Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бала мен ата-аналарды бір-біріне қарсы қоймақшы": Нұр-Сұлтандық әйелдер дау туғызған "отбасы туралы" заңға қарсы шықты

Бүгін Нұр-Сұлтанда бір топ әйел "анадан баланы айырмасын" деп ұрандатып, министрліктер үйінің алдына жиналды. Айтуларынша, жаңа "Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы" заң жобасының кейбір баптары ата-ана мен баланың құқығын шектейді, үй-ішіне іріткі салады. Күзден бері қоғамда қызу талқыға түскен заң жобасы расында адам құқығына қарама-қайшы ма? Ал осы заңның жобасын ұсынған депутаттар не дейді? Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның "Информбюро" жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап. 

"Баламызды ешкімге бермейміз, жаңа заң жобасына қарсымыз" деген аналар алдымен, әділет министрлігінің алдына жиналды. 10-15 минуттың ішінде әйелдердің қарасы тіпті, көбейді. Ішке кіре сала, министрдің шығуын талап етті. 

Алайда, министрлік өкілдері заң жобасына қатысты сұрақты бізге емес, депутаттарға қойыңыздар деді. Аналар, бәрібір "біздің үнімізге министр құлақ ассын" деп тұрып алды. 

"Бұл заң баланы ата-анаға, ата-ананы балаға қарсы қою заңы. Ол балаға менің жағдайым келе алмай, планшет или ноутбук сатып алып бере аламасам, демек мен жаман анамын, баламды баға алмай отырған ана болып есептелемін", - деді көп балалы ана Жанна Ізмұханова. 

"Ата-ана" деген статустан айырып, енді бізді жәй ғана "асыраушы" деген статусқа балап жатыр қазір. Не үшін? Біз баланы ешкімге қолшақпар болу үшін туған жоқпыз", - деді жалғызбасты Феруза Сапар.  

Көпшіліктің шамына тигені "Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы" заң жобасындағы 5 баптың 11-ші тармағы. Онда: "адамның құқықтары мен бостандықтарына қысым жасайтын және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ықпал ететін әдет-ғұрыптар мен дәстүрлерді болғызбау" деп жазылған. Бұл дегеніңіз баланы бесікке салу, ұлды сүндетке отырғызу секілді әдет-ғұрыптарға тыйым салады дейді жиналғандар. Ал 9-баптың 10- тармағында ата-анасы баланы ұрып соқса, оны сайттарға салып, барынша тарату керектігі де жазылған. Бала-шағаңыздың керек-жарағын алып бере алмасаңыз, әйеліңізге немесе балаңызға қол көтерсеңіз жауапкершілікке тартылуыңыз мүмкін. Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан бұл заңды бірінші оқылымда ат үсті қолдап жібердік дейді. 

"Сол ауырып тұрған кезде бұл нәрсеге үңіле алмай қап, бірінші оқылымды біздің өзіміз қолдап жібердік, баланың, ананың құқығы бірдей деген не сөз ол? Қарсымын! Қазірдің өзі де қарсымын. Мұндай нәрсенің өтуіне түбегейлі қарсы болып тұрмын", - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан.

Ал осы жаң жобасын ұсынған азаматтың бірі сенатор Мұрат Бақтиярұлы пандемия кезінде онсыз да күнін әрең көріп отырған отбасылардың ішінде бала-шағасы мен әйелін ұратын ерлер көбейді. Анасы әкесінен таяқ жемесін, баласы үлкеннен қорлық көрмесін деп осы заңды ұсындық дейді. 

"Әрине жақсы жақтары бар. Соның ішінде әсіресе мынау балдарын, әсіресе педофилизмге байланысты күнделікті сабау фактілері қоғам болған соң болады. Психикалық жағынан оған әсер ететін фактілер, екінші жағынан ер азаматтардың әйелдерін сабауы", - дейді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы.

Сенатор Мұрат Бақтиярұлы бұл заң жобасын тағы да өзгертіп, толықтырамыз деп отыр. Түп мақсатымыз "үйдегі ұрыс-керіс пен төбелесті жойып, баланың болашағына балта шаппау. Барынша салт-дәстүрімізге қайшы келтірмейтіндей қыламыз" деп сендірді. Депутаттар аналардың жанайқайын ескере отырып, бұл заңды халықаралық стандартқа жақынырақ қылып қабылдайтынын жеткізуде. Қоғамда қызу талқыға түскен заң жобасы мамыр айында қайта қаралады.

Талқылау