Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Орыс тілін өз мәртебесінен айыруға әлі ерте": Референдумда дауыс берген қазақстандықтар қандай өзгерістерді күтеді?

Қазақстанда 5 маусым күні конституцияға өзгерістер енгізу бойынша бүкілхалықтық референдум өтті. Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқиғасынан кейін негізгі өзгерістер енгізу туралы бастама көтеріп, референдум өткізу туралы шешім қабылдаған. Жергілікті уақытпен таңертеңгі сағат 7-де басталған сайлау учаскесіне Stan.kz тілшісі барып, референдумнан кейінгі өзгерістер туралы өз пікірлерін айтқан тұрғындармен тілдесті.

референдум 2022

Референдумның алғашқы нәтижелері

Жексенбіде 7-де басталған референдум кешкі сағат 8-ге дейін жалғасты. Орталық сайлау комитетінің дауыс беру аяқталғаннан кейін таратқан дерегі бойынша, сағат кешкі 22:00-ге дейін 8 030 739 адам бюллетень алған. Сайлауға сайлаушылардың 68,44 пайызы қатысып, Түркістан облысы сайлаушылардың 80,66 пайызын құрап, көш бастады. Ал сайлауға келген тұрғындардың ең аз көрсеткіші Алматыда тіркелді – 33,3 пайыз.

Айта кетейік, елде дауыс беру құқығына 11,7 млн тұрғын ие.

Конституцияға түзетулер енгізу бойынша өткен референдумда билік конституцияның үштен бірін яғни, 33 бапты өзгертуді ұсынып отыр. Бюллетенде "түзетулерді қолдайсыз ба?" деген бір ғана сұрақ қойылған.

“Парламентаризмді дамыту мен орыс тілінің мәртебесі": Сайлауға келген халық не дейді?

Алматыдағы Абай Құнанбаев көшесінің бойында орналасқан №256 сайлау учаскесінде дауыс беруге келгендердің дені егде жастағы азаматтар болды. Жастар арасында ғана оқта-текте жолығып тұрды.

Референдумда дауыс беріп шыққан Әбдуманап Оспанов есімді азамат, Конституцияға енгізілмек өзгерістердің ішіндегі ең маңыздысына тоқталды.

"Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында, парламент пен сенат депутаттарымен болған кездесулерде қандай өзгерістер мен қосымшалар енгізіледі, осы жайында мәліметтерді білетінбіз. Халықтың мемлекеттік басқаруға араласуы дүниежүзінде парламенттік формамен ғана жүзеге асатыны мәлім. Сондықтан президенттің ұсынып отырған өзгерістер сол халықтың парламенттік жолмен араласуына мүмкіндік береді деп сенеміз. Бұдан басқа форма жоқ. Демократиялық елдер тек ғана күшті парламентаризмді дамыту арқылы өздері дамиды, сондықтан күшті парламент президенттің құзырларын тыйып, халықтың үкіметті басқаруға жолын ашады деп ойлаймыз", - дейді қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің профессоры Әбдуманап Оспанов.

Оспановтың айтуынша, қазақстандықтардың қазақ тілі мен орыс тілінің мәртебесіне қатысты көтеріп отырған мәселесі дұрыс, алайда оған саяси жағдайлар өз әсерін тигізеді.

"Егемендік ел болғаннан кейін халықтың Конституциямен бекітілген бір ғана тілі болуы керек. Десек те біздің саяси жағдайды ескеріп, өзге мемлекеттермен шекарамыздың шексіз үлкен екенін алып қарасақ бұл басқа мемлекеттермен қарым-қатынасқа әсер етуі мүмкін. Сондықтан әзірше ат құйрығын шорт кесісе алмаймыз. Бұл онсыз да арада уақыт өте келе шешілетін мәселе, дегенмен қазір орыс тілін мәртебесінен айыруға әлі ерте", - дейді ол.

Әбдуманап Оспанов елімізде өткен референдум жаңа Қазақстанды құруға көмектесетініне сенімді екенін жеткізді. Сөзінше, бірден парламенттік билікке көшу оңайға соқпайды, ал қабылданатын өзгерістер соған апаратын жолдардың бастамасы.



Сайлау учаскелеріне дауыс беру үшін өзге ұлт өкілдері де көп келді. Татьяна Гетьзя есімді қала тұрғыны Тоқаевтың бұл шешімін толықтай қолдайтынын айтып, оның саяси өзгерістерді дұрыс бағытта бастағанын жеткізді. Дауыс берушінің сөзінше, Конституцияға енгізілген өзгерістердің ең маңыздысы жер мен оның қойнауына байланысты қабылданар шешімдер.

"Қазақстан халқы нені қалайды, референдумдағы өзгерістер дәл солай болады. Мәжіліс те, сенатта та, ондағы депутаттар да халықпен санасатын болады. Қазіргі көрші мемлекеттер Қазақстан қашан беріледі деп күтіп отыр, бірақ біз ешқашан берілмейміз. Нақты референдумға келер болсақ, мен үшін ең маңыздысы жер мен оның қойнауы – су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің халық меншігінде болуы. Осындай үлкен жеріміз болған соң, өзгерістерден кейін халық пен мемлекет біртұтас болуы керек", - дейді тұрғын.

Татьяна Гетьзя орыс тілінің мемлекеттік тіл баламасы есебіндегі мәртебесінен түсіруге қатысты да өз пікірін білдірді. Біздің кезеңімізде "қазақ тілін меңгеру қажеттігі туындамады" деген ол, қазір әрбір азамат өзі өмір сүріп жатқан елдің тілін білуі тиіс екенін айтты.

"Орыс тілін мәртебесінен айыру туралы оймен мүлдем келіспеймін. Менің күйеуім Қазақстан жерінде туып-өскен, ал өзім бір кездері Сібірден келгенмін. Бірақ бұл ешкімге кедергі келтірмейді. Өзің өмір сүріп жатқан елдің тілін білу өзің үшін керек. Шөберем бірінші сыныпты аяқтағаннан бастап біз қазақ тілін үнемі оқимыз. Мен оған "лайықты жұмыс жасағың келсе, өз еліңнің тілін меңгер" деп айтып отырамын. Мүмкін бір кездері қазақ тілін меңгерудің аса қажеті болмаған шығар, бірақ қазір заман басқа", - дейді ол.

“Жалақыны көтерсе жақсы болар еді”

Референдумға келіп, дауыс берушілердің ішінде жастар да жолықты. Олардың қатарында Конституцияға енгізілетін өзгерістер жөнінде таныс емес екендерін айтқандар болды.

"Алдымен біздің жалақымызды көтерсе, жақсы болар еді. Жалақымен көп жайт байланысты. Халықтың тұрмысы да. Ал өзгерістер туралы бұрын оқып, танысқан жоқпын. Осында келіп білдім. Сөйттім де өз ойымды білдіріп, дауысымды бердім. Бұл өзгерістерді жүзеге асыруда кез келген қазақстандықтың дауысы мен пікірі маңызды деп санаймын", - дейді Оксана есімді қала тұрғыны.

Референдумға келген тағы бір алматылық өзгерістердің ішіндегі ең маңыздысы президенттің туыстарына қатысты шектеулер екенін айтты.



"Референдумға келмей тұрып туралы барлық ақпараттарды оқып, таныстым. Сондықтан өз пікірімді білдіру үшін бүгін дауыс беруге келдім. Мен үшін Конституциялық өзгерістердің ішіндегі ең айрықшасы – президент туыстарының басшылық қызметке тағайындалуына қойылған шектеу. Бұл еліміздегі жемқорлықпен күресуге өз септігін тигізеді деп санаймын. Ал орыс тілінің төңірегінде туындаған мәселеге көзқарасым оң екенін айтқым келеді. Себебі қай елге барсаңызда, азаматтары өз тілінде сөйлейді. Осыны ескерсек, Қазақстанда жүрген соң қазақ тілінде сөйлеген дұрыс", - дейді Алматы қаласынының тұрғыны Ілияс Жұмабай.

"Мен жұмысқа есеп беру үшін келдім"

Референдумға келгендердің арасында "есеп беру үшін" келгендерін айтқан азаматтар да ұшырасты. Біз тілдеспек болған екі азамат өздерінің әріптес екенін, сайлауға жұмыстан арнайы жібергенін айтты.

Өздерін Ағаділ мен Ермек деп таныстырған қос азамат оператор болып жұмыс істейтіндерін айтқанымен, артық мәлімет айтудан тартынғандай көрінді.

"Біздің артық уақытымыз жоқ. Жұмыстан қоярда қоймай жіберген соң келдік", - дейді Ағаділ. Біз оның жұмыс орнын сұрап едік, айтқысы келмеді. Біз жұмысшыларды "күштеп жіберді ме?" деп сұрадық.

"Жоқ, күштеген жоқ. Әркімнің еркі ғой. Бірақ есеп беруіміз керек",- деген Ағаділ Конституцияға енгізілетін өзгерістердің тек жартысын ғана естігендерін айтты. Біз қандай өзгерістер екенін сұрап едік, екі азамат асығып, кетіп қалды.

Референдумға дауыс беруге отбасымен келгендер болды. Алматы қаласының тұрғыны Ерсұлтан Махат төрт баланың әкесі. Өзімен бірге балаларын түгел алып келген ол, бұл өзгерістерді отбасы болып қолдайтындарын айтады.

"Алматы қаласында тұрамын. Осында Өскеменнен көшіп келгенмін. Құрылыс саласында жұмыс істейтіндіктен, жұмысымыз қауырт. Референдумның демалыс күні болғаны жақсы болды. Осы сәтті пайдаланып, бүкіл отбасымды ертіп келуді дұрыс санадым. Менің екі бірдей ұлым өсіп келе жатыр. Олардың өз отанында болған өзгерістерге қазірден куә болғанын қалаймын", - дейді Ерсұлтан. Біз азаматтан Конституцияға енгізілетін өзгерістермен, алдын ала танысқан-таныспағаны жөнінде сұрадық.



"Шынымды айтсам, оқыған жоқпын. Тек достарымнан, әріптестерімнен естігендерім бойынша жақсы өзгерістер болайын деп жатқанын түсіндім. Тек бір тілегім бар, жаңа Қазақстанда жас отбасыларға жеңілдіктер көп болса екен. Біз көпбалалы әрі жас отбасымыз, бірақ Алматыда әлі үйіміз жоқ. Бірақ біз мемлекеттен сұрап, қол қусырып отырғанды жөн көрмейміз. Үкімет өзі заң қабылдап, жас отбасыларға арнайы бағдарламалар ашса", - деген Ерсұлтан осындай тілегін жеткізді.

Тоқаев билігі кезінде өткен тұңғыш референдумның ерекшелігі

Республикалық референдумда дауысқа салынған өзгертулер мен толықтырулар Конституциядан тұңғыш президентке берілген артықшылықтардың бәрін алып тастауды көздейді. Мысалы үшін, Конституциядағы Назарбаевты "тәуелсіз Қазақстанның негізін салушы" деп атаған сөзді алып тастау ұсынылып отыр.

Бұдан бөлек, Конституцияға жер, оның қойнауы мен өсімдіктер және жануарлар дүниесіне халық иелік етеді, ал халықтың атынан меншік құқығын мемлекет іске асырады деп бекітуді ұсынған.

Сонымен қатар мәжіліс депутаттарының санын 107 адамнан 98-ге дейін азайту ұсынылған. Сенат төменгі палатадан түскен заң жобасын мақұлдау немесе мақұлдамау, бас прокурор, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасы және басқа да маңызды лауазымды қызметке президент ұсынған кандидаттарды бекіту құқығына ие болады.

Ал облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және ел астанасының әкімін қызметке тағайындау бұрынғысынша президенттің құзыретінде қала береді.

Үкімет референдумды өткізуге бюджеттен 16,4 млрд теңге қаражат бөлінген.

Қазіргі Конституция 1995 жылғы 30 тамызда өткен референдумда қабылданған. Кейін оған бірнеше өзгертулер мен толықтырулар енгізілген.

Заң бойынша референдумға қатысқан азаматтар көпшілік дауыспен Конституцияға өзгеріс енгізуді мақұлдаған жағдайда, орталық референдум комиссиясы дауыс берудің ресми қорытындысын жариялаған сәттен бастап күшіне енеді. Билік референдумның ресми қорытындысын дауыс беру аяқталғаннан кейін жеті күннің ішінде жариялауы тиіс.

Талқылау