
Фото: ЖИ
Медиаволонтер, “Unknownkazak” блогының авторы Диас Камериданов әлеуметтік желіде Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Ақмолада құрылып, Харьков түбіндегі қиын-кескі майданда жойылып кеткен 106-шы атты әскери дивизия туралы жазба жариялады. Жазбада дивизия құрамындағы жауынгерлердің жалаң қылышпен танктерге қарсы соғысқаны жазылған. Сондай-ақ автор Отан үшін соғысқан жанкешті жауынгерлер туралы құжаттар да, анықтамалар да жоғын, тіпті мектептерде де ерліктері айтылмайды деп қапаланды. Stan.kz тілшісі Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан қазақ жауынгерлерді іздеумен айналысатын белсенді Макка Қаражановамен тілдесті.
Макка Қаражанова – Дүниежүзілік соғыс кезінде жойылып кеткен 106-дивизия туралы құжаттар мен мұрағаттарды зерттеп жүргендердің бірі. Ол мұрағаттағы құжаттардың негізінде 106 атты әскер дивизиясы туралы тың деректер жариялады.
“106-шы Қазақ ұлттық атты әскер дивизиясы майдарнға дербес құрам ретінде қатыспаған. Соғыс алаңына келгенде-ақ олар ыдырады. Ал оның бөлімшелері 6 кавалериялық корпустың үш атты әскер дивизиясына бөлінді. Бұған дивизияны қабылдау туралы акт, эшелондардың нөмірлері және полктердің корпус құрамына берілуін растайтын құжаттар дәлел. 6-шы атты әскер құрамында бұрынғы 106-дивизия бөлімшелері майдан қолбасшысы маршал Тимошенконың бұйрығымен Красноград қаласын азат етуге тапсырма алды. 1942 жылы 12 мамыр күні таңертең шабуыл басталды. Төрт күнге созылған шайқас нәтижесінде корпус генерал Бобкиннің тобына кіретін 7-танк бригадасымен бірге жау қорғанысын бұзып, Красноградтың шетіне шықты. 16 мамырдан бастап қаланы шабуылмен ала бастаған. Алайда 17 мамырда немістің Клейст тобы Барвенково мен Славянсктен оңтүстіктен қарсы шабуылға өтіп, Оңтүстік-Батыс майданының соққы беруші топты қоршауға түсіре жаздады. Осылайша 19 мамыр күні шабуыл тоқтатылды. 22 мамырда генерал Бобкиннің әскер тобына Орель өзеніне шегініп, 6-шы атты әскер корпусын Булацеловка маңындағы резервке шығару туралы бұйрық берілді. “Харьков қазанында” қай жауынгердің тұтқынға түсіп, қайсысы қаза тапқаны әлі күнге дейін беймәлім. Тек "Халық жады" сайтына жаңа аттас істердің түсуі арқылы ғана кейбір жауынгерлердің тағдырын анықтауға мүмкіндік туады. Осындай сәттерде мен ұмыт болған тағы бір жауынгердің ел есіне түскеніне қуанамын”, – дейді Макка Қаражанова.
“Қазақстаннан келген делегация құжаттарды өзімен алып, жауапсыз кетті”
Макка Қаражанова Диас Камерадиннің “мұрағатта 106-шы дивизияға қатысты бірде-бір құжат жоқ, ал оқулықтарда мүлде аталмайды” деген сөзін жоққа шығарды.
“Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Біз Татьяна Крупа және Люся Оксак үшеуіміз 106-шы атты әскер дивизиясы тақырыбына арнайы Ресейдің Подольск қаласындағы Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінде екі рет жұмыс істедік. Біз тапқан барлық құжаттар — сол мұрағаттан алынған. Мұрағатта жұмыс істеу оңай шаруа емес: істерге тапсырыс бергенде қате кетсе, бүкіл күн босқа өтеді. Сондай-ақ көшірмелер мен жұмыс едәуір шығынды талап етеді. Қазақстан Қорғаныс министрлігінің делегациясы, генерал Мүслім Даировтың басшылығымен, соғыс болған жерлерді аралап, 106-шы атты әскер дивизиясының 6-шы атты әскер корпусындағы бүкіл жауынгерлік жолын — Савенцы станциясына келген сәтінен бастап, Алексеевкадағы штабқа дейін және Красноград қаласындағы шайқастарға дейін көзбен көріп, біз жүргізген іздестіру жұмыстарының ауқымына толықтай көз жеткізді. Осыдан кейін Подольск қаласындағы Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінде зерттеуді жалғастыру туралы шешім қабылданды. Подольсктегі Орталық архивке Қазақстан Қорғаныс министрлігінің әскери қызметкерлері мен курсанттарынан құралған үлкен делегация келді. Біз Татьяна екеуміз оларға құжаттармен жұмыс істеуге көмектесу үшін арнайы Харьковтан бір жұмыс күніне барып, тапсырыс рәсімдеуге және сұраныстар құрастыруға жәрдемдестік. Сондай-ақ бұл іске әскери тарихшы Леонид Карцев те қатысты”, – дейді зерттеуші.
Оның айтуынша, Қазақстаннан келген делегация 106-шы атты әскер дивизиясына қатысты көптеген цифрланған құжаттар мен тізімді өздерімен бірге алып кеткен. Барлығын өңдеп, жариялаймыз деп уәде берген. Алайда кейін не болғаны, оны неге іске асырмағаны белгісіз, сол күйі жауапсыз қалған.
Макка Қаражанова “106-атты әскер дивизиясы туралы неліктен Қазақстанның мектептерінде және ұлттық тарихында айтылмайды?” деген сұраққа жауап берді.
“Себебі соғыс тарихын зерттеу — өте мұқият және жүйелі түрде жүргізілуі тиіс жұмыс. Ол мифтер мен аңыздарға емес, тек архивтік құжаттарға негізделуі керек. Өкінішке қарай, бізде тек 106-шы емес, 105-ші атты әскер дивизиясы да беймәлім болып келді. Бұл дивизия да ұлттық құрам ретінде жасақталған және Мәскеу түбінде жоғалып кеткен. Менде ол туралы акт бар, командирлердің есімдері бар, дивизияның артиллериялық бөлімдерге таратылғаны туралы мәліметтер бар. Бірақ толық емес, оның бір бөлігі генерал-полковник Белов басқарған 1-гвардиялық атты әскер корпусына берілген. (И. В. Сталин, 1941 жылғы қараша). Сталин генерал П. А. Беловты "Құтқарушы", ал оның атты әскерлерін "Өрт сөндірушілер" деп атаған. Алайда қазіргі ұрпақ бұл ерлік жайлы көп дүниені білмейді. Бұл — әділетсіздік. Себебі дәл сол кезде кавалериялық корпус вермахтың мақтанышы — фашистік танк армиясын күйрете жеңіп, шегінуге мәжбүр еткен. Бұл — Ұлы Отан соғысы басталғалы алғаш рет болған тарихи оқиға еді”, – дейді Макка Қаражанова.
“Дивизиядағы жауынгерлердің 90%-ы қазақ болған”
Оның сөзінше, 106-ұлттық қазақ атты әскер дивизиясы ұмыт болмас үшін өзімен бірге Татьяна Крупа мен Люся Оксактың, әскери тарихшы Леонид Карцевтің, Красноград қалалық мұражайының директоры Наталья Швец пен Красноград қаласындағы іздеу жасағының мүшесі Александр Билым есімді тұлғалар қажырлы еңбек етті.
“Бұл өте ауқымды, қажырлы еңбек болды. Бізге журналистер де үлкен көмек көрсетті: Андрей Кравченко алғашқы жаңалықтар сюжетiн түсірді, ал Ирина Мироненконың радиоэфирлерінің арқасында біз оқиға куәларыымен байланысқа шықтық. Архивтегі құжаттар біреу оған қызығушылық танытып, оны іздемегенше, жылдар бойы шаң басып жатуы мүмкін”, – дейді Макка Қаражанова.
Сондай-ақ ол 106-шы атты әскер дивизиясындағы жауынгерлердің 90%-ы қазақ болғанын растады.
“Қазақстанда құрылған барлық ұлттық құрамалар — барлығы төртеу — негізінен қазақтардан жасақталған. Бұл – шындық. Олар:
Бұл құраманың әр жеке бөлімшесінде 90%-ға дейін қазақтар болған. Өте мұқият жасақтаған. Оларға “барлық әскери қызметкерлердің бастауыш немесе орта білімі болуы, оқып-жаза алуы керек және орыс тілін меңгерген болуы керек” деген талап қойылды. Құрама командирлері — көбінесе қазақтар — партия органдарында, министрліктерде жұмыс тәжірибесі бар, кәсіби әскери даярлығы бар азаматтар болды. Ұлттық құрамалар жауынгерлік әзірлік, тәртіп және жеке құрамның жоғары деңгейдегі дайындығының жарқын үлгісіне айналды”, – дейді Макка Қаражанова.