Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Нағыз тозақтың ортасындамын": Қираған қалада қоршауда қалған украиндықтар қазіргі өмірлері жайлы айтты

Ресейдің Украина жеріндегі әскери әрекеті басталғалы бір ай уақыттан бері бейбіт тұрғындар арасындағы құрбандар саны Ресейдің Донбассқа басып кіруінен бертін 8 жыл ішіндегі қаза тапқандардың жалпы санынан асып түсті. Кейбір қалаларды орыс әскерлері қоршауға алып, азық-түлік пен гуманитарлық көмек жеткізуге кедергі жасады. Әсіресе қатты шабуылға ұшыраған Херсон мен Мариуполь қаласының тұрғындары басынан өткізген апат туралы журналистерге айтып берді. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі The Insider басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

украина 2022

Мариуполь

"Бізге қаза тапқан әжейді балконға жатқызуға бұйырды" – Надежда, 51 жаста

Надежда әңгімесінің басын қала халқының тіршілігі өте қорқынышты күйде өтіп жатқанынан бастады.

"Мен жарылыстардың арасындағы үзілісті пайдаланып, итімді серуендетіп қайту үшін сыртқа шықтым. Итім болса бірнәрседен қорыққандай болып аяғыма орала берді. Жан-жағыма қарағанымда, қарама-қарсыда тұрған үйдің кіреберісі жанып жатқанын, ал бес қабаттың түгелімен жанып кеткенін көрдім. Мен өзімнің осы сәтте өлетініме сенімді болдым. Қазір бұл қалада барлығы өз өлімін күтіп жүргендей. Үш күн бұрын бізге үлкен жиенімнің досы келіп, өрт сөндіру бөліміне тікелей соққы жасалғанын айтты. Құтқарушы жігіттер қаза тапқан. Бір әйелдің қолын, аяғын және басын жұлып кеткен. Соғыс уақытында оларды жерлеу бәрібір мүмкін емес. Осылай деп бізге полиция айтты, біз оларды көшеден көріп, досымыздың қайтыс болған әжесін қайда жерлейміз дегенімізде, балконға шығарып қоюға кеңес берді. Қызық, қайтыс болған денелер балконда неше уақыт жатуы мүмкін?", - дейді Мариуполь қаласының тұрғыны.

Надежда сонымен қатар қайтыс болған адамдардың денелері үйдің алдында әлі күнге дейін жатқанын айтады.

"Мира даңғылындағы біздің үйге тікелей соққы жасау қиын. Үйімізге екі рет жанама снарядтар тиді, кейбір пәтерлердің терезелері шағылды. Бағымызға орай біз аман қалдық. Бүкіл аула бірнеше қабат күл, шыны, пластик және металл сынықтарына толды. Мен күндіз сыртқа шыққанда мүлгіген тыныштық орнағанын байқадым. Машиналардың да, балалардың да дауыстары естілмейді. Үйдің жанында және көлік тұрақтарында үстіне сырт киім жабылған бірнеше адам жатты. Менің оларға қарауға батылым жетпеді. Таныстарымның бірін көріп қаламын ба деп жүрексіндім", - деп әйел сөзін жалғады.

Қаладағы жағдайды сипаттаған Надежда үйіне түскен бомбадан құрбысының күйеуі үйіндінің астында қалып қойып, сол күйі денесі жанып кеткенін айтты.

"11 наурызда құрбымның күйеуі қайтыс болды. Бір күннен кейін, есік-терезелер дірілдеп, жақыннан ұшқан ұшақтың дауысы естілді. Бұл уақытта балалар жертөледе ал үлкендер ұзын диванға жатып, бастарын жастықпен жауып алған еді. Мен неге бұлай жасағанымды білмеймін, жастық мені бомбадан қорғайды деп сенсем керек. Осы уақытта үйге 13 жасар Саша жүгіріп кірді. Ол айқайлап: "Мен Сашамын! Біздің үйге бомба түсті" деді. Біз болсақ "Анаң қайда, бәрі аман ба?" – деп сұрадық. Ол әкесінің үйіндінің астында қалып қойғанын, ал анасы оны қазып жатқанын айтты. Біраздан кейін біз азаматтың жантәсілім еткенін аңғардық. Оны жерлеуге де, денесін алып шығуға да болмайтын еді. Бірнеше күннен кейін онымен бірге бүкіл үй өртеніп кетті. Себебі үйге тағы бір соққы жасалған еді", –  деп еске алады әйел.



Надежда қазір өзінің басқа қалаға кетіп қалғанымен, көзді ашып жұмғанша "күлге айналған" туған қаласы әлі көз алдында екенін айтады.

"Мен тірімін, енді ұзақ өмір сүремін алайда менің қалам азапты күндерді басынан өткеріп жатыр. Жиырма күн бойы мен сүйікті қаламмен бірге өліп-тірілдім. Мен тозақтың ортасында болдым. Біз жасырынған жертөледе барлығы бомбаның басқа жерге түскенін тілеп, дұға жасайтын. Мені достарым Мариупольден алып кеткен кезде өз қаламды өзім танымай қалдым. Қаладағы жертөлелерде әлі де адамдар отыр. Әр күн сайын оларға өмір сүру қиындай түсуде. Мен бейбіт тұрғындарды күн сайын қырып жатқанын барлығы білсе деймін", - деп түйіндеді сөзін Мариуполь қаласының тұрғыны Надежда.

Херсон

"Күйеуім мені оятып, соғыс басталғанын айтты" –  Ирина, 36 жаста

Ирина соғыстың түбі бір басталатынын бүкіл халықтың білгенін айтады. Сөзінше, әскери дайындықтың өтірік екенін барлығы түсінген.

"Біз тек Севастопольге барамыз ба жоқ па деп, тек соны ғана ойладық. Онда ата-анам, 85 жастағы атам және басқа да шаруалар бар еді. 23 ақпан күні күйеуіміз екеуміз чемоданымызды жинап, кетуіміз керек деп шештік, бірақ үлгермей қалдық. Біз сол күні кеш жаттық, ал күйеуім 24-і күні таңертең жарылыс дауыстарынан бірінші болып оянды. Мені оятты да, соғыс басталғанын айтты. Мен жарылыс дауыстарын естісем де, не болып жатқанын әлі де жете түсіне алмадым", - дейді әйел.

Иринаның айтуынша, соғыстың алғашқы күнінен бастап қалада дүрбелең басталған. Осы күндерден бастап-ақ алғашқы бейбіт тұрғындардың қазасы туралы айтылды дейді ол.

"Ата-анама соғыстың басталғаны туралы аудиожазба жібердім, бірақ олар "сендерге зиян келмейді, олар тек әскери нысандарды ғана шабуылдайды", –  деді. Заттарымызды жинап алып, қайда барарымызды білмедік. Біз әскердің Қырым жақтан келетінін білдік, демек Қырымға баруға болмайтын еді, Украинаның орталығына немесе батысқа қарай жылжу керек болды. Бірнеше сағаттан кейін біз жақын маңдағы супермаркетке бардық. Уақыт әлі 12:00 болмаса да, сөрелердің барлығы босап қалған еді. Адамдар дүкенге ағылып, қолжетімді заттардың барлығын алып жатты. Мен бар болып тұрғанында балаларға арналған тағамдарды алуға тырыстым", –  деп қосты ол.

Ирина алғашқы түнді өз үйлерінде өткізгендерін айтады. Олар көршілерімен хабарласып, бомбадан жасырынатын орынның қайда орналасқанын сұрап білген.



"Бізге мектептің бомбадан қорғануға арналған жертөлесі бар екенін айтты. Біз бірінші түнді үйде өткіздік, есік-терезелерді бітеп, барынша қорғануға тырыстық. Түні бойы заттарымыз салынған сөмкелерді жанымызға қойып, ұйқысыз өткіздік. Ертесі күні түскі уақыттан бастап Ресей әскерлерінің колоннасы аймаққа кірді және енді шығып кету мүмкін емес еді. Екінші және одан кейінгі түндерді біз үйдің жертөлесінде өткіздік. Жертөледе біздің немесе көрші үйдегі адамдар болды. Ең болмағанда үстімізде не болып жатқанын түсіну үшін, желдету орнына жақындап, интернет ұстауға тырыстық", - деп жалғады сөзін ол.

Одан кейін әйел қарулы әскерилердің қалаға басып кіргенін айтады. Бірінші күннен бастап қалада тонаушылар пайда болып, дүкендер мен ғимараттарға шабуыл басталды, дейді Ирина.

"Кешке бомбадан қорғанатын орында отыру қорқынышты болды, себебі ол ішінен құлыпталмайтын еді. Автоматтан атылған оқтың дауыстарын естіп, атыстың қалай жүріп жатқаны туралы жаңалықтарды оқығанда өзіңнің тек бомбадан ғана жапа шекпейтініңді түсінесің. Ата-анамнан төрт күн бойы хабар болмады. Олармен хабар орнатып, сөйлескен кезде олар біздің сөзімізге сенбей, біздің өз-өзімізді өлтіріп жатқанымызды айтты. Содан кейін мүлдем хабарласпауымды өтініп, өшіріп тастады. Ресейлік телеарналар осылайша Қырым халқының да миын улауда", - дейді әйел.

Ирина мен оның отбасы әлі күнге соғыс жүріп жатқан қалада. Әйел қала билігі келісімге келуге тырысып жатқанымен, ешқандай нәтиже шықпағанын жеткізді. Азық-түлік қоры да таусылуға аз қалды деген ол, әскерилер тек қиратуды мақсат етіп отырғанын айтады.

"Әзірге жоспарымыз жоқ, өйткені баламмен жалғыз кетпеймін. Егер біздің қалада сұмдық басталып, бізге жасыл дәліз берсе сол уақытта ғана қаладан шығуға тырысамыз, алайда қазір ол мүмкін емес себебі басып алушылар ешкімді кіргізбейді де шығармайды да. Біз толық қоршаудамыз. Күннен-күнге тамақ қоры да азайып бара жатыр, әбден таусылғаннан кейін адамдар аштан өледі немесе орыстардың көмегін қабылдауға мәжбүр болады. Әзірге олардың көмегін ешкім қабылдамайды – біз де қабылдамаймыз", –  деп түйіндеді Ирина.

Талқылау