Путин Украинамен соғысты аяқтау үшін өз шарттарын атады
Фото: ТАСС
Ресей президенті Владимир Путин Украинамен соғысты аяқтау үшін өз шарттарын атады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Путин Ресейдің 2024 жылдың жазында қойған шарттары әлі өзгеріссіз екенін мәлімдеді.
"Иә, шарттар сол күйінде қалды. Бұл тек шарттар емес, бұл – мақсаттар. Мен Ресейдің мақсаттарын тұжырымдап шықтым. Бұған дейін бізге: “Ресейдің нақты не қалайтыны түсініксіз” деп айтылып жүрді. Міне, біз оларды былтыр маусым айында Ресейдің сыртқы істер министрлігінің басшылығымен кездесуде нақты тұжырымдадық. Барлығы анық көрсетілген", – деді Путин.
Оның айтуынша, Украинадағы қақтығысты реттеудегі басты шарт – жанжалдың туындауына себеп болған мәселелерді түбегейлі жою.
Трамптың Ресейге соғысты тоқтату үшін берген уақыты қашан аяқталатыны белгілі болды
"Ең бастысы – осы дағдарысты тудырған себептерді түбегейлі жою. Бұл негізгі мәселе. Әрине, сонымен қатар гуманитарлық мәселелер, қауіпсіздік мәселелері, кең мағынада алғанда қауіпсіздікке қатысты барлық жайттар. Бұл – Ресейдің де, Украинаның да қауіпсіздігі", – деді РФ президенті.
Путин уақытша шешімдер емес, тұрақты әрі ұзақ мерзімді бейбітшілікке қол жеткізу қажет екенін ерекше атап өтті.
Айта кетейік, 2024 жылдың 14 маусымында Владимир Путин Украинамен бейбіт келіссөздерді бастау үшін өз шарттарын жариялады. Ең басты екі талап – Украинаның НАТО-ға кіруден бас тартуы және украин әскерінің Донецк, Луганск, Запорожье мен Херсон облыстарының аумақтарынан шығарылуы болды. Осылайша, Путин Запорожье, Херсон, Краматорск, Славянск және Покровск секілді ірі қалалардың берілуін талап етіп, Украинадан Қырым мен Донецк, Луганск, Запорожье және Херсон облыстарының Ресей Федерациясының құрамына енгенін ресми түрде мойындауын сұрады.
Бұдан бөлек, Путин Украинаның бейтарап, ешбір әскери блокқа кірмейтін және ядролық қарудан бас тартқан ел мәртебесін алуын талап етті. Сонымен қатар, Украинадағы орыс тілді тұрғындардың құқықтарын қамтамасыз ету және Батыс елдерінің Ресейге қарсы енгізген санкцияларын алып тастау мәселелерін де шарт ретінде қойды.
Еске салсақ, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Украинадағы қақтығыста 50 күн ішінде бейбіт келісімге қол жеткізілмесе, Ресей мен оның сауда серіктестеріне қарсы 100 пайыздық тариф енгізілетінін мәлімдеген еді. Кейін Трамп 50 күндік мерзімді қысқартып, Ресейге тек 10 күн уақыт беретін айтты.

Үлескерлерге қатысты заң өзгереді, Трамптың 25%-дық баж салығы күшіне енеді: Қазақстанда 1 тамыздан бастап не өзгереді
