Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Оқушылардың бірін "чушпан" деп атаған": Алматыдағы мектепте ата-аналардың бірі жанжал шығарды (видео)

Желіде Алматыдағы мектептердің бірінде ата-ананың қатысуымен өткен жаңа жылдық кеште түсірілген видео қызу талқылаға түсуде. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Видеодан алынды

Куәгерлердің айтуынша, бұл оқиға 27 желтоқсанда болған. Ата-аналардың бірі жоғары сынып оқушыларының кіші сынып оқушыларына ұйымдастырған жаңа жылдық кешінің ұнатпаған. Сосын өз наразылығын балаларды балағаттау арқылы жеткізген.

"Шырша бастауыш сынып оқушыларына арналған. Аталған шараға бірінші сынып оқушыларының бірінің анасы қатысты. Шараны орта мектептің оқушылары тегін ұйымдастырды. Мерекелік іс-шараны ата-аналардың бірі ұнатпады. Ол балаларды сынап, дөрекі сөйлей бастады. Ол оқушыларға айқайлап, балағаттады. Оқушылардың бірі күзетшіден оны мектептен шығарып жіберуді сұраған кезде, оқушыны “чушпан” деп атап жүгіріп шығып кеткен”, - деп жазды мектеп оқушылары Instagram желісінде.

Алматы қалалық білім басқармасы мұндай оқиғаның қала мектептерінің бірінде болғанын растады.

Ведомствоның хабарлауынша, 1-4 сыныптар арасында жаңа жылдық шырша кеші кестеге сәйкес өткізілді. Мерекені мектеп әкімшілігінің жетекшілігімен жоғары сынып оқушылары ұйымдастырды.

"Ата-аналарды мерекеге кіргізбеген. Алайда кейбір ата-аналар балаларының киімін ауыстыратынын айтып, сынып жетекшілерден ішке сұранып кірген. Сондай-ақ 1-сынып оқушысының анасы Б.Ш. баласының киімін ауыстырып, онымен бірге залға кірген. 

Мереке біткен кезде Б.Ш. оқушыларға жақындап, өзінің наразылығын білдіріп, айғайлап, балағаттаған. Мектеп әкімшілігі оқушыларды қорғауға тырысып, соңында полиция шақырылды", - деп хабарлады қалалық білім басқармасы.

Учаскелік инспектор ата-анаға қатысты әкімшілік шара қолдану туралы Медеу аудандық ішкі істер бөлімінің бастығына хаттама жасап, ұжымдық арыз жазды.

"Қазіргі таңда Медеу аудандық ішкі істер басқармасында Б.Ш.-ға қатысты әкімшілік іс қаралып жатыр. Зардап шеккен оқушылардың ата-аналары кінәлі жазасыз қалуы мүмкін деп қауіптенуде. Сол себепті видео әлеуметтік желіде жарияланды. Қазіргі уақытта барлық оқушылармен және олардың ата-аналарымен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Оқушылардың қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында сынып жетекшілерімен, күзетшілермен, директор орынбасарларымен әңгіме жүргізілді", - деп толықтырды Алматы қалалық білім басқармасы.

Талқылау