Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Өскеменде қоғамды дүрліктірген "Отбасы туралы" заңға қарсы шыққан аналар әкімдікте шу шығарды

Өскемендік көпбалалы аналар да отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы заң жобасына наразылықтарын білдірді. Қала әкімдігіне барған аналар жаңадан сайланған депутаттарға үміт артып келіпті. Алайда депутаттар пікірлеріңді "бізге жазып әкеліп беріңдер" деген, ашуланған көпшілік пошташының қызметін атқармаңдар деп шарт қойды. Өтініш иелері бірнеше күн бойы жалынып жүріп, әрең дегенде әкімдікке кірген. Ал депутаттардың бірі тіпті "түскі асымызды ішкізбедіңіздер" деп өкпелеп қалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның "Информбюро" жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.

Фотода: Гүлжамал Бершімбекова және Гүлнар Майемерова

Көпбалалы аналар талқыланып жатқан тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы заңға байланысты депутаттармен кездеспек болғанына бірнеше күн болған. Жиналғандардың айтуынша, алғашында, мәслихаттың бірінші сессиясы наурызда өтетінін айтып, депутаттар кездеспеуге тырысқан. Бірақ түрлі сылтау айтылғанына қарамастан аналар шенеуніктерді кездесуге көндірген. Қойған талаптары да - біреу, бұл заңды қабылдатпау.

"Біздің мемлекетімізге керек емес заң. Әңгіменің қысқасы осы. Оны талқылай беретін, талқылай беретін, бір-бірімізге жазып апаратын емес", - деді "Үйлесім" аналар қоғамының жетекшісі Гүлжамал Бершімбекова.

Гүлжамал Бершімбекова сенім артып келген депутаттары ұсыныстарыңды жазып әкеліңдер дегеннен кейін осылай күйінді. Өтініш иелерінің бәрі де "егер өзіміз жазсақ, депутаттардың керегі не" деген сауалды депутаттардың өзіне қойды.

"Жазыңыздар ұсыныс біз ары қарай жібереміз дейсіздер. Сонда сіздер пошташының қызметін атқарып отырсыздар ма?! Сіздер, біз неге халық әркез болып біткеннен кейін шулайсыздар? А осылай екен ғой деп. Сонда қалай?", - деді көпбалалы ана Гүлнар Майемерова.



Қарсы болған халықтың айтпағы - заңдағы баптар. Құжатта көрсетілген тармақтардағыдай өмір сүрсек, бала тәрбиесінен айырыламыз, дейді олар. Сонда да депутаттар көпбалалы аналарды айтқанына көндірді.

"Сондықтан мен сіздерге тағы да қайталап айтамын. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөлімінің басшысымен бірлесіп, ұсыныстарыңызды әзірлеңіздер. Біз заңгерлерді, сіздерді шақырып реттеп, жоғары жаққа жібереміз", - деді Өскемен қалалық мәслихатының депутаты Ермек Омарбеков.

Ақыр соңында, аналар мен депуттар қаңтардың жиырма екісі күні дөңгелек үстел басында тағы да кездесетін болып тарқасты.

Бұған дейін Нұр-Сұлтанда бір топ әйел "анадан баланы айырмасын" деп ұрандатып, министрліктер үйінің алдына жиналғаны хабарланды. Айтуларынша, жаңа "Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы" заң жобасының кейбір баптары ата-ана мен баланың құқығын шектейді, үй-ішіне іріткі салады.

Талқылау