Қытай және Тайвань: 70 жылға созылған шиеленіс неден басталды және оған АҚШ-тың қандай қатысы бар?
АҚШ Өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелосидің Тайваньға сапары Қытай, Тайвань және Тайваньның америкалық одақтастары арасындағы шиеленісті одан әрі күшейтіп жіберді. Ал бұл жанжал 70 жылдан астам уақыт бұрын басталған. Тайвань елінің Қытайдың бақылауына қалай өткені туралы сондай-ақ Азияның екі елінің арасындағы қақтығысқа АҚШ-тың қандай қатысы бар? Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.
Қытай Халық Республикасы Тайваньды ерте ме, кеш пе Қытайға оралуы тиіс провинция деп санайды. Алайда көптеген тайваньдықтар жетпіс жыл бөлектеніп, өздерін бөлек халықпыз, ал олардың аралын әлі тәуелсіздігін жарияламағанына қарамастан өздерін бүкіл кең-байтақ Қытайдың заңды мұрагері санайтын жеке ел ретінде елестете бастады.
Екі ел арасындағы қақтығыс қалай басталды?
Тайваньдағы алғашқы белгілі қоныстанушылар қазіргі оңтүстік Қытайдан келген деп саналатын австронезиялық тайпалар болды.
Арал қытай жазбаларында, кейбір деректерге сәйкес, біздің заманымыздың 239 жылы Қытай императоры аймақты зерттеуге экспедициялық жасақ жіберген кезде пайда болды – Пекин бұл аралға иелік еті құқығын осы дерекке сүйене отырып ақтайды.
Салыстырмалы түрде қысқа мерзім ішінде, 1624 жылдан 1661 жылға дейін Тайвань голландиялық колония болды, содан кейін 1683 жылдан 1895 жылға дейін Қытай Цин әулетінің бақылауына өтті.
Сол кезеңде, яғни XVII ғасырда Тайваньға Қытайдан қоныс аударушылардың едәуір бөлігі келе бастады, адамдар тәртіпсіздіктер мен кедейліктен бас кешіп келген. Олардың көпшілігі Фуцзянь мекенінің хокло қытайлары немесе басым көпшілігі Гуандуннан шыққан хакка қытайлары еді. Олардың ұрпақтары қазіргі уақытта аралдағы ең үлкен демографиялық топты құрайды.
1895 жылы бірінші қытай-жапон соғысынан кейін Цин үкіметі Тайваньды Жапонияға беруге мәжбүр болды. Екінші дүниежүзілік соғыстың нәтижесінде Жапония Қытайдан тартып алған территорияны бақылаудан бас тартты. Осылайша Қытай Республикасы – соғыста жеңіске жеткендердің бірі – одақтастары АҚШ пен Ұлыбританияның келісімімен Тайваньды билей бастады.
Бірақ содан кейін Қытайда Гоминьдан партиясының Чан Кайши бастаған ұлттық үкіметі мен Мао Цзэдун басқарған Қытай коммунистік партиясының әскерлері арасында азамат соғысы басталды. Гоминьдан жеңіліске ұшырады.
1949 жылы Чан Кайши және оның жақтастары - барлығы бір жарым миллионға жуық адам Тайваньға қашты. Ол жерде үкімет жасақтап, өзіне бағынышты аумақты Қытай Республикасы деп атады және оны 25 жыл бойы басқарды.
Чан Кайшимен бірге қашқан материктік қытайлар Тайвань халқының 14 пайызын ғана құраса да, ұзақ жылдар бойы Тайвань саясатында үстемдік етті.
Чаннан кейін Тайваньда билік басына Николай Владимирович Елизаров деген атпен танымал оның ұлы Цзян Цзинго келді. Жас кезінде ол Мәскеуге оқуға келіп, Ленин әпкесінің үйінде тұрған, ұжымдастыруға қатысып, тіпті біраз уақыт "Оралмаш" зауытында станокта жұмыс істеп, 1937 жылы тұтқындалды. Сол 1937 жылы Цзян Цзинго кеңестік әйелімен бірге отанына оралды (Тайванда ол Цзян Фанлян есімін алды).
- Нэнси Пелосидің Тайваньға сапары әлемге және Қазақстанға қалай әсер етеді
- Қазақстан Тайваньды Қытайдың ажырамас бөлігі деп санайды - СІМ
Цзян Цзинго ашықтығымен және демократиялық мінез-құлқымен ерекшеленді. Тайваньдағы әкесінің үкіметінде Ішкі істер министрі ретінде ол бірнеше коммунистік көтерілістің алдын алды.
Әкесі қайтыс болғаннан кейін ол алдымен Гоминьдан партиясын басқарды, содан кейін 1978 жылы Тайвань президенті болды және 1988 жылы қайтыс болғанға дейін қатарынан екі мерзімге сайланды. Оның тұсында Тайвань демократиялық реформалардан өтті, дегенмен үкімет жалпы авторитарлық күйінде қалды.
Цзян Цзингоның орнына оның бұрынғы вице-президенті Ли Денхуэй келді. Оны "Тайвань демократиясының әкесі" деп атайды. Ол конституциялық реформа жүргізіп, соның негізінде 2000 жылы алғаш рет елде Гоминьдан партиясының мүшесі болмаған президент Чен Шуйбян сайланды.
Тайваньды қандай елдер мойындайды?
Тайвань аралының өз конституциясы, демократиялық жолмен сайланған көшбасшылары және шамамен 300 000 әскері бар.
Бір кездері осы жерге жер аударылып үкімет құрған Чан Кайши ол бүкіл Қытайдың өкілі болып табылады және елді кері жаулап алмақ ниеті бар екенін мәлімдеген. Тайвань тіпті Қытайдың БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі орнын алды, өйткені көптеген батыс елдері оны нағыз Қытай үкіметі деп санады.
Алайда, 1970 жылдары Қауіпсіздік Кеңесінің кейбір мүшелері Тайвань енді Қытай материгінде тұратын жүздеген миллион халықтың өкілі бола алмайтыны туралы айта бастады.
1971 жылы БҰҰ бұл орынды Бейжіңге қайтарып берді, ал Тайвань тізімнен шығарылды. 1978 жылы Қытай экономикасын ашуға кірісті. АҚШ сауда мүмкіндіктерін және қарым-қатынасты дамыту қажеттігін түсініп, 1979 жылы Бейжіңмен ресми түрде дипломатиялық қатынас орнатты.Содан бері Тайваньды ресми мойындаған елдердің саны қазір шамамен 15-ке дейін қысқарды.
Қазір тәуелсіз мемлекеттің барлық сипаттамаларына және Қытайдан ерекше саяси жүйеге ие болғанына қарамастан, Тайваньның құқықтық мәртебесі әлі де түсініксіз күйде қалып отыр.
Тайвань мен Қытай арасындағы қарым-қатынастың қазіргі күйі қалай?
1980 жылы Қытай мен Тайвань арасындағы қатынастар жақсара бастады: Тайвань алдымен Қытайға бару және инвестиция салу ережелерін жеңілдетіп, 1991 жылы Қытай Халық Республикасымен соғыстың аяқталғанын жариялады.
Қытай өз кезегінде "бір ел, екі жүйе" деп аталатын нұсқасын ұсынды, онда Бейжің Тайвань қайта бірігуге келіскен жағдайда автономияны сақтап қалады деп сендірді. Дәл осындай уәделер бойынша Бейжің 1997 жылы Гонконгты қайтарып алды - және соңғы уақытқа дейін өз сөзінде тұрды, бірақ содан кейін демократиялық Гонконгқа қатысты өз ережелерін мәжбүрлі түрде енгізді.
Тайвань бұл ұсынысты қабылдамады.
- АҚШ өкілінің Тайваньға келуі: Қытай Тайвань маңында әскери оқу-жаттығу өткізеді
- Қытай армиясының басшылығы әскерді соғысқа дайындалуға шақырды
2000 жылы билікке келген Тайвань президенті Чен Шуйбян және оның Демократиялық прогрессивті партиясы бөлек мемлекет құруды ашық қолдап, Қытайдың нағыз бас ауруына айналды.
2004 жылы Чен қайта сайланды, ал бір жылдан кейін Қытай "бөлінуге қарсы заң" деп аталатын заң қабылдады, бұл Қытайға егер Тайвань шығуға әрекеттенсе, оған қарсы "бейбіт емес құралдарды" қолдануға мүмкіндік берді.
Ченді 2008 жылы Гоминьдан партиясының саяси қайраткері Ма Инцзю алмастырды және ол экономикалық келісімдер арқылы қарым-қатынасты қалпына келтіруге тырысты.
2016 жылы Демократиялық Прогрессивті партияның өкілі Цай ИнВэнь президент болып, Тайваньның Қытаймен қарым-қатынасы қайтадан нашарлады.
2018 жылы Бейжің халықаралық компанияларға қысымды күшейтіп, Тайваньды өз веб-сайттарында Қытайдың бір бөлігі ретінде көрсетпесе, оларға Қытайда бизнес жүргізуге тыйым саламыз деп қорқытқанда, жағдай мүлдеп ушықты.
2020 жылы Цай рекордтық 8,2 миллион дауыспен қайта сайланды, мұны көпшілік Тайваньдықтардың ҚХР-мен қайта қосылу идеясын суытқанының дәлелі деп санайды.
Бұл уақытта Гонконгта Қытайдың ықпалының күшеюіне қарсы наразылық шаралары қызып тұрған еді, ал Тайвань оны мұқият бақылап отырды.
Сол жылдың соңына қарай Қытай Гонконгта ұлттық қауіпсіздік туралы заң қабылдады, бұл Гонконгтың еркіндігін басып-жаншу үшін жасалған тағы бір қадам еді.
Тайвань үшін тәуелсіздіктің маңызы қандай?
Бейжің мен Тайбэй іргелі саяси мәселе бойынша келісімге келе алмағанымен, экономикада олардың қарым-қатынастары соңғы онжылдықтарда кеңейіп, нығая түсті. 1991 жылдан бастап 2021 жылдың мамыр айының соңына дейін Тайваньның Қытайға салған инвестициясы Тайваньдағы ресми деректерге сәйкес 193,5 миллиард долларды құрады.
Тайваньдағы кейбір тұрғындар олардың экономикасының Қытайға тәуелді болып бара жатқанына алаңдайды. Өзгелері тығыз экономикалық байланыс ҚХР шабуылының ықтималдығын азайтады деп санайды.
2014 жылы Қытай мен Тайвань екі ел арасындағы Сауда келісіміне қол қойды. Бұл "Күнбағыс қозғалысы" наразылығының пайда болуына себеп болды. Қозғалыс мүшелері, студенттер мен белсенділер Қытай ықпалының күшеюіне наразылық білдіріп, Тайвань парламентін уақытша басып алды.
Тайваньның қазіргі билеуші Демократиялық прогрессивті партиясы әлі де аралдың тәуелсіздігін жақтайды, ал Гоминьдан бірігу туралы айтудан жалығар емес.
- "Отпен ойнаған күйіп қалады": Байден мен Си Цзиньпин Тайвань мәселесі бойынша бір-біріне ескерту жасады
- Мьянмада соңғы онжылдықта алғаш рет қоғам белсенділерін өлім жазасына кесті
Тайваньдағы соңғы сауалнамалар халықтың едәуір бөлігі іс жүзінде егемендікті жақтайтынын көрсетіп берді.
АҚШ-тың азиялық екі ел арасындағы текетіреске қандай қатысы бар?
Вашингтонның аймақтағы ұзақ мерзімді саясаты стратегиялық екіұштылықтың мысалы болып табылады: ресми түрде Америка Құрама Штаттары "бір Қытай" саясатын қолдайды, тек Пекинді мойындайды және онымен дипломатиялық қарым-қатынастар орнатады сонымен бірге Тайваньмен одақтастық қарым-қатынасты сақтайды.
Осы жылдың мамыр айында президент Байден Америка Құрама Штаттары Тайваньды қорғауға дайын ба деген сұраққа оң жауап берді. Осыдан кейін Ақ үй АҚШ-тың Тайваньға қатысты ұстанымының өзгермегенін түсіндіруге асығып, "Бір Қытай" саясатына адалдығын ақтады. Байденнің Тайваньға әскери қолдау көрсету туралы бұрынғы мәлімдемелері де дәл солай болды.
Бейжің Вашингтонның Тайбэйге кез келген болжамды қолдауын айыптайды және Байденнің мәлімдемелеріне жауап ретінде Тайваньның әуе қорғанысы аймағына әскери ұшақтардың шабуылын күшейтті.