"Экс-полицей үйлеріне баса көктеп кіріп, пышақпен қорқытқан": Алматы облысында 19 жастағы жігіт анасына араша түскені үшін 3 жылға сотталды
Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының тұрғыны үйіне экс-полицей баса көктеп кіріп, пышақпен қорқытып, 200 мың теңге бопсалағанын мәлімдеді. Сол сәтте 1 ұлы оны қорғамақ болып, ер адамға пышақ тығып алған. Сот шешімімен 19 жастағы жігіт 3 жылға сотталған. Анасы Динара Алпысбаева бұл шешіммен келіспейтінін айтып, әділдік сұрады. Stan.kz тілшісі мәселені толығырақ білді.
Видеодан скриншот
Есік қаласының тұрғыны Динара Алпысбаева – үш баласы бар жалғызбасты ана. Сөзінше, оған полиция қызметкері боп зейнетке шыққан Нұржан Бартаев қырындап, көңіл білдірген. Бірақ әйел оның бетін қайтарып тастапты. Десе де ол 3 жыл бойы артынан қалмаған дейді. Әйел бірнеше рет арызданса да, іс тоқтатылып қалған.
2023 жылдың 19 желтоқсанында ер адам мас күйде пышақпен үйге баса көктеп кіріп, әйелді қылқындырып, 200 мың теңге бопсалаған көрінеді.
“Сол күні қайта-қайта қоңырау шалып, жаза берді. “Жауап бермесең, терезеден секіремін” деді. Қыздарыммен қыдырып, 11-лерге таман үйге қайтатын кезде ол подъезд маңында алкоголь ішіп тұр екен. Білдіртпей, тыныш үйге кіріп кеттік. Бірақ ол терезені түртіп, “шық” деп айқайлады. Мен “шықпаймын” дедім. Сол сәтте үйге қарай жүгіріп, есікті қатты соққылап, теуіп, тұтқасын сындырып тастады. Осылай пәтерге кіріп, мені қылқындырды. Мойныма пышақ тақады, қызым араша түскені үшін оны қатты итеріп, қорқыта бастады. Кіші қызым жылап қалды”, – деді әйел.
Осы кезде 19 жастағы ұлы анасына араша түсіп, ер адамның қолын қайырды дейді. Айтуынша, екеуі арпалысып жатқан кезде пышақ экс-полицейдің өзінің арқа тұсына кіріп кетті. Әйел жанжал басталмай тұрып полиция шақырса да, ол оқыс оқиға болған соң бір-ақ келді дейді.
“Пышақ сұғылғаннан кейін ол пәтерден шығып кетті. Пәтерде қан ізі қалмады. Ол терезені тағы түртіп, “арқамнан қан кетіп жатыр” деді де, талып қалды. Бірден жедел жәрдем шақырттық. Полиция кешігіп келді”, – деді Алпысбаева.
Қылқындырғаннан әйелдің мойнында із қалыпты. Ол сараптама жасатқан. Бірақ полиция 2024 жылдың қазанында “Тұрғын үйге сол жердегі адамның еркінен тыс заңсыз кіру” бойынша ғана іс қозғады. Ал бұл бапта 3000 АЕК айыппұл немесе түзеу жұмыстары не 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу жазасы қарастырылған. Ал шабуылдап, бопсалағанына қатысты ешқандай шара болмады деп отыр.
Ер адам реанимация бөліміне түскен. Сот-медициналық сараптаманың қорытындысы бойынша пышақ ер адамның қабырғасының арасына кіріп, өкпені зақымдаған. Сол себепті оған 1-топтағы мүгедектік беріліпті. Бірақ әйел оның мүгедек дәрежесіндегі адам екеніне сенбейді. Сөзінше, көшеде емін-еркін жүр, тіпті көлік айдайды дейді. Әйел қосымша сот-медициналық сараптама тағайындауды талап еткен, бірақ оның талабы қанағаттандырылған жоқ.
Динара сот біржақты өтті деп санайды. Экс-полицей 5 сот отырысында 5 түрлі куәлік берсе де, сот оған мән бермеді дейді. Көршілері болған жайтты естісе де, олар куәгер ретінде шақырылмаған көрінеді.
Ал 30 қазанда 19 жастағы ұлы Нұрболат Өмірзақов Қылмыстық кодекстің 106-бабы “Денсаулыққа қасақана зиян келтіру” бойынша кінәлі деп танылып, 3 жылға сотталды.
“Бұл жерде жәбірленуші мен едім, бірақ экс-полицейді зәбір көрген адам етіп шығарды. Біздің үйге кірген – ол, қорқытып, пышақ тақаған – ол. Бірақ не себепті соңында біз кінәлі болып қалдық? Балам мені қорғады ғой. Ол болмағанда, экс-полицей мені талдырып, пышақтап, мүмкін зорлайтын да еді, қыздарыма да бірдеңе жасайтын еді. Соны тергеушілерге айтсам, “сені ешкім өлтірген жоқ қой, балаларыңа тиіскен жоқ, зорлаған жоқ” деп жауап берді”, – деді 3 баланың анасы.
Ол баласын бас бостандығынан айыру әділетсіз деп санап, көмек сұрайды.
Сот не дейді?
️Алматы облысының Еңбекшіқазақ аудандық соты жағдайға қатысты пікір білдірді.
“2023 жылдың желтоқсанында сотталушы өз үйінде болған кезде қатты дауыстардан оянып, дәлізге шыққан. Онда ол анасының жәбірленушімен дауласып жатқанын көрген. Сотталушы мен жәбірленуші арасында ауызша жанжал басталып, арты төбелеске айналған. Оны айналасындағылар тоқтатқан. Оқиғадан кейін жәбірленуші сыртқа шығып, үйіне қарай бет алған, бірақ сотталушы оны қуып жетіп, басынан қатты доғал затпен ұрған. Одан жәбірленуші құлап түскен. Содан кейін сотталушы жәбірленушіні ас үйден алдын ала алып шыққан пышағымен арқасына екі рет ұрып, оны екі рет тепкен. Жәбірленуші кейінірек ауыр дене жарақатымен ауруханаға жансақтау бөліміне жеткізілген”, – деп мәлімдеді сот.
Жәбірленуші сотталушыны кешірмей, оны бас бостандығынан айыруды талап еткен. Ал прокурор 19 жастағы жігітке 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
“Сотталушы кінәсін мойындамай, анасын қорғау үшін әрекет еткенін айтып, оны бас бостандығынан айырмауды сұрады. Оның кінәсі куәгерлер айғақтарымен, заттай дәлелдемелермен, сот сараптамасының қорытындыларымен және іс материалдарымен дәлелденген. Жігіттің шын жүректен өкінуі және бұрын соттылықтың болмауы жеңілдететін мән-жайлар деп танылды. Ал ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Соны ескеріп, сот оны 3 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Ол жазасын орташа қауіпсіздіктегі мекемеде өтейді”, – делінген хабарламада.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Ал “Нұржан Бартаевқа қатысты Қылмыстық кодекстің 149-бабының 2-тармағы “Тұрғын үйге сол жердегі адамның еркінен тыс заңсыз кіру” бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Ол күдікті деп танылып, Еңбекшіқазақ прокуратурасымен бекітілді”, – деп мәлімдеді Еңбекшіқазақ полиция департаменті.