Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Карантин өз кәсібімді ашуға берілген мүмкіндік болды": Алматылық тігінші өз брендін қалай қалыптастырды

Қарапайым тігін машинасымен отбасы мүшелеріне киім тігуден бастаған алматылық  Динара Омарқұлова – бүгінде өз кәсібінің иесі. Тігіншілік өнері арқылы өз ісін жүргізіп отырған іскер әйел өзінің жеке брендін қалыптастырып үлгерген. Кәсіпкер әйел бизнес ашып, осы күнге дейін оны қалай дамыта алғанын Stan.kz тілшісіне айтып берді. 

тігінші

Динара Сағатқызы тігіншілік бойынша арнайы кәсіби білімі болмаса да, осы істің нағыз шеберіне айналған. Негізгі мамандығым есепші деген ол жанынан тігіншілік жақын болғандықтан осы салада бақ сынауға бел буыпты. 

"Мен жеке кәсібімді бастамай тұрып, Алматыдағы "Хан шапан" атты тігін цехында жұмыс істедім. Ойда жоқта коронавирус өршіп, карантин басталып кетті. Кәсіпорын да өз жұмысын уақытша тоқтатты. Осы кезде жұмыссыз қалдым. "Әр нәрсенің бір қайыры бар" деген сөз рас екен. Маған карантин бізге берілген мүмкіндік секілді көрінді", – деді кейіпкеріміз.

Оның айтуынша, өз кәсібін бастауға осы карантин түрткі болған. 

"Карантинде күнделікті күйбең тіршілік кілт тоқтады. Осы мезет барша адам "Мен не істеп жүрмін?", "Алдағы уақытта не істеймін?" деген сұрақтарға жауап іздеген сыңайлы. Мен де осы кезде бір сәтке дамылдап, өз-өзіме есеп бердім. Қол қусырып қарап отырмау керек. Содан "Бастау Бизнес" бағдарламасына қатысуға бел байладым. Көпбалалы жұмыссыз ана ретінде тіркеліп, құжаттарымды өткіздім. 21 күн онлайн сабақ оқыдым. Одан кейін тест тапсырып, сынақтан сүрінбей өттім. Одан әрі бизнес жоспар жазуға жолдама алдым. Бизнес жоспарымды да сәтті қорғап, сертификат алдым. Сөйтіп мемлекет тарапынан берілетін грант ұтып алдым", – дейді Динара Сағатқызы. 



Арнаулы грантты иеленгеннен кейін қатысушыларға үш ай уақыт беріліпті. Осы мерзім аралығында курстан өткендерге өз кәсібіне қажетті заттарды сатып алу тапсырылған.

"Мен бұл қаражатқа өнеркәсіптік түзу тігіс машинасын, үтік және түрлі маникендер сатып алдым. Алдын ала өлшеп, пішіп дайындау үшін өзі құралдардың көп көмегі тиді. Ал Маникенді өздеріңіз білетіндей киім тігерде өлшеу үшін қолданамын", – дейді Динара Омарқұлова. 

Қарап отырсақ, Динараның расымен де қолынан келмейтіні жоқ секілді. Жаңа туған баланың киімінен бастап, ұлттық нақыштағы шапан, дастархан, жайнамаз, ламбрекен (жүк көлігіне арналған перделер) сынды дүниелер айтқанымыздың дәлелі. Ал карантин кезінде тігінші түрлі мекемелерден тапсырыс алып, маска тігумен айналысыпты.

Дегенмен ісмер әйел мемлекеттік грантты иеленіп, өзінің жеке кәсібін бастағанға дейін бірқатар қиындықтар да бастан өткергенін жасырмады.

"Шынымды айтсам, бұған дейін менде жеке өзімнің тігін машинам да болмағандықтан,  анамның машинасын сұрап алып қолдандым. Ескі машинамен іс өне қоймайтын. Әрі бастырып тігетін арнайы құралым болмағандықтан, кейбір тіккен тігістерім сетінеп кететін. Қазір бұл қиындықтың барлығы артта қалды. Әрі жаңа құрал-сайманмен жұмыс істеудің әсері тым бөлек. Түнімен отырып жұмыс істесем де шаршай қоймаймын. Әрбір тіккен бұйымымды көрген сайын қуанышқа бөленіп, өз жұмысымнан ерекше бір рахат аламын. Қазір жеке тапсырыстарды орындап жүрмін. Табысым үш жүз мыңның көлемінде", – дейді Динара Сағатқызы. 

Бүгінде кәсіпкер әйел ұлттық нақыштағы заманауи үлгідегі түрлі шапандарды тігу арқылы ұлттық киімдеріміздің ел арасында кеңінен насихатталуына үлес қосып жүр. Сонымен қатар үздіксіз ізденістің нәтижесінде "Diana kids" атты жеке брендін қалыптастырып үлгерген.

"Бизнес Бастау" – өмірден өз орнын таба алмай жүргендерге берілген зор мүмкіндік. Бастысы алға нақты мақсат қойып, бағдарламаға қатысу керек. Бұл бағдарлама арқылы кез-келген кәсіптің түрін дөңгелетіп кетуге болады. Алдағы уақытта өзім "Жол картасы – 2025" бағдарламасына қатысып, өз кәсібімді бұдан әрі өркендете түссем деймін. Мұндағы мақсат – өзім сияқты көп балалы аналардың үйде отырып жұмыс істеуіне жағдай жасау. Оларды жұмыспен қамтамасыз ету.

Жеке брендімді шығару қанша уақыттан бергі арманым еді. Ұзақ уақыт ойлана келе балалар киімін тігуге шешім қабылдадым. "Diana kids" – бұл менің жеке брендім. Бұйырса аз ғана уақыттың ішінде еліміздегі балаларға арналған киім сататын дүкендерден табылатын болады. Қазір осы мақсатта қызу жұмыс жүргізіп жатырмын", – деп түйіндеді ісмер.

Айта кетсек, "Бастау бизнес" жобасы азаматтарға жеке ісін бастауда көмек көрсетіп, жоспарды іске асыруда 12 айға дейін қолдау білдіреді. Білім алған азаматтар 3 жылға жарамды арнайы сертификатпен марапатталады. Оқудың жалпы ұзақтығы 25 күнтізбелік күннен аспайды. Үміткердің өтінімі 10 күн ішінде қаралады. 

Ал грантқа жұмыссыздармен қатар жеке кәсіпкерлер де үміткер бола алады. Сондай-ақ жеке қосалқы шаруашылықпен шұғылданған тұлғалар да грантқа үміткер атанады. Грант мөлшері 400 АЕК-ке тең. 

“Бастау бизнес” ұсынған грант үміткері атану үшін төменгі санаттардан болуы міндетті:

  • Жастар (29 жасқа дейін);
  • Аз қамтылған отбасы мүшелері – атаулы әлеуметтік көмек алушылар;
  • Көпбалалы отбасылар - көпбалалы отбасылар бойынша жәрдемақы алушылар;
  • Қандастар, қоныс аударғандар;
  • Мүгедектігі бар адамдар;
  • Мүгедек баланы (мүгедек балаларды) тәрбиелеп отырған тұлғалар үшін.

Грант қаражатын тек “Бастау Бизнес” аясында әзірленген бизнес жоспарды іске асыруда ғана қолдануға болады. Сонымен қатар үміткердің жұмыспен қамту бойынша өзге қолдау шараларына қатыспау керегін ескерген жөн. 

2022 жылы "Бастау бизнес" жобасы онлайн форматта өтеді. Жобаға өтініш қабылдау 1 сәуірде басталады деп жоспарланып отыр және 10 күнге жалғасады. Өтінімдерді қабылдау мерзімі аяқталған соң аудандық және қалалық комиссия қарауына өтеді. Бұдан кейін үміткер өз жобасын комиссия алдында қорғайды. Өтінішті Business.Enbek порталы арқылы бере аласыз. 

Талқылау