Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Онсыз өмірім бос көрінетін": Есірткіге тәуелді жастар өз оқиғаларын айтты

Қазақстанда жүз мыңнан астам адам наркологиялық есепте тұр. Бірақ мамандар іс жүзінде есірткіге тәуелділердің саны екі есеге көп дейді. Әсіресе 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында синтетикалық есірткіге әуестенгендер көбейген. Қазір 14-15 жас аралығындағы, яғни оқушылардың арасында есірткіге ергендер көп екен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның ”Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.

нашақор

Өзін Тимур деп таныстырған жеткіншектің жасы 16-ға енді толған. Екі жылдың ішінде анаша, тұз, мефедрон сияқты есірткінің түр-түрін қолданғанын айтады. Есірткінің дәмін сегізінші сынып оқып жүрген кезде достарының қолқалауымен татып көрген. Кейін бірте-бірте тәуелді бола бастаған. Соның кесірінен галлюцинация пайда болып, денсаулығы нашарлаған. Өздігінен тәуелділіктен арыла алмаған оны ата-анасы наркологиялық диспансерге емделуге әкеліпті.

“Уақыт өте келе тәуелді болдым. Құмарымды қандыру үшін ата-анамнан ақша сұрай беретінмін. Олар бермесе ұрлауға көштім. Кейін денсаулығым әлсіреп, психикама әсер етті. Бүйрек, жүрек, өкпе, бауырға зақым келді”, – дейді емделуші Тимур. 

Өзін таныстырғысы келмеген тағы бір жеткіншек те анашаны 16 жасында бастаған. 

“Мен анашаны күн сайын шеккім келді. Онсыз өмір бос көрінетін. Кейін көлік жүргізу құқығынан айырылдым. Артынша менен бәрі алшақтап кетті. Емделіп шығып, қайта жұмысқа тұрсам деймін. Отбасыммен қайта қосылғым келеді”, – дейді ол. 

Нарколог мамандар синтетикалық есірткіге тәуелді адамдардың жасы жыл сайын жасарып бара жатқанын айтады. Бұрын 20-25 жастан бастап әуестенсе, қазір 13 жастан бастап наша шегетіндер көбейген. 

“Өкінішке қарай, синтетикалық есірткіні қолданатындар көбінесе жасөспірімдер. Әрі қарай жалғаса берсе, дерт жасарып, жастарымыз ауру болады. Ал оларды емдеу өмір бойына созылуы мүмкін”, – дейді нарколог Галина Андреева.

Еліміз бойынша 111 мың адам нашақор ретінде есепте тұр. Олардың үш жүзге жуығы кәмелетке толмаған жасөспірімдер. Өкінішке қарай, есепке ілікпей қара түнектен шыға алмай қалған жасөспірімдердің саны қанша екені белгісіз. 

Талқылау