Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Онда қалған қазақтардың саны әлі де көп": Отанына оралған қандастар Ауғанстаннан қалай қашқандарын айтып берді

Ауғанстаннан Ақмола облысына қоныс тепкен этникалық қазақтар елге жетіп, еті үйрене бастады. Көкшетауға көшіп келген жеті баласы бар Шир Әли Өзбаки азаматтық құжатын реттеуге кірісті. Ал Кіндік-қарағай ауылындағы Файзулла Ахмадидің бес баласы мектепке бара бастады. Жат елден келген қандастардың білім алуына мұғалімдер себепкер болған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “КТК” арнасына сілтеме жасап.

Ауғанстаннан Көкшетауға жатырқай келген 35 қандас қазір үй-жайы, ас суы түгел жерлесімізге айналды.Тіпті Кіндік-қарағай ауылындағы Файзулла Ахмадидің бес баласы екінші күні-ақ мектепке орналасты. Ұстаздары ауыл балаларымен бірге ойнап, бірге жүрсе, тез ақ тіл үйреніп кетеріне сенімді. Парсы тілінде оқып келген балалар да жатсынбапты.

"Олардың тіл үйреніп, елге сіңіп кетуіне ауыл болып атсалысып жатырмыз", – дейді ұстаздар.

“Жуындырып, киімдерін бәрін тауып беріп, құралдарын бәрін беріп, бейсенбі,  жұма – екі күн, міне, балалар сабақта. Айырмашылық бар екен. Ол жақта 32 әріп парсы тілінде. Бізде апта сабағымыз сенбіден басталады дейді. Бейсенбі, жұма демаламыз дейді. Ислам мемлекеті болған соң ба деп ойладым”, – деді Кіндік-қарағай мектебінің мұғалімі Алтынай Кәрібаева.

Файзулла Ахмадидің отбасына ауылда үш бөлмелі үй берілген. Әйелі мен әпкесі газ қолданып, пеш жағып тамақ пісіруді үйреніп жатыр. Ал отағасы кез келген адамға руы Қоңырат екенін "мақтанып айтамын" дейді. Бұл отбасы  Ауғанстанды тәліптер басып алмас бұрын елге жетуге асыққан.  

“Қазақстан елшілігіне бардық. Онда қазақ екенімізді, руымыз Қоңырат, Орта жүзден екенімізді айтып түсіндірдік. Төрт жылдан бері елге сұранып барып жүрдік. Құжат реттеп, әйтеуір жолымыз түсіп келдік.  Ауғанстанда қиыншылыққа тап болдық. Аш та болдық, атыс-шабыстан қорқып үріктік. Балалар үшін қорықтым”, – деді қандас Файзулла Ахмади.

Мәселен, мектеп жасындағы жеті баласы бар  Шир Әли Өзбакидің отбасы да пәтер берілгенше облыс орталығындағы ірі кәсіпорынның су жаңа жатақханасына орналасқан. Осы жерде оған жұмыс та, субсидия да берілмек. 

“Біз 32 жыл Иранда, содан кейін Пәкістан мен Ауғанстанда тұрдық, оның ішінде саяси ахуалдың тұрақсыздығынан көшіп кеттік. Қазір жағдай өте күрделі, қорқынышты. Өмір сүру мүмкін емес, Талибан бізді қысады. Біз өзімізді еркін сезінбедік, өміріміз үшін қорқатынбыз. Онда әлі де қазақтар көп. Менің оларға жаным ашиды және тарихи Отанына аман оралғанын қалаймын”, – деді Шир Әли Өзбаки.



Басты мәселе, әрине, Отанына көшіп келген қандастардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасауда болып тұр. Шешім бар. Біріншіден, мемлекет отбасының әрбір мүшесіне бір адамға 200 мың теңгеден астам ақы төлейді. Содан кейін жұмыс берушілер қосылады. Алдымен олар қандастарды тегін баспанамен қамтамасыз етеді. Балалар жергілікті мектепке барады, ал ары қарай тек еңбектену қалады.

“Еңбек” бағдарламасы бойынша бұл азаматтарға мемлекет тарапынан республикалық бюджеттен субсидия бөлінеді. Субсидия мөлшері әр басына шаққанда 70 айлық есептік көрсеткіш құрайды. Бұл сегіз адамнан тұратын отбасына жалпы сомасы 1 миллион 633 мың теңгедей субсидия төленеді”, – деді Бурабай ауданы жұмыспен қамту орталығының директоры Жанар Айтмағанбетова.

Ауғанстаннан ауылға келген ағайынның құжаттары қазір Көші-қон полициясында рәсімделіп жатыр. Кешікпей олар Қазақстан азаматы атанады. Қазақ мектебіне барып ана тілінде білім ала алады.

"Аңсап жеткен атамекенде ел қатарлы өмір сүру үшін бар күш, мүмкіндігімізді аямаймыз", – дейді қандастар.

Еске салайық, жақында Ауғанстаннан 35 этникалық қазақ елге жеткізілген еді.

Талқылау