Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Болашақта кондитерлік цех ашамын деген ойым бар": Алматылық әйел мемлекеттен қалай грант ұтып, кәсіп бастағанын айтып берді

Алматылық Сандуғаш Әуелханова – "Бастау Бизнес" бағдарламасы аясында өз кәсібін бастағандардың бірі. Бүгінде оның қолынан шыққан дәмі тіл үйірер тәттілері талай отбасының дастарханының сәніне айналып үлгерді. Мемлекеттің қолдауымен ісін дөңгелетіп отырған кондитер маманы өз кәсібінің қыр-сырын Stan.kz тілшісіне баяндап берді. 

Кәсіпкер әйел бұған дейін мамандығы бойынша жұмыс істеп келгенін айтады. Алғашында тәтті өнімдерді пісіру хоббиім болды деген ол бұл әуестігін бизнеске айналдырып үлгерген. 

"Бұған дейін инженер болып жұмыс істегенмін. Әу баста түрлі тәттілерді тек отбасым үшін ғана пісіретінмін. Яғни, кондитерлікпен тек ғана хобби ретінде айналысып келдім. Карантин кезінде онлайн қызметтің түрі ерекше дамыды. Мен де дәл осы кезде кондитерлік бойынша түрлі курстар оқып, өз білімімді шыңдай түстім. Кейін ғаламтордан "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының түрлі бағдарламалары туралы оқып, білдім. Ойлана келе өз бағымды сынап көруге шешім қабылдадым", – дейді Сандуғаш Ержанқызы. 

Алматы облысының тұрғыны "Бастау Бизнес" бағдарламасына қатысу үшін ең бірінші тұрғылықты мекенжайы бойынша жұмыссыз ретінде тіркелгенін жеткізді.

"Жұмыссыз ретінде құжаттарымды тапсырғаннан кейін, маған оқу үшін арнайы жолдама берілді. Сол жолдама бойынша 21 күн онлайн түрде сабақ оқыдым. Оқу аяқталғаннан кейін тест тапсырдық. Бізге тесттен сүрінбей өткендерге ғана бизнес жоспар жазуға жолдама берілетіні ескертілді. Сынақ барысында тиісті межеге жете алмағандарға тек ғана оқығандығын растайтын сертификат ғана берілетіндігі айтылды. Осыдан кейін, оқуға, оқып ғана қоймай, көп дүниені көкейге тоқуға бар күш-жігерімді салдым. Сөйтіп, тестілеуден тиісті балл жинап, бизнес жоспар жазуға жолдама алдым. Бизнес жоспарымды да жоғары деңгейде қорғап шығып, 583 400 теңге көлеміндегі гранттың иегері атандым", – дейді кәсіпкер.

Осылайша Сандуғаш Әуелханованың өз кәсібін дөңгелетуге даңғыл жол ашылыпты. "Балық берме, қармақ бер" демекші, мемлекеттің осындай қолдауына ие болғанына дән разы болған ол одан ары қарай ісі қалай жалғасқанын былайша әңгімелеп берді.

"Грантты ұтып алғаннан кейін, "Kenwood" атты асүй машинасын,"Smeg" пешін сатып алдым. Сонымен қатар, өзге де қажетті құрал-жабдықтар алдым. Алған заттарымның суреті мен чектерін өткізіп, есеп бердім. Одан әрі "Sandi" атты ИП  ашып, кәсіби мамандарша ісімді бастап кеттім. Бүгінде ИП арқылы есеп беріп отырамын", – дейді Сандуғаш Ержанқызы. 

"Бизнес Бастау" жобасына қатысқанға дейін қолында бар құрал саймандармен жұмыс істеген Сандуғаш қандай қиындықтарды бастан өткергенін де айтып берді.

"Бұған дейін менің шағын ғана пешім болды. Онымен торттың әрбір коржын жеке-жеке пісіруге тура келетін. Жұмысым өнбейтін. Тапсырыстарымды орындау үшін талай таңды көз ілмей атырған кездерім бар. Қуаттылығы жоғары, жылдам жұмыс істейтін миксерім болмағандықтан, кремдерімнің дұрыс шықпай қалатын кездері де болатын. Қазіргі таңда осы қиындықтың барлығы артта қалды. Жаңа құрал-жабдықпен бір сәтте біраз дүние пісіруге болады. Яғни ісім әлдеқайда ілгеріледі", – дейді кондитер. 

Сандуғаштың жеке кәсіп бастауына баламен үйде отырғаны себеп болыпты. Бастапқыда кішігірім тапсырыстарды қиындықпен орындап жүрсе, қазір ісі әлдеқайда алға жылжыған.

"Мен туған күндерге, түрлі салтанатты басқосуларға арналған торттарды тапсырыспен пісіремін. Сондай-ақ түрлі печенье, вафли, кекс сынды дәмі тіл үйіретін тәттілерді де дайындаймын. Жеткізу қызметі де қарастырылған. Мереке кезінде тапсырыстар да көбейіп, табысымыз да арта түседі", – дейді Сандуғаш Әуелханова.

Қазір де білгенінен білмейтінім көп деп санайтын біздің кейіпкеріміз кез келген кәсіп иесі қашан да ізденіс үстінде болуы керек деп есептейді. Сондықтан да өзінің шеберлігін шыңдап отыру – негізгі міндеттерінің бірі екендігін айтады. 

"Алдағы уақытта кәсібімді одан әрі кеңейтуді көздеймін. Ол үшін әлбетте бизнес жоспарымды тағы бір саралап, нақтылай түсуім қажет. Болашақта кондитерлік цех ашып, біраз адамды жұмыспен қамтысам деген ойым бар. Бүгінде осындай биікті бағындыру жолында тер төгіп келемін", – деп өзінің алдағы жоспарларымен де бөлісті кондитер.

Бастапқыда үйде баламен отырып жасауға қолайлы іс болғандықтан түрлі тәттілерді пісіріп сатуға кіріскен Сандуғаш бүгінде осы кәсіпті кеңейту жолында еңбек етіп келеді. Өз кәсібін бастағысы келетіндерге айтар кеңесі де жоқ емес.

"Жеке кәсіптің иесі болудан адам тартынбауы керек. Ең бастысы қолынан келетін істі ары қарай дамытуға деген ниет болуы керек. Өзге мекемеде жұмысшы болсаң, біреудің айтқанымен жүріп-тұруың қажет. Яғни жұмыс берушінің талап-тілегін орындауға міндеттісің. Табысың да бір орында жылжымай тұруы мүмкін. Ал жеке кәсіппен айналыссаң, өз ойыңды жүзеге асыруға мүмкіндігің бар. Табысыңды еселеу де өз қолыңда. Осының барлығын ескере отырып, кәсіп бастаудың әлдеқайда тиімді екенін айтқым келеді. Оның үстіне қазір, қажет білімді үйден шықпай-ақ онлайн түрде алып, іске асыруға мүмкіндік мол. Жаңа кәсіп меңгеремін дегендерге барлық жағдай қарастырылған", – деді кондитер маманы. 

Бүгінде Сандуғаш әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы да тапсырыс қабылдап, өз ісінің нағыз шеберіне айналды.Сондай-ақ ол тапсырыс берушілердің жылы лебіздерін естігенде шаршауының бәрі басылып, өз кәсібінен рахат алатынын айтады. 

Айта кетсек, "Бастау бизнес" жобасы азаматтарға жеке ісін бастауда көмек көрсетіп, жоспарды іске асыруда 12 айға дейін қолдау білдіреді. Білім алған азаматтар 3 жылға жарамды арнайы сертификатпен марапатталады. Оқудың жалпы ұзақтығы 25 күнтізбелік күннен аспайды. Үміткердің өтінімі 10 күн ішінде қаралады. 

Ал грантқа жұмыссыздармен қатар жеке кәсіпкерлер де үміткер бола алады. Сондай-ақ жеке қосалқы шаруашылықпен шұғылданған тұлғалар да грантқа үміткер атанады. Грант мөлшері 400 АЕК-ке тең. 

“Бастау бизнес” ұсынған грант үміткері атану үшін төменгі санаттардан болуы міндетті:

  • Жастар (29 жасқа дейін);
  • Аз қамтылған отбасы мүшелері – атаулы әлеуметтік көмек алушылар;
  • Көпбалалы отбасылар - көпбалалы отбасылар бойынша жәрдемақы алушылар;
  • Қандастар, қоныс аударғандар;
  • Мүгедектігі бар адамдар;
  • Мүгедек баланы (мүгедек балаларды) тәрбиелеп отырған тұлғалар үшін.

Грант қаражатын тек “Бастау Бизнес” аясында әзірленген бизнес жоспарды іске асыруда ғана қолдануға болады. Сонымен қатар үміткердің жұмыспен қамту бойынша өзге қолдау шараларына қатыспау керегін ескерген жөн. 

2022 жылы "Бастау бизнес" жобасы онлайн форматта өтеді. Жобаға өтініш қабылдау 1 сәуірде басталады деп жоспарланып отыр және 10 күнге жалғасады. Өтінімдерді қабылдау мерзімі аяқталған соң аудандық және қалалық комиссия қарауына өтеді. Бұдан кейін үміткер өз жобасын комиссия алдында қорғайды. Өтінішті Business.Enbek порталы арқылы бере аласыз. 

Талқылау