Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Пойызда орын жоқ: Алыпсатарлар Алакөлге баратын билеттердің бәрін сатып алған

Алматы-Алакөл бағытына пойыздарға билет жоқ. Бәрі бірнеше минут ішінде сатылып кетті. Адамдар қонақүйлерде бронь жасағанымен, кейінге қалдырып жатыр. Қазір билеттерді тек қолдан және қымбат бағамен сатып алуға болады. "Қазақстан темір жолы" компаниясы бұл мәселені біледі, бірақ алыпсатарлар мен жеке кассаларды бақылай алмайды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Еуразия” арнасына сілтеме жасап.

Алакөл биылғы туристік маусымдағы ең қол жетімсіз жер. Тасжолмен шыдамы жеткендер ғана барады. Ал ШҚО-дағы ең жақын екі әуежай жоспарлы жөндеуге жабылды. Тек пойыздар қалады. Бірақ оған билет табудың өзі бір мұңға айналды.

“6 маусымда түнгі сағат 12:00-де 20 шілдеге сату ашылды. Мен таңғы сағат 4-те ояндым, билеттер қалмаған. Төрт сағат ішінде 37 вагонды қалай сатып алуға болады?", – дейді Алматы тұрғыны Ирина Тупиченко.

Орташа алғанда, мұндай пойызда шамамен 1000 жолаушы болады. Алматы тұрғыны Ирина Тупиченкомен бірге түнде билет сатып алуға ниет білдіргендер қатары көп болған. Олар әйелдің алдын орап, ақыры Иринаның отбасын демалыссыз қалдырды.

"Төрт сағат ішінде бірде бір билет жоқ. Бұл қандай жүйе? Оны кім алады? Барлық билеттерді кім сатып алды? Қарапайым азаматтарға қалай жетеді? Немесе алып-сатарлар ма, білмеймін. Мұны мемлекеттік деңгейде көтеріп, анықтау керек", – деді Ирина Тупиченко.

Алматыдан Алакөлге барлығы екі пойыз қатынайды. Олардың бірі 1 маусымнан бастап Өскеменнен іске қосылды. Айдың соңына қарай көлге Нұр-Сұлтаннан жаңа бағыт ашылады. Елімізде барлығы 300-ге жуық "Қазақстан Темір Жолы" кассасы жұмыс істейді. Ал билеттерді сатумен айналысатын жеке тұлғалар – 4 500. Оларды бақылау мүмкін емес. Көлік комитетінің мәліметінше, мұндай проблема бұрыннан бар. Жылда қайталанады.

“Бұл екі пойыз, шынымен де, билет тапшылығын тудырады. Ол жасанды емес, нақты. Осыған байланысты Көлік комитеті жаңа пойызды іске қосу бойынша жұмыс жүргізді. Жаңа пойыз осы жылдың 18 маусымынан бастап жүреді. 10 вагоннан аптасына үш рет", – деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Көлік комитетінің бас сарапшысы Серік Төлепов.

Мәселені шешу үшін 1 шілдеден бастап электронды билеттерді сатудың жаңа жүйесі іске қосылады. Бос билеттер туралы ақпарат бірден пайда болмайды. Әзірлеушілердің айтуынша, бұл алыпсатарлардың жолын кесуге көмектеседі.

Талқылау