"39,4 мың адам таза суға жете алмай отыр": Қазақстанда су инфрақұрылымын дамытуға бюджеттен қанша қаржы бөлінді
Фото: Ru.freepik.com
Қазақстан аумағында су инфрақұрылымын дамытуға республикалық бюджеттен 124 миллиард теңге бөлінді. Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырыстарында елдегі ауыз сумен қамтамасыз ету жобаларын жылдамдату шаралары талқыланды. Солтүстік Қазақстан облысындағы ауылдарының тұрғындары 100% сапалы ауыз сумен қамтылмақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев 2025 жылы Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне тиісті жобаларды іске асыру үшін республикалық қазынадан 124 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлінетінін айтты.
Сонымен қатар Арнаулы мемлекеттік қор есебінен екі кезең бойынша қосымша 160 миллиард теңге бағытталған.
“Құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтау үшін өңірлік әкімдіктер мен орталық мемлекеттік органдар жыл соңына дейін бақылауды күшейтуі қажет", — деп нақтылады вице-премьер өз баяндамасында.
Өз кезегінде премьер-министр барлық жобалардың орындалу барысын жүйелі түрде бақылауда ұстау міндетін қойды.
Қарағанды облысы
Мемлекет басшысының елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету және инфрақұрылымды жетілдіру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Үкімет тарапынан Қарағанды өңіріне 5,1 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаражат су құбыры желілерін жаңарту және жаңадан салу жұмыстарына жұмсалмақ.
Қаражаттың көзі — мемлекетке қайтарылған активтер.
Аталған жобалар Қарағанды қаласымен қатар, бірнеше елді мекендерде жүзеге асырылады. Атап айтқанда, Тихоновка, Садовое, Колхозное, Ақтерек, Әлихан ауылдары мен Көктенкөл стансасы қамтылған.
Желілер әбден тозып кеткендіктен жаңғырту мен құрылыс жұмыстары қолға алынды. Көптеген су жүйелері ондаған жылдар бойы жаңартылмағандықтан, жиі апат болып, су беру үзілістері мен тұрғындардың шағымына себеп болған. Барлық жоспарланған жұмыстарды 2025 жылдың соңына дейін толық аяқтау көзделіп отыр.
Қазір Қазақстанда елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз етуді кезең-кезеңімен жүзеге асыру жалғасып жатыр. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметіне сәйкес, Қарағанды қаласының тұрғындары орталықтандырылған ауыз сумен 99,4% қамтылса, ауыл халқының қамтылу көрсеткіші – 97,9%.
Ақмола облысы
Мемлекет басшысының тапсырмасымен елге қайтарылған заңсыз иемденілген активтер есебінен әлеуметтік маңызы бар жобаларды қаржыландыру жалғасып жатыр. Соның аясында Ақмола өңірінде сумен жабдықтау инфрақұрылымын дамытуға Арнаулы мемлекеттік қордан 21,5 миллиард теңге бөлінді.
Қазір облыста сумен қамту бағытында 28 жоба іске асырылып жатыр. Зеренді ауданында жаңа су желілерін салу және бұрыннан бар жүйелерді жаңарту мақсатында 6 миллиард 564 миллион теңге қарастырылған. Бұл жұмыстар Ақадыр, Жылымды, Қанай би, Көктерек, Садовое, Троицк, Васильковское, Өркен, Өзен және Баратай ауылдарын қамтиды.
Аталған жобалардың ішінде ең ауқымдысы – Өркен кентінде жүзеге асырылып жатқан ұзындығы 6 шақырым болатын су жүйесі. Бұл елді мекенде 1 мыңнан астам адам тұрады. Жобаның құны – 583 миллион теңге.
“Облыстың 9 ауданында жаңа су көздерін салу және бұрынғы жүйелерді қайта жаңғырту мақсатында 2 миллиард 287 миллион теңгеден астам қаражат игерілуде. Бұл жобалар бойынша нысандарды іске қосу 2025 жылдың соңына жоспарланған. Сандықтау ауданында 22,3 шақырымға созылатын топтық су құбырын тарту жұмыстары жүріп жатыр. Бұл мақсатқа арнайы қордан 200 миллион теңге бөлінген. Сонымен қатар Нұра топтық су жүйесін жаңарту және Покровское ауылынан Қажымұқан мен Талапкер ауылдарына су тарту жұмыстары жүргізілуде. Бұл екі жобаға жалпы көлемі 9,5 миллиард теңге қаржы қарастырылған”, – делінген хабарламада.
Қазір Ақмола облысының қалалық елді мекендерінің 99%-ы, ал ауыл тұрғындарының 96,6%-ы орталықтандырылған су жүйесіне қосылған.
Жалпы, елге қайтарылған активтер есебінен республика бойынша денсаулық сақтау, спорт, сондай-ақ инженерлік инфрақұрылым мен су шаруашылығын жаңғырту бағыттарындағы маңызды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр.
Солтүстік Қазақстан облысы
Арнаулы мемлекеттік қордан бөлінген 45 миллиард теңгеден астам қаражат Солтүстік Қазақстан облысының ауылдық елді мекендерінде ауыз су жүйесін дамытуға жұмсалды. Бөлінген қаражат аясында өңірде барлығы 48 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобаларға Соколов, Булаев және Преснов топтық су жүйелерін жаңғырту жұмыстары, сонымен қатар Айыртау мен Шал ақын аудандарындағы елді мекендерді Көкшетау топтық су құбырына қосуға бағытталған жаңа су желілері мен тарату жүйелерін салу кіреді.
Жобалар толық аяқталған соң, облыс ауылдарының тұрғындары 100% сапалы ауыз сумен қамтылады.
Айта кетейік, Қазақстандағы ең ұзын топтық су құбырлары дәл осы Солтүстік Қазақстан облысында орналасқан. Жалпы ұзындығы 3 000 шақырымнан асатын бұл жүйелер арқылы 229 ауыл, яғни 175 мыңнан астам тұрғын тұрақты ауыз сумен қамтамасыз етілген. Қазір Петропавл қаласының халқының 100%-ы, ал ауылдық елді мекендердің 97,5%-ы орталықтандырылған сумен жабдықтау қызметін пайдаланып отыр.
Абай облысында ауыз сумен қамту бойынша 37 ірі жоба қолға алынды.
Үкімет отырысында облыс әкімі Берік Уәли қазір өңір бойынша сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 93,4%-ға жеткенін айтты. Қалалық жерлерде бұл көрсеткіш — 94,2%, ал ауылдық аумақтарда — 93,1%. 320 ауылдық елді мекеннің ішінде 171 ауыл орталықтандырылған су жүйесіне қосылған, 99 ауылда блоктық модульдер орнатылған, ал 24 ауыл жергілікті су көздерін пайдаланады. Алайда 39,4 мың адам әлі де таза суға толық қол жеткізе алмай отыр.
“Халықты ауыз сумен 100% қамтамасыз ету туралы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында қазіргі таңда облыста жалпы құны 14,4 млрд теңгеге бағаланатын 37 жоба іске асырылып жатыр”, — деді Берік Уәли.
Бұл жобалардың 19-ы үкіметтің қолдауымен атқарылып жатыр, олардың жалпы құны — 10,7 миллиард теңге. Сондай-ақ облыстық бюджет есебінен 6,2 миллиард теңге тұратын үш жоба қолға алынған, қазір оның 620 миллион теңгесі игерілді. Құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр, ал қосымша қаражат бөлу мәселесі тиісті министрліктермен келісіліп жатыр.
Өңір басшысы барлық жобалар толығымен аяқталғанда, облыстағы сумен қамту проблемасы шешімін табатынын атап өтті.
Түркістан облысында халыққа сапалы ауыз су қолжетімді болу үшін бюджеттен 20 миллиард теңге бөлінді. Қазір облыста Шардара топтық су құбырының құрылысы жүріп жатыр. Оның құны – 5 миллиард теңге. Арнаулы мемлекеттік қор есебінен Жібек жолы, Шеңгелді, Ақ үй, Қаратөбе, Жуантөбе, Жаңадәуір, Есікқорған, Құйған және Ақсу ауылдарының тұрғындары ауыз судан қиналмас үшін 4,2 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінді.
Сондай-ақ Сарыағаш, Қазығұрт, Келес, Ордабасы мен Отырар аудандары да мен қамтылып жатыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін Сарыағаш ауданында магистральді су құбырын жаңғыртуға 2,5 миллиард теңгеден аса қаржы бөлінген еді. Осы жобаның нәтижесінде 260 мыңнан астам тұрғыны бар 66 ауыл орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылады деп жоспарланып отыр.

Үлескерлерге қатысты заң өзгереді, Трамптың 25%-дық баж салығы күшіне енеді: Қазақстанда 1 тамыздан бастап не өзгереді
