақстан арасындағы байланысқа сызат түсіреді. БРИКС – саяси бағытта жиналған топ, экономикалық мүддеге қарағанда, саяси тұрғыдан маңызы жоғары. Сондықтан осындай халықаралық ұйымда Қазақстанның бір жаққа шығуын алғаш көріп отырмын. Мұны көпвекторлы саясатқа жатқызуға болмайды. Осылайша мемлекеттің ұстанымын айқындай түсті", – дейді Дос Көшім.
Саясаттанушының сөзінше, Қазақстан БРИКС-ке серіктес ел ретінде қосылған соң, АҚШ сынды Батыс елдері санкция енгізуі екіталай.
"АҚШ-та әліптің артын бағады. Қазақстанға қысым көрсетсе, онда Ресей толығымен қолдауы керек. Батыс елдері бізбен байланысын үзбейді, қарым-қатынас сақталады. Оның үстіне БРИКС белгілі бір мақсаты мен міндеті айқындалған ұйым емес, тек клуб деп айтсақ болады. Мәселен, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы экономикалық байланысты көздеп отыр. Бірақ БРИКС-те ондай ештеңе жоқ. Кеңес үкіметі тараған соң әлемдебір полюс қана қалды. Бұған дейін Батыс пен Шығыс, капитализм мен социализм деп бөлінген еді. Қазір БРИКС арқылы екінші полюсті қолданып отыр деп ойлаймын. Оның үстіне мұндағы елдердің бірі Оңтүстік Америкада, екіншісі Таяу Шығыста, сондықтан экономикалық одақ деуге келмейді. Сондықтан мұны саяси ұйым деуге негіз бар. Бұл Қазақстанға ештеңе бермейді, тек Ресей саяси тұрғыдан ұтады", – деп қосты ол.
Дос Көшімнің сөзінше, БРИКС енді құрылғандықтан, мүше елдердің де, серіктес елдердің ешқандай міндеттемесі айқындалмаған. Осы себепті Қазақстанда да серіктес ретінде міндеттеме алмайтынын мәлімдеді.
“Пайдас болмаса, зияны жоқ”
Мәжіліс депутаты, саясаттанушы Айдос Сарым да БРИКС-ті одақ емес, елдер бас қосқан "клуб" деп атады.
"Қазақстан бірнеше ұйымның құрамында. Айналып келгенде, бұл біздің саяси және экономикалық тұрақтылығымыз үшін жасалып отыр. БРИКС-тің құрамында Қазақстанды қызықтырып отырған Қытай мен Ресей. Олармен басқа да ұйымдарда бармыз. Алайда Бразилия да, Оңтүстік Африка да біздің "керемет серіктесіміз" деп айту қиын. Мұның екінші жағы да бар, осы елдермен көршілес мемлекеттер бар. Сауда тұрғысынан бұл бізге оң әсер етпесе, зияны жоқ. Болашақта салық мөлшерлемесін азайту, қосалқы салықтардан босату сынды бизнеске оң әсерін тигізетін шешімдер қабылдануы әбден мүмкін", – дейді Айдос Сарым.
Депутат серіктес ел ретінде Қазақстан ешқандай міндеттеме алмайтынын айтады. Бұл "тек экономикалық тұрғыдан байланысты арттыратын клуб" дейді.
Еске салайық, БРИКС – Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай және Оңтүстік Африка елдерінің экономикалық және саяси одағы. Ол 2006 жылы Петербург экономикалық саммиті аясында құрылып, 2009 жылы алғаш саммитін өткізді.
Ал 24 желтоқсанда Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан ресми БРИКС серіктес мемлекет мәртебесін алатынын мәлімдеген. Оның сөзінше, Қазақстаннан бөлек Беларусь, Боливия, Индонезия, Куба, Малайзия, Таиланд, Уганда және Өзбекстан серіктес ел атануға дайын екенін растаған.