"Негізгі айғақ – бір-бірімен хат алмасуы": Атыраудағы Яна Легкодимованың өлімі туралы шындықты ашқан тергеуші істің хронологиясын айтып берді
Легкодимова фотосы әлеуметтік желіден, Темірхан Хажмұратов фотосы Атырау ПД
Қазақстандықтар Яна Легкодимова өліміне қатысты істе тергеуші болып, негізгі айғақтарды жинаған аға тергеуші Темірхан Хажмұратовтың жұмысын қызу талқылап жатыр. Тіпті оны желіде "Біздің шерлок" деп атап кетті. 28 жастағы Темірхан Хажмұратов көбіне кісі өлтіру, зорлау, балаларға қатысты қылмыстар сияқты аса қауіпті істерді тергейді. Тергеуші мамандығын және нақ осы бағытты ол интернатта оқып жүргенде саналы түрде таңдапты. Stan.kz ақпарат агенттігі жас тергеушіден Яна Легкодимоваға қатысты істе қандай деректер көмектескенін сұрады.
"Ең қиыны айыпталушылардың кісі өлтіргенін дәлелдеу болды"
Әріптестерінің сөзінше, Темірхан Янаның денесі табылғанға дейін-ақ дәлелдерді жинаған. Дәл осы тергеушінің тобы өшірілген хаттарды қалпына келтіріп, күдіктілердің цифрлық іздерін тінтіген. Тіпті тергеу изоляторындағы адамдар арқылы аудиохабарламаларға қол жеткізген. Осындай тыңғылықты зерттеудің арқасында тергеушілер айыпталушылардың айтпаған дүниелерін ашқан.
"Бұл істе ең қиыны Янаны өлтірген Хайыржанов пен Қатимов екеніне бұлтартпас дәлелдер табу болды. Олардың ішінара мойындауы және оқиға орнынан видеолар бар, бірақ олар нақты дәлел болмайды, тіпті айыпталушыларды қорғап алуы да мүмкін. Бұл істе бұлтартпас дәлел "В контакте" желісіндегі хаттар болды. Кісі өлімін тергегенде әдетте тергеушілер оның алдындағы оқиғаларға терең үңілмей, нақты өлімнің өзіне назар аударады. Бірақ Яна ісінде айыпталушылардың бір-біріне жазған хаттары оқиғаның толық көрінісін құрады. Хаттарда олардың өлтіруді талқылағаны, жоспарлағаны, не туралы сөйлескені және одан кейін өздерін қалай сезінгені бар. Сол себепті де жазылған хаттар бұл тергеудің негізгі кілті болды. Оқиға болған жердегі бейнебақылау камерасындағы жазбаға басты назар аудардық. Бүкіл бейнебақылау камераларындағы жазбаларды мұқият қарап шығу оқиға болған жерді табуға мүмкіндік берді", – дейді аға тергеуші Темірхан Хажмұратов.
Айыпталушылар интернеттен “Қазақстанда адам өлтірсең, қанша жылға сотталасың?”, “Сергекте” жазба қанша уақыт сақталады?” деп іздеген
Аға тергеуші тіпті сотталғандардың интернеттен не нәрселерді іздегенін де, компьютеріндегі деректерді де тауып, зерттеген.
"Оған қоса біз олардың интернеттен не іздегенін де анықтадық, яғни бұрын ізделген нәрселер сақталып қалған. Сұрауларының қатарында "Қазақстанда кісі өлтіргені үшін қанша жылға соттайды?", "Атыраудағы "Сергек" камераларында видеолар қанша уақыт сақталады?", "Ауладағы видеожазбалар қанша уақыт сақталады?", "Мәйітті қалай суға батырып жіберуге болады?", "Адамды қалай улауға болады?" деген сұрақтар болды. Олар өлтірудің әртүрлі әдістерін іздеген", – дейді ол.
Темірханның сөзінше, осы тергеуде олар заманауи технологияларды барынша қолданған. Cоның арқасында да жақсы нтижеге жеттік дейді ол.
“Осы істі тергегенде біз қылмыскерлердің цифрлық ізін зерттеу, өшірілген деректерді қалпына келтіру тәжірибесін жаңадан қолдандық. Қазір әр смартфонда файлдар, қалталар және қолданбалар сақталатын деректердің сақтық көшірмесі – backup болады. Тіпті сотталғандардың жұмыс компьютерлерінде сақталған мәліметтерді де зерттедік. Мұндай шаралар әдетте кісі өлтіруді тергеуде қолданылмайды. Кісі өлтірудің өзі дәлелденген кезде олар қажет емес. Бірақ бұл жағдайда тергеу цифрлық дәуірдің талаптарына сай жүргізілді дей аламыз. Соның арқасында осындай нәтижеге қол жеткіздік”, – дейді аға тергеуші.
Тергеушілер Жайық өзенінің ағысын бақылап, дененің қай тұсқа ағып барғанын да теория жүзінде құрастырған.
“Біз сегіз ай бойы хат-хабарларды және басқа да дәлелдемелерді зерттеп қана қоймай, барлық ықтимал нұсқаларды жан-жақты талдадық. Ақпарат жинау мақсатында жасырын әрекеттер де жасадық. Жайық өзенінің кейбір жағаларында ағыны айтарлықтай баяу немесе мүлдем болмайды. Өзеннің бұл жері әдетте негізгі ағыннан және мұздың жылжуынан қорғалып тұрады. Мысалы, мүйіспен немесе темір бұрыммен. Дененің қалдығы табылған кезде мен сол жерге бардым да, дененің дәл өзен бұрылысынан табылғанын көрдім.
Тергеуші дененің өзеннен табылғанына қарай өз нұсқаларын айтып берді:
“Біздің нұсқамыз былай болды: дене ағыспен төмен қарай қалқып, бұрылыста тұрып қалып, біраз уақыт сол тұста қалған. Мәйіт табылғанға дейін және одан кейінгі өзен суының деңгейі туралы мәліметті "Қазгидрометтен" сұрадық. Судың көтерілуі мен төмендеуін салыстырдық. Осы уақыт ішінде су деңгейі шамамен 55 см-ге төмендеп, дене су бетіне қалқып шыққан. Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясына түскен сауал сол аумақта қарсақтар мекендейтінін растады. Мен қарсақтар кемірген адам денесі табылған жағдайды бұрын да кездестірдім. Олар денені, тіпті сүйектерді де мүжи алады. Сот-медициналық сараптама да Янаның сүйек қалдықтарынан мүжу іздерін тапты. Осы факторлардың бәрі біздің теориямызды растап берді”, – дейді Темірхан Хажмұратов.
"Мен қылмысты мінсіз жасыру мүмкін емес деп есептеймін"
Сонымен қатар ол қылмыстық істі идеал түрде жасырып қалуға болады дегенге сенбейтінін айтты. Оның сөзінше, кез келген істе күдік тудыратын немесе дәлел болатын жайттар кездеседі.
"Мен әрдайым қылмысты мінсіз жасыру мүмкін емес деп қараймын. Оқиғаны ұсақ элементтерге бөліп, әрқайсысын жеке-жеке тексеру керек. Бүкіл элемент "Мозаика" болып құрылғанда қылмыскер туралы жалған көрініс өзінен өзі жоғалады", – дейді Темірхан.
Аға тергеуші қылмыскерлерге тән бір ортақ белгі, әрекет болмайтынын да айтты.
"Тәжірибемнен айтсам, нақты бір әмбебап белгі болмайды. Қылмыскерлер әртүрлі болады", – дейді тергеуші.
"Көпшілік сынаса, демек бізден жауап қажет болғаны"
Темірхан Хажмұратов халықтың тарапынан қандай да бір іске қатысты сын, талқылау болса, демек адамдарға нақты жауап керек, біз сол жауапты беруіміз қажет дейді.
"Біз қылмысты ашықтық және фактілер арқылы ғана аша аламыз. Егер халықтан сын болса, демек адамдарға жауап қажет. Біз қандай әрекеттер жасалып жатқанын және не үшін жасалып жатқанын түсіндіруге міндеттіміз. Ең бастысы – эмоцияға берілмей, жұмысты жалғастыра беру. Резонансқа толы істермен жұмыс істеп, қалыптастырған басты әрі өзгермейтін бір қағидам – істі жан-жақты және объективті тергеп-тексеру. Барлық мән-жайды толық әрі бейтарап талдағанда ғана шындықты табуға болады және бұл әділ процессуалды шешім шығаруға мүмкіндік береді", – дейді Темірхан Хажмұратов.
Темірхан Хажмұратов Атырау қаласында дүниеге келген. 9-сыныптан кейін Алматыдағы Бауыржан Момышұлы атындағы әскери мектеп-интернатта оқыған. Жастайынан тергеу саласына қызығып, Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясын бітіріп шыққан. Оқуды аяқтаған жас лейтенант Атырау қалалық полиция басқармасына тергеуші болып қабылданған. Үш жылда өзінің кәсібилігін дәлелдеп, облыстық департаментке ауысқан екен. Бүгінде ол – аса маңызды істер жөніндегі аға тергеуші, алты жылдық тәжірибесі бар білікті маман.
"Тергеуші эмоцияға берілмеуі керек"
Өзінің айтуынша, әдетте тергеуші бір уақытта 4-5 істі тергеп жатады. Мұның өзі – қызметкердің орташа жүктемесі. Әсіресе адам өлімімен байланысты қылмыстар барынша терең талдауды, дәлелдерді мұқият жинауды және сарапшылармен тығыз жұмысты талап етеді дейді ол.
"Тергеудің ең маңызды кезеңі – оқиға орнына шығу. Дәл сол жерде негізгі ақпарат жиналып, әрі қарай сараптама, сұрау, ресми рәсімдеу жұмыстары істеледі. Тергеудің финалдық кезеңі – ең күрделіcі. Себебі бұл жерде ерекше ұқыптылық пен дәлдік керек", – дейді полиция капитаны.
Темірхан қолға алған істердің барлығы айыптау үкімімен аяқталыпты. Тергеуші мұныдай нәтижені қаталдықпен емес, әр детальды жіті бақылап, дәлелдемелер базасын сапалы қалыптастырумен байланыстырады.
"Тергеуші бейжай бола алмайды, бірақ эмоцияға берілмеуі керек. Әр істің артында адам тағдыры тұрады. Сондықтан сезімге ерік беру – қатеге апаратын жол. Өз жұмысыма Бауыржан Момышұлының “Тәртіпке бағынған құл болмайды” деген сөзін қағида етіп алғанмын. Тергеуші үшін ішкі тәртіп пен сабыр – ең басты қару. Сол себепті кез келген істі эмоциямен емес, дәлел және заңмен шешемін", – дейді тергеуші Темірхан Хажмұратов.
Өз қызметінде Темірхан бірнеше аса ауыр істерді ашқан:
- 5 маусымда 7 жасар қызды мас ер адам зорлағаны, артынша қылмысын жасыру үшін өлтіргені дәлелденді. Қыздың денесі Құрсай өзені маңынан табылған. Қылмыскер өмір бойына бас бостандығынан айырылды.
- 29 сәуірде NCOC компаниясы қызметкерінің өлімі бойынша да тергеуді Темірхан Хажмұратов жүргізді. Жөндеу шебері ретінде сенімге кірген бұрын сотталған ер адам әйелді пышақтап өлтіріп, мүлкін алып қашқан. Күдікті Маңғыстауда ұсталып, сот үкімімен өмір бойына бас бостандығынан айырылды.
- 2024 жылғы 18 қазанда жоғалған 23 жастағы Яна Легкодимова ісімен де Темірхан айналысқан. Қызды екі танысы өлтіріп, денесін жасырған. Іздеу жұмыстары сегіз айға созылып, 2025 жылы табылған қалдықтар сараптамамен расталды. Сот үкімімен екі күдікті де өмір бойына бас бостандығынан айырылды.
Темірхан Хажмұратов – бүгінде екі қызды тәрбиелеп отырған әке. Атырау Полиция департаментінің мәліметінше, қызметінің ауырлығына қарамастан, ол спортпен айналысып, марафондарға қатысады.
"Ішкі істер органдарында қызмет ету үшін ішкі тәртіп, жоғары жауапкершілік, сабыр және аяқталған істің артында адам тағдыры тұрғанын түсіне білу қажет", – дейді Атырау ПД аға тергеушісі, полиция капитаны Темірхан Хажмұратов.
Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі көпбейінді мамандандырылған сотының судьясы Зарема Хамидуллина Яна Легкодимова өліміне қатысты сотта үкім жарияланғаннан кейін аға тергеуші Темірханның жұмысын атап өтті.
"Сот Хажмуратовқа қатысты оны көтермелеу туралы жеке қаулы қабылдады. Өкінішке қарай, биыл аса қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру фактілері көбейді. Осы қылмыстық істердің барлығын тергеуші Хажмуратов тергеді", – дейді судья Зарема Хамидуллина.
Дегенмен аға тергеуші Темірхан әріптестері марапатқа ұсынғаны туралы жаңалықты қалай қабылдағанын айтпады. Жай ғана "Мен өз жұмысымды істедім" деді.
Еске сала кетейік, 2024 жылдың қазан айында жоғалып кеткен Яна Легкодимованың мәйіті биыл маусымда Атырау облысынан табылған еді. 2024 жылдың 18 қазанында бойжеткен танысының қоңырауынан кейін үйінен шыққан. Бірақ сол күйі үйіне оралмаған. Ол өмірінің соңғы сәттерінде танысының көлігінде болған. Қылмыстық істі қозғауға Янаның күнделігі себеп болған. Марқұм күнделігінде "Р" деген біреуді атап өткен.
17 қарашада сот Янаны өлтірді деп айыпталған 24 жастағы Ризуан Хайржанов пен 25 жастағы Алтынбек Катимовты аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін өмір бойы бас бостандығынан айырды.
"Негізгі айғақ – бір-бірімен хат алмасуы": Атыраудағы Яна Легкодимованың өлімі туралы шындықты ашқан тергеуші істің хронологиясын айтып берді