Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар арасында танымал бағыттарға тур бағасы қалай өзгерді

турлар

Фото: Pexels.com

2025 жылы Түркия, Мысыр, Мальдив араладары және Вьетнам елдері қазақстандықтар арасында сұранысқа ие. Алайда былтырмен салыстырғанда отандық туристер арасында танымал бағыттардың бағасы өскен. Stan.kz тілшісі қазақстандықтар арасында сұранысқа ие бағыттардың бағасы қаншалықты өскенін және не өзгергенін анықтады. 

Kompas Kazakhstan компаниясының дерегінше, отандандастарымыз саяхаттап, демалу үшін көбіне Мысыр, Таиланд, Түркия, Вьетнам, Мальдив аралдарын таңдайтын көрінеді. Десе де биыл аталған елдердің бағаларына байланысты сұраныс та өзгерген.

Түркия – әлі де сұранысқа ие. Бірақ бұл бағытқа бағалар 10–15%-ға өскендіктен туристердің қызығушылығы да біртіндеп төмендеп келеді. "Аll inclusive" форматына байланысты жазда Мысыр елінің танымалдығы артты. Мысырға да тур бағалары 5–10%-ға көтерілді. Биыл Вьетнамға сұраныс ерекше жоғары. Рейстер саны 3 есе артты. Бірақ биыл бағалар былтырмен салыстырғанда қолжетімді. Сонымен қатар туристер үшін жаңа аймақ — Дананг бағыты ашылды. Грузия мен Қырғызстанға баратын турлардың бағаларында айтарлықтай өзгеріс жоқ. Тек 5%-ға дейін өсім байқалады. Мальдив аралдары – туристер саны жыл сайын артып келеді. Десе де қонақ үй мен әуе билеттерінің бағалары тұрақты. 2025 жылдың қаңтарынан бастап курорттық алымдар өсті, атап айтқанда, гестхаустар үшін адам басына 1 542 – 3 085 теңгеге (3-тен 6 долларға), резорттар үшін 3 085 – 6 170 теңгеге (6-дан 12 долларға) дейін өсті. Ал шілде айынан бастап тауарлар мен қызметтерге салынатын салық (GST) 16%-дан 17%-ға көтеріледі. Дегенмен әртүрлі деңгейдегі (4-5 жұлдызды) курорттар мен қолжетімді гестхаустар санының артуы демалысты қолжетімді ете түсті. Таиланд – жаз мезгілінде тұрақты түрде сұранысқа ие. Бұл маусымда туристер саны қысқа қарағанда аз болғандықтан, жағажайлар анағұрлым тыныш әрі бос”, – дейді компания. 

Фото: Stan.kz

Ал “Fun&Sun Kazakhstan” туристік операторы аталған бағыттардан бөлек қазақстандықтар демалу үшін Біріккен Араб Әмірліктерін де жиі таңдайтынын айтады. 

Компания негізгі бағыттардың дәл қазіргі сәттегі бағаларын ұсынды. Stan.kz тілшісі “Fun&Sun Kazakhstan” туристік операторының аталған мемлекеттердегі турдың биылғы және былтырғы бағаларын шамамен салыстырып көрді. Сондай-ақ 2024 жыл мен 2025 жылды салыстырғанда, тур бағаларында, қонақ үй жұлдызында және күндерінде айырмашылық болуы мүмкін.

Фото: Stan.kz

Айта кетейік, көрсетілген 2025 жылғы тур бағалары екі адамға есептелген. Бұл сомаға әуе билеттерінің бағасы және таңғы ас қосылған 4 жұлдызды қонақүйде тұру кіреді. Сондай-ақ компания бұл бағалардың аз уақытта жылдам өсуі мүмкін екенін ескертті.

“Біз 2024 жылмен нақты салыстыру жүргізе алмаймыз. Себебі дәл осындай турларды салыстырмай, нақты баға айырмашылығын анықтау қиын. Турлар шарттарының кез келген айырмашылығы бағасына әсер етуі мүмкін. Өкінішке қарай, өткен жылдың нақты бағалары туралы ақпарат жоқ”, – деп жауап берді “Fun&Sun Kazakhstan”.

STAN.KZ
Жұма, 13 Маусым, 2025 18:58
Талқылау