Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мұхамеджан Тазабек: Айсұлтан жаман ортаның кесапатынан қыршынынан қиылды

Мұхамеджан Тазабеков Айсұлтан Назарбаевты еске алды. Айсұлтанмен бірге қасиетті Меккеде болған Тазабеков оның имандылыққа келіп, рухани кемелденгенін айтты. Таза жолдан, лас жолға түсіп кеткенін айта келе, қыршын кеткен жастың өліміне өкінді. 

"Он шақты жыл бұрын Айсұлтанмен бірге қасиетті Меккеде бірге болып, умра қажылығын атқарған едік. Екі-үш күннің ішінде қатты әсерленіп, жаны нұрланып, көп жақсы сөздер айтқан еді.

Әсіресе, қайтар жолда, елге жеткенше ұшақ ішіндегі үш-төрт сағаттық әңгіме әлі есімде.

"Аға, қазіргі жастарды білмейсіз ғой, қатты өзгеріп кетті. Рухани құндылық дегендер аяқасты болып, жастар тек қана біркүндік рахатын ғана ойлайды. Олар әртүрлі ойындардың қызығына кіргені сондай, дәретхананың ішіне сусыны мен тамағын ала кіріп, қажеттілік өтейтін жердің қаяуында сағаттап отырады" дегенін естіп, жүрегім ауырған еді", - деп жазды Тазабеков. Айтуынша, Айсұлтан қасиетті орыннан келген соң жақсы жолға түсіп, жанындағы достарын имандылыққа тәрбиелемек болған. Өзін де, өзгелерді де имандылыққа үйретем деп бел шешкен екен. 

"Болды, елге жеткесін өзім де бүтіндей өзгерем, достарымды да имандылыққа, ізгілікке тартам" деп, шабыттанып, ерекше есейіп оралған еді.

Тәубеге бүтіндей келетін, Алланың сүйікті құлы атанып, "толық адам" бейнесінде өзіне де, отбасы, ортасына да жақсылығын жаятын жасында жаман ортаның кесапатынан арқанын үзе алмай, қыршынынан қиылды.

Ұлы сапарда бірге болған бауырымыз еді, ақыретін Ұлы Раббымыздың әділдігіне тапсырамыз.

Жоқтаушылары мен жанашырларына көркем сабыр берсін!", - деп жазды.

Бұған дейін Ұлыбритания астанасында елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың немересі көз жұмғаны хабарланған. Алдын ала мәліметтер бойынша оның жүрегі тоқтап қалған.

Нұрәлі мен Айсұлтанның анасы Дариға Назарбаева осы ауыр сағатта қоғам отбасының орны толмас қайғысына түсіністікпен және құрметпен қарайды деген үмітін білдірді.

STAN.KZ
Дүйсенбі, 17 Тамыз, 2020 14:58
Талқылау