Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мұраны ғана емес, қарызын да өз мойнына алады": Қайтыс болған адамның несиесін кім өтеуге міндетті

Мойнында несиесі бар адам қайтыс болған жағдайда оның қарызын банк кешірмейді, үкіметтің де несиені төлеп бермейтіні анық. Сонда марқұмның артында қалған берешегін кім өтейді? Мұндайда сақтандыру компаниясының рөлі қандай? Stan.kz тілшісі аталған сұрақтарға заң өкілі, адвокат Альбина Бақтиярқызынан жауап алды. 

Фото: crawfordss.com

Заң өкілі Альбина Бақтиярқызының айтуынша, қайтыс болған адамның несиесін марқұмның мұрагері өтеуге міндетті. 

“Марқұмның мұрагері болмаса қарызды кім өтемек?”

“Мұндай жағдайда қайтыс болған адамның мұрагерлігін қабылдаған мұрагер марқұмның артында қалған несиесін төлейді. Қайтыс болған адам мұрасын балаларына емес, басқа адамға қалдырған жағдайда да ол мұрагер деп танылған сәттен бастап қабылдаған мұра көлемінде марқұмның қарыздарын өтеуге міндетті. Десе де мұрагер қайтыс болған адамның қарызын қалдырып кеткен мұрасының құнынан аспаған сомасын ғана төлейді. Егер мұрагер ретінде ешкім болмаса, әрине несиені өтейтін адам жоқ деген сөз. Сол себепті ондай қарыздар өтелмей қалып жатады”, – дейді адвокат.

Бірақ қайтыс болған адамның артында мүлік, мұра қалмаса, мұрагерлері ешқандай материалды игілік алмаса, онда банк мұрагерден несиені өтеуді талап ете алмайды. Банк көз жұмған адамның берешегін өзі жабу керек.

Заңгердің айтуынша, мұрагерлікке қалған несиеге ары қарай пайыз қосылмауы керек. Себебі несие алушы адам қайтыс болғандықтан барлық несие міндеттемесі тоқтатылады. 

Мұрагер кәмелетке толмаған бала болса да мүлікпен бірге несие де соған жүктеледі. Бірақ олардың атынан мұрагерлікті қамқоршылары, жақын туыстары қабылдайды.

Егер мұрагерлік бірнеше адамға бөлінсе, онда алған мүлкінің құны көлемінде несиенің де мұрагері болады.

“Мұрадан бас тарту үшін не істеу керек?”

Кез келген адам мұраны қабылдағаннан кейін тек мүліктік игіліктерді ғана емес, міндеттемелерді де өз мойнына алады.

“Егер мұрагер мұраны қабылдағысы келмесе немесе банк алдындағы қарыз мұраның көлемінен де асып кететін болса онда оның мұрагерліктен бас таруға құқығы бар. Ол үшін жергілікті мұрагерлік құқығы ашылған нотариуске барып, жазбаша арыз жазу керек. Егер марқұмның ешқандай мұрагері болмаса оның мүлкі иесіз қалған дүние ретінде танылады”, – дейді заң өкілі. 

“Қандай жағдайда сақтандыру компаниясы қайтыс болған адамның несиесін төлейді?”

Адвокаттың айтуынша, сақтандыру шарты мазмұнына қарай екіге бөлінеді. 

“Кез келген азамат несиені банкпен шарт жасасу арқылы алады. Шарт мазмұнына қарай екіге бөлінеді. Біріншісі, сақтандыруы бар несие. Яғни, адам қайтыс болған жағдайда несие сақтандыру төлемі арқылы жабылады. Екіншісі, сақтандыруы жоқ несие. Қай банкте болмасын несие алушыларды сақтандырудың түрі бар. Соған байланысты сақтандыру төлемі жасалады. Біріншіден, сақтандыру шартына сәйкес, адам қайтыс болған кезде сақтандыру шартының заңдық күші болуы керек. Екіншіден, сақтандыру шартының мерзімі өтіп кетпегеніне көз жеткізген дұрыс. Үшіншіден, адамның қайтыс болғаны туралы банк білу керек. Өйткені банк кімнің қашан, қандай жағдайда қайтыс болғанын білмейді. Тиісті құжаттарды тапсырып, сақтандыру шарты болған жағдайда сақтандыру компаниясы қайтыс болған адамның несиесін өтейді”, – дейді Альбина Бақтиярқызы.

Талқылау