Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Үш сағат істейтінді бізде он минутта бітіреді": Германиядағы қазақ дәрігері сүндеттеу ісінде Қазақстан қалай алға кеткенін айтып берді

Фото: Stan.kz / Оразбек Тәшімбетов

Германияда дәрігер болып еңбек ететін 27 жастағы қазақстандық Оразбек Тәшімбетов отандық медициналық дәстүрлердің артықшылығын атап өтті. Әсіресе балаларға жасалатын сүндеттеуде Қазақстанның тәжірибесі Германиядан озық екенін айтып, елдің кәсібилігі мен адамгершілігін жоғары бағалады. Дегенмен қазақ дәрігері Stan.kz тілшісіне бұл елден де үйренер нәрсе көп екенін айтып берді.

"Шетелде оқимын және жұмыс істеймін" деп ойламағанмын”

Германияда медицина саласында табысты еңбек етіп жүрген 27 жастағы Оразбек Тәшімбетов өз жолын бала кезден таңдап, арманына жеткен отандастарымыздың бірі. 

"Үйленгенмін және Ташкенттің тумасымын. Негізі, медицина мамандығын таңдаған жоқпын, медицина мені таңдаған деп ойлаймын. Бала кезімнен бас, мұрын, құлақ ауруларымен көп ауыратынмын, анам ауруханаға апарып, барын салып емдететін. Сол кезден бастап ақ халатқа қызығуым ақырындап басталды. Мектепте "Әліппе" мерекесінде мені "Өскенде кім боласың?" деп сұрағанда ойланбай "ЛОР дәрігер боламын" дедім. Әрине, анамның маған үнемі "Менің балам ЛОР дәрігер болады" деп айтуы да әсер етті деп ойлаймын", – дейді Оразбек Тәшімбетов.

Германияда жұмыс істеп жүрген қазақ дәрігері жаңа елде тәжірибесін қалай тиімді қолданғанын айтып берді.

"Қазақстанда алған білімім мен тәжірибем Германияда тез бейімделуге көп көмектесті. Теориялық база мен клиникалық машық бірдей, себебі медицина әмбебап. Науқастармен қарым-қатынас, диагноз қою, ем тағайындау – осының бәрін Қазақстанда үйрендім. Германияда тек жаңа жүйені, тілдік және ұйымдастыру ерекшеліктерін меңгеру қажет болды. Сондықтан іргетас Қазақстанда қаланды, ал Германияда сол білімді жаңа деңгейде қолдануға мүмкіндік алдым", – дейді отандасымыз.

Фото: Оразбек Тәшімбетовтың жеке архивінен

Оразбек Тәшімбетов өз тәжірибесінен бөлісіп, шетелде қандай қиындықтарға кездескенін айтып берді. 

"Бұған дейін "шетелде оқимын және жұмыс істеймін" деп ойламағанмын. 2022 жылы Астанадағы медициналық университеттің 6-курсында оқып жүрген едім. Сол кезде достарым маған Германиядағы FerienJOB бағдарламасы жайлы айтып, қызықтырды. Сол жазда Германияға барып, көріп қайттық, маған қатты ұнады. Сөйтіп Қазақстаннан келген кардиохирургпен кездестім және Германияға дәрігер ретінде қалай келуге болатыны жайлы кеңес алдым. Осылай оқуымды аяқтаған соң келуді жоспарладым", – дейді Оразбек Тәшімбетов.

Отандасымыз Германиядағы ең үлкен сынақтардың бірі бюрократия дейді. 

"Барлық процесс өте баяу жүреді, әсіресе, документтерді жинап, оны тапсыру, емтихан күнін ұзақ күтесін. Мұның бәрі сабыр мен төзімділікті қажет етеді. Алғаш BFD бағдарламасымен (Bundesfreiwilligendienst – жастар мен ересектерге арналған әлеуметтік-еріктілік бағдарламасы) келдім. Сол кезеңде дәрігер ретінде жұмыс істеуге қажетті емтихандардың бірін тапсырдым. Қазір Assistenzarzt (ассистент-дәрігер) болып клиникада жұмысымды жалғастырып жатырмын. Алда әлі бірнеше емтихандар бар, себебі Германиядағы бюрократиялық процесс ұзақ уақыт алады", – дейді Оразбек Тәшімбетов.

"Сүндеттеу" бойынша Қазақстан Германиядан 10 жылға алға кеткен”

Оразбек Тәшімбетов Қазақстан мен Германиядағы медициналық тәжірибе жасаудағы айырмашылығын бөлісті. Ол әсіресе балаларға жасалатын сүндеттеу тәжірибесін салыстыра отырып, отандастарымыздың кәсібилігін жоғары бағалады.

"Германияда басқа саланы білмеймін, бірақ "сүндеттеу" бойынша Қазақстан Германиядан 10 жылға алға кеткен шығар. Мысалы, мұнда баланы сүндеттегенде кардиохирургиялық операция жасағандай істейді. 3 науқасқа үш сағат кетті. Білмеймін, анау жерде не істеді? Балаға наркоз салып, оны қинап, скальпельмен кесіп, бүкіл жерін қанатты, бір жыныс мүшесіне 20 тігіс жасаған шығар. Қарап тұра беріп, шаршап кеттім. Біздегілер "шаш алғандай орады ғой, келесі кім деп отырып". Анау жерде бала өзіне сүндеттеліп жатқанын сезбей де қалады ғой. Осыдан кейін біздегі сүндеттейтіндерге құрметім артты", – дейді Оразбек.

Оразбек Тәшімбетовтың айтуынша, Қазақстанда сүндеттеу лазер арқылы (кагулятор) жасалады, қан шықпайды. 

"Қазақстанда сүндеттеу – дәстүр, көбіне отбасы мерекесі сияқты жасалады. 10 минутта сүндетке отырғызып, ешқандай наркоз қолданбайды, бала да қиналмайды, жарасы тез жазылады. Германияда ол тек медициналық себеппен немесе арнайы өтінішпен, ауруханада, стерильді жағдайда, хаттамамен жасалады. Сол сияқты, кейбір тексерулерді, мысалы, ультрадыбыстық зерттеуді Қазақстанда тез жасатып алуға болады, Германияда кейде ұзақ кезек күтуге тура келеді", – дейді дәрігер.

“Дәрігерге жазылу оңай емес”

Бұдан бөлек ол Германияда жүйе қатаң стандартталғанын, әр қадам протоколға сай, бәрі құжатта тіркеліп тұратынын атап өтті. Ал Қазақстанда кейде дәрігердің тәжірибесі мен шешіміне көбірек сенім артады, бюрократия азырақ дейді маман.

"Германияда медицина қымбат, бірақ сақтандыру жүйесі өте жақсы жұмыс істейді, себебі әр адам міндетті түрде төлейді. Ауырып қалса немесе медициналық көмек қажет болса, қорықпай пайдалана алады, тіпті жеке клиникалардың шығынын да өтейді. Бірақ дәрігерге жазылу оңай емес, шұғыл жағдайлар болмаса жедел жәрдем қызметі де келмейді. Егер сізде медициналық сақтандыру жоқ болса, онда қалтаңыздағы бар ақшаны емделуіңізге жұмсауыңыз әбден мүмкін. Медицинаның ақылы болуы және дәрігерге жазылудың қиындығынан ба, мұнда дәрігерлерге бас иіп тұрады, элита санайды", – дейді Оразбек Тәшімбетов.

Оразбек Тәшімбетов Германияда жұмыс істей жүріп, ең үлкен қиындықтың тілдік барьер болғанын атап өтті. Ол медициналық терминдерді білу бір бөлек, ал пациентпен қарапайым тілде сөйлеп, эмоциясын түсіну бөлек дағды екенін айтты. Жаңа ортаға бейімделу және әріптестердің сеніміне кіру де оңай болмаған деп отыр отандасымыз.

Фото: Оразбек Тәшімбетовтың жеке архивінен

"Әлі белгілі бір жетістікке жеттім деп ойламаймын. Әлі оқитын дүние, үйренетін заттар көп. Бір жетістігім, екі жүйені салыстырып, өз тәжірибемді байытуым болған шығар. Бұл мені тек дәрігер ретінде емес, тұлға ретінде де дамытты. Әуел баста, әрине, күмәнмен қарау болды. "Тілді білесің бе", "жүйені түсінесің бе?" деген сияқты сұрақтар қоятын. Бірақ мұнда дөрекі емес, күліп тұрады. Сосын біртіндеп жұмыс арқылы сенімділік пайда болды. Кәсіби біліміңді көрсе, неміс әріптестері тез қабылдайды. Жалпы айтқанда, қолдау көрсетіп, көмектесуге дайын болды. Немістер үшін алғашқыда сенің біліктілігің емес үйренуге деген талпынысың маңызды екен", – дейді Оразбек Тәшімбетов.

Оразбек Тәшімбетов Германияда дәрігерлердің айлығы бүкіл ел бойынша келісілген тарифке (TV-Ärzte) сәйкес екенін және бұл ақпараттың ресми сайттан ашық қарауға болатынын атап өтті. 

“Қалай үйлендім, сол жалғыздық сезімі кетті”

Оразбек Тәшімбетовтің айтуынша, өздері үйренген тағамдар аз болғандықтан және халал мәселесі толық шешілмегендіктен, азық-түлік пен дәстүр жағы да қиындық тудырған. Дегенмен, уақыт өте келе немістердің тәртіп пен жүйелілігін түсініп, оны өз пайдасына қолдануға болатынын байқаған.  Сонымен қатар ол шетелде жалғыз болудың қиын екенін атап өтті. 

"Жалғыздық адамды қинап қояды екен. Қалай үйлендім, сол жалғыздық сезімі кетті. Қазір отбасыммен Германияда тұрамыз. Бастапқыда екеумізге де бейімделу оңай болған жоқ. Жаңа орта, жаңа тіл, жаңа жүйе дегендей. Бірақ бір-бірімізге тірек бола отырып, қиындықтарды бірге еңсердік. Қазір тұрмыстық жағдайымыз бірқалыпты. Германияда отбасыға қолайлы жағдай жасалған. Әсіресе, балаларға, әйелдерге арналған әлеуметтік қолдау, қауіпсіздік, тәртіптің жоғары болуы бізге сенімділік береді. Әйелім де дәрігер, невролог және клиникалық жұмыс істейді. Жалпы екі адам бір толқында болғаны керемет екен, бір-бірін түсіну оңай", – дейді Оразбек Тәшімбетов.

Фото: Оразбек Тәшімбетовтың жеке архивінен

Отандасымыз жат жерде жүрсе де қазақ елінің дәстүрі мен құндылықтарын күнделікті өмірде сақтауға тырысып жүргенін жеткізді. 

"Үйде өз тілімізде сөйлесеміз, ұлттық тағамдарымызды пісіріп тұрамыз. Достарымызбен жиналғанда қазақы қонақжайлықты, дастархан басындағы әңгіме-дүкенді ерекше қадірлейміз. Жаңа жыл, Наурыз сияқты мерекелерді атап өту біз үшін маңызды. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету бала кезден бойымызға сіңген құндылықтар, соны күнделікті қарым-қатынаста ұмытпаймыз. Шетелде жүрсең де, түп-тамырыңды сақтап, оны балаларыңа жеткізу – ең басты нәрсе деп ойлаймын", – дейді Оразбек Тәшімбетов.

Оразбек Тәшімбетов алдағы уақытта не боларын дөп басып айту қиын екенін, мүмкін Германияда қалатынын, мүмкін Қазақстанға оралатындығын айтты.

"Бірақ ең бастысы – қай жерде жүрсең де елге пайдаңды тигізу. Адам отанында болсын, шетелде болсын, өз кәсібі арқылы қоғамға үлес қоса алады. Егер осы жазбаны оқыған дәрігерлердің бірі Еуропада біліктілігін арттырып, кейін елге оралып қызмет етсе – мен үшін соның өзі үлкен қуаныш әрі өзімнің кішкене болса да қосқан үлесім", – дейді Оразбек Тәшімбетов.

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 13 Қараша, 2025 19:24
Талқылау