Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда қант диабеті әлеуметтік маңызы бар аурулар қатарынан алынғаны дау туғызды: Енді мемлекеттік көмекті кімдер алады

Фото: Ru.freepik.com

Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі әлеуметтік маңызы бар аурулардың жаңартылған тізімін бекітті. Елімізде кең таралған қант диабеті мен балалар церебралды сал ауруы тізімнен шығып қалғаны қазақстандықтардың ашуын туғызды. Енді олар осы уақытқа дейін тегін алып келген медициналық көмектен қағыламыз ба деп алаңдайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

6 қарашада Денсаулық сақтау министрлігі “Әлеуметтік маңызы бар аурулар тізбесін бекіту туралы” бұйрыққа енгізілген өзгерістерді жариялады. Құжат 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.

Осы күннен бастап әлеуметтік маңызы бар аурулар тізіміне төрт ауру тобы енбей қалады:

  1. Қант диабеті,
  2. БЦС (балалар церебралды сал ауруы),
  3. Ревматизм;
  4. Дәнекер тінінің жүйелі зақымданулары (мысалы, жүйелі қызыл жегі, жүйелі склеродермия, дерматомиозит және Шегрен синдромы).

Оның орнына тізімге инсульт (аурудан кейінгі бірінші жыл ішінде) және эпилепсия енгізілді.

Наразылық білдіргендер аталған диагноздан емделіп, ай сайын дәрі-дәрмек пен ем-домға шығындалатынын жеткізді. Осы уақытқа дейін диабет бойынша мүгедектік берілген науқастардың өзі айына 100 мың шамасында шығындалады. Олардың бірі Нұргүл Шакирова. Нұргүлге дәрігерлер 9 жасында 1 типті қант диабеті деген диагноз қойған.

“Сол кезде мен бір уақытта тұмаумен ауырып жүріп, қатты стресте болдым. Мұның салдары диабеттің асқынуына және дамуына себеп болды. Мен осы уақытқа дейін тегін дәрі-дәрмек алып келдім: екі түрдегі инсулин, біріншісі, қысқа уақытқа әсер ететін, тамақ ішер алдында қолданылады, екіншісі, қантты тұрақты деңгейде ұстап тұратын әсері ұзаққа жететін инсулин”, – дейді кейіпкеріміз.

24 жастағы қазақстандық 2012 жылдан бері мүгедектер қатарында.

“Қазір 3-топтағы мүгедекпін, бұл мерзімсіз. Мүгедектіктің арқасында мен әлі де дәрі-дәрмекті тегін аламын және әлеуметтік жәрдемақы аламын. Сондай-ақ жыл сайын профилактика үшін шипажайға бара аламын. Қазір мен тек креон дәрісін ай сайын 70–90 мың теңгеге сатып аламын. Менде диабеттің асқынған ауыр түрі болғандықтан, яғни, диабеттік энтеропатия үшін қабылдаймын. Креон тегін берілмейді, өйткені қымбат дәрі. Диабетпен ауыратын науқасқа креоннан басқа да қажет көптеген дәрі-дәрмектер мен құралдар бар. Атап айтқанда, глюкометр, глюкометрге арналған тест-жолақтар, инсулиннің екі түрі, шприц-қаламсапқа арналған ине, несептегі кетондарды анықтайтын тест-жолақтар. Көптеген диабет диагнозы бар науқастарда қалқанша безбен де қиындықтар болады. Сондықтан йод немесе эутирокс қабылдау қажет. Креон мен қалқанша безіне арналған дәрілерді есепке алмасақ, барлық дәрі-дәрмек пен қажет құралдарға ай сайын шамамен 70-90 мың теңге жұмсаймын”, – дейді Нұргүл Шакирова.

Айтуынша, дәрі дәрмек қана емес, инсулиндік сорғы пайдаланатын науқастар да бар. Олардың шығыны тіпті көп дейді ол.

“Өйткені олар қымбат тұрады. ал мен оны қолданбаймын. Инсулиндік сорғының құны 1-3 миллион теңгенің аралығында. Ал оның ай сайынғы шығын материалдары науқастың инсулин дозасына және катетерді қаншалықты жиі ауыстыратынына байланысты, шамамен 100–200 мың теңге болады. Бірақ бұл құрылғы балаларға тегін беріледі. Мүгедектігі бар науқас ретінде, айтарлықтай өзгеріс байқамадым. Себебі әлі де инсулинді тегін аламын. Бірақ ем-домға кететін шығын мүгедектігі жоқ науқастардың қалтасын қағады. Диабет диагнозы бар науқастарға арналған өте жақсы құрылғылар бар, бірақ оларды алу үшін бәрінің қалтасы көтере бермейді. Мысалы, екі аптада ағзадағы қант деңгейін тәулік бойы өлшеп, барлық ақпаратты телефондағы қосымшада көрсететін датчик бар. Ол қанттың көтеріліп немесе түсіп бара жатқанын алдын ала ескертіп отырады. Бірақ мұндай құрылғының бағасы 70–80 мың теңге. Осы құрылғыны сатып алғым келеді”, – деді ол науқастардың сырқатын бақылап отыруы үшін де қомақты қаражат керегін айтып.

Жүктіліктен кейін қант диабеті диагнозы қойылған Айнұр Көкібаева да тегін алып жүрген дәрі-дәрмек енді қыруар шығынға батыра ма деп алаңдайды.

“2015 жылы қызымды босанған соң қант диабеті пайда болды. 10 жылдан бері емделіп жүрмін. 2015 жылдан бері инсулин тегін беріліп келеді. Десе де, басқа ешқандай әлеуметік көмек жоқ. Жәрдемақы алмаймын. Бала кезден мүгедектік болған соң сақтандыру мемлекеттен төленеді. Бірақ мүгедектік мәртебесінің қант диабетіне қатысы жоқ. Инсулин қолданған соң витаминдер алып тұруға тура келеді. 50-60 мың теңге оған кетіп қалады. Дәрігер ұсынған дәруменді алып ішпесем, өздігімнен витаминдер іше алмаймын. Енді тегін беретін дүниені алып тастағаны қиын болып тұр. Инсулинге тәуелді болған соң қорқыныш бар. Оны сатып алу да мүмкін емес. Мен ғана емес, басқа да жастайынан ауыратын балаларға обал”, – дейді кейіпкеріміз.

Айнұрдың сөзінше, қазірдің өзінде дәріге кететін шығын көбейген.

“Кейде аллергия болып, ауырған кезде система қабылдауға тура келеді. Дәрігер системаға қосымша дәрі-дәрмек жазып береді. Оның өзіне 50 мың ақша кетеді. Қосымша дәрумендер аламын. Оның өзіне 50-60 мың теңгедей кетеді. Бұл есімде қалған шығын. Нақтырақ ай сайын 100-130 мың теңге арасында ем-домға жұмсаймын”, – дейді Айнұр Көкібаева.

Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Әсел Кидиралиева қант диабетінің әлеуметтік маңызы бар аурулар қатарынан шығарылса да науқастар қажет дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілетінін айтты.

“Қант диабеті – динамикалық бақылауға жататын созылмалы аурулардың қатарында. Олар әлеуметтік маңызы бар аурулар тізбесінен шығарылғанымен медициналық көмектен, немесе дәрілік заттардан, емнен шектелмейді. Науқастар үшін медициналық көмектің көлемі толығымен сақталады. Қант диабетінің әлеуметтік маңызы бар аурулар қатарынан шығарылу себебі – қаржыландыру көзі ауыстырылды. Бұрын тегін медициналық көмектің кепілдік пакеті болса, 2026 жылдан бастап МӘМС пакетіне кіреді. Бұл тек әкімшілік шара. Науқастар медициналық көмектен шеттетіліп қалады деген қауіп жоқ”, – деп сендірді Әсел Кидиралиева.

Қазір Қазақстанда қан диабетімен ауыратын 550 мыңнан астам науқас бар. Оның ішіне балалар да, 1,2 типтегі қант диабетімен ауыратын науқастар дипансерлік есепте тұрады.

“Олардың 96%-ы жүйеде сақтандырылған. Олар медициналық көмектен шеттетілмейді. Ал қалған 4%-ы сақтандырылмаған. Олар: мүгедектігі бар науқастар, кәмелет жасқа толмағандар, “Алтын”, “Күміс” алқа иелері, ресми түрде жұмыссыз болып саналатындар азаматтар, студенттер мен мүгедет бала тәрбиелеп отырғандар. Осындай 15 льготтық категория бар. Ендігі сұрақ, 18 жастан асқан, мүгедектігі жоқ, жұмыссыз науқастар не істейді? Егер науқас жұмыссыз болса, олар жұмыспен қамту арқылы жұмыссыз ретінде тіркеліп, автоматты түрде мемлекет тарапынан сақтандыру мәртебесіне ие болады. Бұдан бөлек, табысы төмен азаматтарға жергілікті атқарушы органдар тарапынан сақтандыру қарастырылған. Ал өзін-өзі қамтитындар айына 4250 теңгеден төлеп, сақтандыруын жүргізе береді”, – дейді ресми өкіл.

Оның айтуынша, денсаулық сақтау министрлігінде медициналық көмек диагноздар бойынша беріледі. Егер қант диабеті бар, медициналық көрсеткіштер бойынша көзделген болса, науқас медициналық көмек болсын, дәрілері болсын тегін ала алады. Бұл оның мүгедектік мәртебесінің бар-жоғына қарамайды. 

Желі қолданушылары да Қазақстанда кең тараған сырқаттың әлеуметтік маңызы бар аурулар қатарынан алынып тастағанымен келіспейді. Тіпті денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың отставкаға кетуін талап етті.

“Отставкаға кетсін”, “Қант диабетімен ауыратын науқастар үшін қанша шектеу барын біле ме?”, “Ең қиын ауру – қант диабеті”, “Өзіне бренд киім алуға ақша жетпей қалады ғой”, “Қаражатты үнемдеудің амалы”, “Медицинадан хабары бар ма?”, “2026 жылдың қаңтарынан бастап мен сияқты 2-типтегі қант диабеті бар адамдарға виктоза немесе трулисити (қант деңгейін төмендетуге көмектесетін препараттар) енді берілмейді. Тіпті МӘМС-ке төлесем де. Олар – қымбат препараттар”, – деп жазды желідегілер.

STAN.KZ
Жұма, 21 Қараша, 2025 16:18