FlyArystan жолаушыларды Duty Free-ден алынған тауар үшін қаржы төлеуге мәжбүрледі: Адамдарды ұшаққа отырғызар сәтте тексерген
Фото: Reuters
FlyArystan әуе компаниясының рейсімен Грузиядан ұшып келген қазақстандық Duty free дүкенінен алған тауары үшін айыппұл төлегенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстандық Threads әлеуметтік желісіндегі парақшасында жағдайды баяндады. Ол Грузияның Кутаиси қаласынан Алматыға FlyArystan рейсімен ұшқан екен.
“Әуежайда бәрін заңды түрде жасадық, яғни тіркеуден, паспорттық бақылаудан өткен соң ғана duty free дүкенінен тауар сатып алдық. Бірақ ұшаққа отырғызу кезінде күтпеген жағдай болды. FlyArystan қызметкерлері таразыны шығарып, қолдағы барлық сөмкелерді, тіпті duty free пакеттерін де жеке-жеке өлшеп шықты. Нәтижесінде, 5 келі артық салмақ үшін – 150 лари (шамамен 27 000 теңге) айыппұл салды. Бізде duty free пакеті болған соң, амалсыз төледік. Бірақ талай ел аралап жүрміз, бұрын-соңды duty free-дан алынған заттарды өлшеп, бөлек есептейтін жағдайды бірінші рет көрдік”, – дейді ол.
Бір қызығы duty free дүкенінен бір бөтелке шарап алған әйелге де 27 мың теңге айыппұл салыныпты.
“Ең өкініштісі біздің алдымызда тұрған жолаушы әйел жай ғана бір бөтелке шарап алған екен. Оған қызметкерлер "27 000 теңге төлеңіз немесе бөтелкені тастап кетіңіз" деп айтты. Жаны ашыған басқа жолаушы "менің рюкзагымда орын бар, бөтелкені салып алайын" деп ұсыныс айтты. Алайда қызметкерлер “жоқ, болмайды. Бұл – FlyArystan компаниясының ережесі" деп, рұқсат бермей қойды. Содан кейін бізді ұшаққа апарған автобус жүргізушісі (грузиялық жергілікті қызметкер) “бұл сіздің компанияның шығарып алғаны. Бізде мұндай жоқ" деп айтты”, – дейді қазақстандық.
Жолаушының жазбасына FlyArystan әуе компаниясы жауап берді. Олардың мәліметінше, Duty free дүкендер желісінен алынған заттар қол жүгі санатында.
“Жолаушы тасымалдайтын барлық зат, соның ішінде duty free сауда дүкендерінен алынған заттар да қол жүгі саналады. Халықаралық рейс жолаушыларына duty-free дүкендерінен сатып алынған өнімдерді таңдалған тарифтік пакетке сәйкес, белгіленген қол жүгінің өлшемі мен санынан аспаса ғана бортқа алып өтуге рұқсат етіледі. Егер қол жүгінің нақты салмағы белгіленген 5 келі лимиттен асып кетсе, оны тасымалдау қосымша ақы төлеу арқылы мүмкін болады Ол қолданыстағы тарифтерге сәйкес жүзеге асады”, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ әуе компаниясы аталған шағым тиісті бөлімге жолданып, жағдай тексеріліп, қызметкерлермен қосымша жұмыс жүргізілетінін мәлімдеді.
Жолаушылар Duty Free туралы не білуі керек?
Duty Free — бұл әуежайлардың ұшу аймағында орналасқан кедендік салықтан босатылған сауда дүкендері. Бұл дүкендердегі тауарлар белгілі бір шартпен, яғни олар ел аумағынан тысқары шығарылатын жағдайда салықтар мен баж алымдарынан босатылады.
Duty Free дүкенінен сатып алудың негізгі ерекшеліктері:
- Салықтың бір бөлігінен босатылғандықтан, тауарларды төмен бағамен сатып алуға мүмкіндік бар;
- Өнімдердің түпнұсқалығы тексеріледі, бұл — жалған тауарлардың сатылуын болдырмайды;
- Duty Free аймағына тек тексеруден және рейске тіркеуден өткеннен кейін ғана кіруге болады.
Duty free дүкенінен сатып алған зат үшін әуе компания айыппұл сала ала ма?
Иә, салуы мүмкін, егер:
Қол жүгініңіз әуе компаниясы белгілеген салмақ пен көлем шегінен асып кетсе, онда Duty free тауарлары да соған кіреді. Мәселен, FlyArystan қол жүгіне тек 5 келі рұқсат етіп, ал сіздің сөмкеңіз 4,5 келі, ал duty free пакетіңіз 2 келі шығып, жалпы салмақ 6,5 келі болса, қосымша төлем талап етілуі мүмкін.
Фото: Алматы әуежайы
Не істеуге болады?
Ұшар алдында қол жүк салмағын тексеріп алыңыз. Егер duty free дүкенінен зат алсаңыз, алдын ала жүк мөлшерін есептеңіз. Мүмкіндік болса, қосымша жүк сатып алыңыз немесе заттарды басқа жолаушыға беруге тырысыңыз.
Айта кетейік, бұған дейін Украиналық қыз құрбысы Париж әуежайында жалған Gucci сөмкесімен ұшқаны үшін 30 000 еуро (18 миллионнан аса) айыппұл арқалағанын айтқан еді.

“Үш жерде жұмыс істесем де, отбасымды асырауға жетпеді”: Шотландияға кеткен отандасымыз Қазақстандағыдан 10 есе көп жалақы алатынын айтты
