Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Сыйлықтар сыйлап, кемінде бір пәтер алғызатын адам”: Неліктен қазақстандық бойжеткендер тоқал болуға келіседі

Фото: Жасанды интеллект

Соңғы кезде желіде қазақстандықтар арасында тоқал алу, қыздардың тоқалдыққа келісуі мәселелері қызу талқылануда. Тіпті олардың арасында ер адам өзгеге кетпес үшін тоқал алып беру керек деген де, отбасылы азаматты ұнатып қалдым деген де қыздар болды. Соңғы жылдары тоқал алу мәселесі қоғамда неліктен жиі кездесе бастады? Қыздар неліктен тоқал болуға келіседі? Stan.kz тілшісі қазақстандықтардың пікірін саралап, психолог маманнан сұрап көрді. 

Желі жазбаларында тоқал алуды қолдайтын қыздар көбіне діни көзқараста мұны дұрыс санайтынын жазған.

“Иә, мен болашақта Алла разылығы үшін күйеуіме өзімнен басқа үш әйел алып беруге рұқсатымды берем. Менің жағдайымды жасаумен ғана шектеліп, көңіл бөлуді қойса, мен өзге жанды ұнатып қалуым мүмкін. Ол кезде не істейміз? Ажырасамыз. Қазір ниетің жаман екен деп шығады. Ниетім жақсы болса да, жаман болса да Алла разылығы үщін осылай істейміз. Зина - жақсы зат емес. Ажырасу да жақсы емес, бірақ зинадан қашып ажырасу - жақсы. Ажырасу жаман екен деп зина жасап жүргендер жетеді. Ажырасу зинадан сақтану үщін болса жақсы. Әйелің ұнамай ма, екінші, үшінші, төртінші әйел ал. Әйелің, не қыздарың көнбей ме, ажырас. Зина жасамасаң болды. Ажырасу – Аллаға ұнамсыз іс. Бірақ зина – өте жиіркенішті іс”, – деп жазды бойжеткен.

тоқал алу

Фото: Желі кадрларынан скрин

“Қамқорлық көрсетіп, сыйлықтар сыйлайтын, кемінде бір пәтер алғызатын адам...”

Кей бойжеткендер отбасылы ер адаммен қарым-қатынаста жауапкершілік тек сол азаматқа жүктелетінін жеткізді. 

“Соңғы болған жағдайларға байланысты өз оқиғамды айтқым келді. Мен бұрын бір ер адамның көңілдесі болғам. Иә, оның үйленгенін білдім. Бәрін түсініп, бұл қатынасқа өз еркіммен бардым. Ешкімге уәде берген жоқпын. Өзім тұрмыс құрмағанмын, ал оның әйелімен не болып жатқаны – менің мәселем емес. "Өмір бумеранг" деп айқайлайтындарға айтарым – ондай нәрсе жоқ. Қазір менің өмірім керемет. Астанада беделді жерде жұмыс істеймін. Мүмкін, бұл менің үйленген ер адаммен болған соңғы қарым-қатынасым болмайтын шығар”, – деп жазды желі қолданушысы. 

Тағы бір ару үйленген ер адамның қаржылық жағынан жақсы қолдау білдіретінін айтып кетті. 

“Жас кезде, яғни 20 жаста болғанымда, ол 40-та еді. Ол маған ақша беретін, қамқорлық көрсететін, сыйлықтар сыйлайтын. Мұндайлармен жүргесін кемінде бір пәтер алғызып алу керек”, – деді ол.

Желі қолданушысы қыздардың тоқал болуға көнуінің себебі олардың жасы жетіп, өзіне лайық адамды таба алмауында екенін айтты. 

“Неге кейбір қыздар тоқал болғысы келмейді бірақ әйелі бар жігітпен кездесіп одан сыйлық алуға қарсы емес? Меніңше тоқал болуды дұрысынан қабылдамаса күн өткен сайын еркектер азайып, қыздар жалғыз қалып қартайып бара жатқандай”, – деді ол. 



“Қыздар неге тоқал болуға келіседі?”

Психолог Арайлым Төленқызының айтуынша бұл қыздардың кішкентай кезінен алған тәрбиесі мен ата-ана жылуына тікелей байланысты. 

“Қыздардың тоқал болуға келісуінің бірнеше себебі бар.Кейбір қыздардың тоқал болуға келісуінің себебі бала кезден басталады. Мысалы, ата-анасының махаббатына тоймаған, бауырларымен "кім жақсы" деп жарысып өскен қыз есейгенде де сол бәсекелестікті қайталайды. Ер адамның назарын алу, "мені таңда, мен ерекше адаммын" деген ішкі сезім соның жалғасы. Кейде бұл шешімде сүйіспеншілік пен пайда аралас келеді. Біреулер шын сүйеді, ал біреулерге қарым-қатынастан жайлылық, қауіпсіздік немесе материалдық жағдай маңыздырақ болады. Егер әйелдің өз табысы аз болса, материалдық қауіпсіздік үшін осындай қадамға баруы мүмкін. Бірақ оны көбіне "махаббат" деп түсіндіріп ақталып жатады”, – деді маман. 

Психолог сонымен қатар мұндай қарым-қатынаста үш адамның да жеңілетінін жеткізді. Айтуынша уақыт өте келе бәрі өзгеруі мүмкін. 

“Ер адамдарда да тоқал алуда түрлі себеп бар. Біреулер жаңа сезім іздейді, енді біреулер өз маңыздылығын дәлелдегісі келеді. Кейбірі бала күніндегі ата-анаға деген ренішін осылай өтеуге тырысады. Қоғамдағы білім, жұмыс, әлеуметтік мүмкіндік аз болғанда, кей әйел үшін тоқал болу ең оңай жол болып көрінеді. Бірақ мұның ақыры бәрібір ішкі жеңіліске алып келеді. Сырттай бәрі жақсы көрінгенімен, түбінде әйел де, ер де бұл жағдайдан жеңіледі. Әйелде – “мені тастап кете ме", "қаржы жағынан қиын болмай ма" деген қорқыныш, ал ер адамда – кінә мен эмоциялық суықтық пайда болады. Мұндай қатынаста шынайы жылулық азаяды. Егер ортақ бала болса, ол бәрін түсінбесе де, сезінеді. Соның салдарынан баланың да кейін жақын қарым-қатынас құруы қиындамақ”, – деп қосты ол.

"Әйелдер бәрі жақсы" деп өз-өзін сендіріп жүреді”

Маманның айтуынша, қоғамда ажырасқан әйелге теріс көзқарас қалыптасқандықтан, көп әйел қорқынышпен өмір сүреді. Сол себепті олар кінәні күйеуінен емес, басқа әйелден іздейді. Бұл да психологиялық қорғаныс.

“Көптеген әйелдер мұндай жағдайда "тосыннан болды" деп ақталғысы келеді. Бұл психологиялық қорғаныс. Адам шын мәнінде жанындағы адамның өзгерісін сезеді. Көбіне интуиция арқылы ескерту алады. Түс көру, ішкі бір белгі сезіну сияқты. Бірақ оны мойындауға қорқып, елемейді. Ішінен "мен таңдаған адам сондай болды ма?" деген қақтығыс пайда болады. Сол кезде психика оны қорғап, шындықты қабылдауға мүмкіндік бермейді. Себебі кейде әйел қаржылық немесе тұрмыстық тәуелділіктен шындықтан әдейі қашады. Яғни "бәрі жақсы" деп өз-өзін сендіріп жүреді”, – деп түсіндірді маман.

 Психолог тоқалдық қоғамда үлкен мәселе болып тұрғанын алға тартты. 

“Ең бастысы, әйел өзімен жұмыс істеуді ұмытпауы керек. Күйеуіне толық сеніп, өз өмірін тек отбасы мен бала тәрбиесіне арнап қою үлкен қателік. Сенім болсын, бірақ сонымен қатар әйел өз дамуын тоқтатпауы қажет. Өз сезіміне, ішкі дауысына көңіл бөлгені жөн.

Тоқалдық  біздің қоғамда өзекті мәселе. Иә, бұрын мұның әлеуметтік, экономикалық себептері болған. Әйелдер жұмыс істемеген, жесір қалғандар өмір сүру үшін осындай қадамға барған. Бірақ қазір заман басқа. Әйелдің білім алуға да, табыс табуға да мүмкіндігі бар. Сондықтан бұл дәстүрдің бүгінгі күні өзектілігі жоқ. Үш адамның арасындағы түсініспеушілік тек энергия мен өмірді құртады. Өмір қысқа, оны бәсекеге емес, өзіңді дамытуға арнаған дұрыс”, – деп қорытты Арайлым Төленқызы. 

Айта кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаты Абзал Құспан бір сұхбатында екінші әйел алуды заңды түрде қарастыру керегін айтқан еді. Себебі қазір бұл тақырып қоғамда өзекті болып тұр. Мәселен, жақында Мөлдір Мұқанова ТұрсынбекҚабатовпен ажырасып кеткенін, оның тоқалы барынайтқан. Кейін мәжіліс депутаты Темір Қырықбаевтың да тоқалы мен одан туған баласы барыкеңінен талқыланды.

STAN.KZ
Сәрсенбі, 12 Қараша, 2025 18:46
Талқылау