Маңғыстауда тұрғындардың үйлерін, көшелерін қоңыз басты: Аумақтық инспекция жәндіктермен күресті халықтың өзіне қалдырды (видео)
Фото: Видео кадрларынан
Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында қара қоңыз қаптап, тұрғындар дабыл қақты. Айтуларынша, жәндіктер тіпті ғимараттар мен үйге кіре бастаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Редакциямызға Бейнеу ауданының тұрғыны шағымданып қоңыздардың тіпті адамдар су ішіп отырған құдыққа дейін кіріп кеткенін алға тартты.
Видео кадрларынан жұртшылықтың күнде қоңыздармен күресіп, үйлерін, аулаларын тазартқанымен келесі күні қайта толып келіп жатқаны көрсетілген.
Аймақтағы блогер Айдана Ақпатша барлық қала тұрғындарының видеоларын желіге салып әкімдікке шара қабылдауды талап етті.
“Не далаға шыға алмаймыз, не үйде отыра алмаймыз. Қазір бүкіл Бейнеуде осындай жағдай! Балалар қоңыздардан қорқып, айғайлап шыңғырып жүр. Оларды далаға шығарып, үйді тазартып, улап болып қайта кірсек, қоңыздар қайтып шығып жатыр. Білмеймін тіпті бұлар қайдан кіріп жатыр. Есік-терезенің бәрін жауып қойдық. Мүмкін емес енді!
Маған өзге тұрғындар да видеолар жіберіп жатыр. Екі айлық баланы шағып тастапты. Кішкентайлар шыңғырып қорқып жылап жатыр. Сонда біз енді осылай отыра береміз бе? Білмедім, қоңыздарға қарсы бір шара жасамай ма? Бір күн көшені улаймыз десе, үйден шықпай отырар едік. Бастысы мұны кетіру керек қой.
Болмайды мынау. Құлаққа, мұрынға, ауызға кіріп, бірге шай-тамақ ішіп отыратын сияқтымыз қоңыздармен! Адам аяғымен басып жүру мүмкін емес. Тіпті көлікпен шықсаң пытырлап өліп, асфальтта өріп жүреді”, – деді блогер.
Жағдайға байланысты Stan.kz тілшісі Маңғыстау Бейнеу аудандық аумақтық инспекциясынан пікір сұрады. Дегенмен инспекция қоңыздармен күресуді тұрғындардың өздеріне қалдырды.
“Қара қоңыздың ғылыми атауы – Tenebrionidae. Бұл тұқымдасқа 15 000-ға жуық түр жатады. Қара қоңыздардың адамға зияны жоқ, тікелей қауіп төндірмейді. Бірақ олардың жаппай таралуы эстетикалық және санитарлық тұрғыдан қолайсыздық туғызып, тұрғындар арасында алаңдаушылық тудырып отыр. Бұл – табиғи-климаттық жағдайлардың әсерінен туындап отырған құбылыс.
Бұл жөнінде тұрғындарға айтарымыз аудандағы фитосанитариялық жағдайды ҚР ауылшаруашылық министрлігі агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция (Фитосанитария) кадағалап бақылайды. ҚР өсімдіктерді қорғау заңына (14-5) сәйкес, жеке және заңды тұлғалар зиян организмдердің көп дамуы мен таралуына жол бермеу керек деген, яғни әркім өз аумағын таза ұстауға міндетті.
Ал енді ауыл тұрғындарына айтсақ заңда айтылғандай жекеменшік өз аулаларын, жер телімдерін таза ұстауы, зиян организмдердің көп дамуы мен таралуына жол бермеуі керек. Сол үшін әрбір жеке тұрғындар қара қоңызды өздері фитосанитариялық шараларды ұйымдастырып жоюы керек. Ол үшін дезинфекция жасайтын мекемелерге хабарласу керек”, – деді ведомство.

Маңғыстауда тұрғындардың үйлерін, көшелерін қоңыз басты: Аумақтық инспекция жәндіктермен күресті халықтың өзіне қалдырды (видео)
