Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан Пелосидің Тайваньға сапарына қатысты пікір білдірді
Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан сыртқы істер министрліктері АҚШ Конгресі Өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелосидің сапарына бола Тайваньдағы ушыққан жағдайға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Өзбекстан Сыртқы істер министрлігі туындаған шиеленістің тез арада бәсеңдейтініне сенім білдірді.
"Өзбекстан “бір Қытай" саясатын, халықаралық құқықтың жалпыға танылған нормалары мен қағидаттарына сәйкес осы елдің егемендігін, аумақтық тұтастығын қолдайды", – делінген хабарламада.
Қырғызстан Сыртқы істер министрлігі Тайвань төңірегіндегі оқиғаларды мұқият қадағалап, шиеленістің тезірек шешілуіне, Тайвань бұғазында тұрақты бейбітшілік пен тұрақтылыққа қол жеткізуге үміттенетінін жеткізді.
“Қырғыз Республикасы "Тайвань мәселесі" бойынша өз ұстанымының өзгермейтіндігін және барлық іргелі қырғыз-қытай құжаттарында көрсетілген "бір Қытай" саясатын қолдайтынын растайды", – деп атап өтті министрлік.
- Қытай және Тайвань: 70 жылға созылған шиеленіс неден басталды және оған АҚШ-тың қандай қатысы бар?
- Қытай әскері Тайваньның айналасында нақты ұрысқа дайындалуда – сарапшы
Душанбе де "бір Қытай" саясатын ұстанатынын атап өтті. Республиканың көзқарасы барлық ресми іргелі тәжік-қытай құжаттарында көрсетілген, яғни бұл ҚХР үкіметін тұтасты Қытайды білдіретін жалғыз заңды үкімет деп тану деді ел.
"Тәжікстан халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған нормалары мен қағидаттарына сәйкес Қытайдың аумақтық тұтастығын қолдайды", – деп хабарлады елдің Сыртқы істер министрлігі.
Түркіменстан өз кезегінде "Тайвань мәселесіне" қатысты пікір білдіруден бас тартты.
Ал Қазақстан бұған дейін Тайваньды Қытай территориясының ажырамас бөлігі деп санайтынын мәлімдеген.
"Шет елдердің ресми делегацияларының Тайваньға сапарын ҚХР үкіметімен келісу керек деп есептеймін", – деді Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.
Еске салайық, бұған дейін 2 тамызда АҚШ билігіндегі үшінші адам саналатын Конгресс Өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелоси Тайваньға Бейжіңнің наразылығына қарамастан барған еді. Пелосидің бұл әрекеті аймақтағы шиеленісті одан әрі күшейтіп жіберді әрі Қытай мен АҚШ-тың арасына сызат салды.

"Ізімнен қалмай, бөксемді ұстады": Елордалық қыз сауда орталығында келеңсіз жайтқа тап болғанын айтты
