Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Талғамға сай жалатқыштар", "қуатылдым", "тіпті, бетер күшті", "әзірлеу майлықтары": Мұндай қате жазылған жарнамаларға кім жауап береді

Қазір билбордтар мен жарнама тақтайшаларындағы, көгілдір экрандағы сауатсыз жазылған, калька түрінде аударылған жарнамалардан көз сүрінеді. Қазақ тілінде дұрыс аударылмаған немесе сауатсыз жазылған жарнамалар үшін кәсіпкерлер немесе жауапты адамдар жазаға тартыла ма? Қазақстанның мемлекеттік тілі қазақ тілі бола тұра сауатсыз хабарламалардың көптігі тіл заңнамасын бұзбай ма? Не себепті қатесі көзге көрініп тұрған жарнамалар алынбайды? Тіл комитеті алдағы уақытта қазақша жарнаманың сауатты жазылуы үшін қандай шаралар қабылдайды? Stan.kz тілшісі тиісті органдардан жауап алып көрді.

Фото: Stan.kz коллажы

Алматы көшелерінен Coca-Cola-ның екі тілдегі жарнамасын жиі көреміз. Компания жарнамалаған билбордтардағы сөз қазақ тілінің әдеби нормасына сай жазылмаған. Бұған дәйек ретінде мына суретті ұсынамыз. Себебі "бешбармақ" қазақтың сөзі емес. Әдеби шығармаларда да қолданылмаған. Бұл біздің қолмен тамақ жегенімізге сырттай мазақ күйінде енген сөз. Дұрысы, "ет", "ет асты" немесе "ет жедік", "ет пісірді". Мысалы, жазушы Саттар Ерубаевтың "Менің құрдастарым" шығармасында "бешбармақ" емес, "ет" деп тұр (Қазанға ет салып, пісірді. Асүйде екі-үш әйел ет асып жатыр).

Фотоны Stan.kz тілшісі түсірген

Келесі "Казахстанская женщина свободна" тіркесі қазақ тілінде "Қазақстандық әйел еркін" деп жөнсіз қолданылған. Бұл – қазақша білетін кез келген адамның көзіне бірден көрінетін объективті, өрескел қате. Қатенің тамыры "Казахстанская" деген сөзде жатыр. Орыс тілінің осы "ский/ская" деген қосымшасы қазақ тіліне сор болып жабысты. Мұны "Қазақ әйелі еркін" немесе "Қазақстан әйелі еркін" деп аударуға болатын еді. Себебі орыс тіліндегі сөздердің көбі қазақ тілінің ішкі заңдылығына бағынбайды. 

Фотоны Stan.kz тілшісі түсірген

Астанадағы дүкендердің бірінде "наборы стаканов" деген сөзді "көзілдірік жиынтығы" деп жазып қойыпты. Дұрысы "шыны ыдыстар жиынтығы" немесе "шыны ыдыстар". Көзілдірік сөзінің жалпы мағынасы – көзі нашар көретіндіктен немесе көздi қорғау мақсатымен тағатын зат, әйнек, оптиқалық құрал (Көзілдірік киген бірey бір конвертті әкелді де, Дәуқараға ұстатты (Б. Майлин).

"Уважаемые покупатели, пожалуйста, уточняйте", қазақшада "Құрметті клиенттер, бағаны кассадағы тексеріп алыңыз!" деп дәл осы дүкен жазып қойған. Бұл жарнаманы "Құрметті сатып алушылар! Бағаны кассадан тексере аласыз" деп жазған абзалырақ.

Алматы метросындағы пойызда елге белгілі энергетикалық сусынның жарнамасы жапсырылған. Мұнда мағынасынан бөлек, грамматикалық қатені байқадық. "#я заряжен" сөзі, "#қуатылдым" деп жазылған. Ал керісінше, қазақ тілінде "Қуат алдым" болуы керек емес пе?! Бұл брендтің жарнамасына Zheka Fatbelly лақап атымен танымал актер, кәсіпкер Жеңіс Омаров түскен.

Әлеуметтік желіде оның қазақ тілінде таза әрі ашық сөйлетінін көріп жүрміз. “Сонда актер жарнама мұқабасын оқымаған ба?” деген сұрақ туындайды.

Фотоны Stan.kz тілшісі түсірген

Metro көтерме сауда орталығының сайтқа шығатын жарнамаларына қазақ тілінің маманы керек секілді. Себебі бір емес, бірнеше жарнамада өрескел қателер бар. Мысалы, "картофельные полуфабрикаты" сөзін, "картоп жартылай дайын өнімдері" деп аударған. Қазір "полуфабрикаты" кәсіркерлердің арасында таңсық емес сөзге айналған. Кәсіп бастаған екінің бірі орысша баламасын дұрыс қолданса да, қазақ тіліне келгенде не себепті қате жіберетіні көңілге күдік ұялатады. Мұны "картоптан әзірленген жартылай өнім" немесе "картоптан әзірленген шикі өнім" деп жазу керек.

Екіншіден, "сервировочные салфетки и зубочистки" тіркесін, "әзірлеу майлықтары және тіс тазалағыштар" деп жарнамалаған. Дұрысы – "майлықтар мен тіс тазалағыштар". Жалпы "сервировка" қазақ тілінде "дастарқан дайындау" немесе контекске қарай "тамақ ішетін жерді дайындау", "асқа дайындау" деген мағынаны білдіреді.

Фото сауда орталығының әлеуметтік желідегі парақшасынан алынған

2023 жылдың қыркүйегінде әлеуметтік желіде көпке таныс Mechta.kz электроника және тұрмыстық техника дүкендері желісінің жарнамасындағы қате жұрт назарына іліккен еді. Онда "обогреватели" сөзі қазақшаға "жалатқыш" деп аударылған. Компания бұл оқиғаға қатысты дереу пікір білдіріп, жарманадағы қатені бірнеше сағатта түзеткен. 

Фото техника дүкенінің әлеуметтік желідегі парақшасынан алынған

Фотоны Stan.kz тілшісі түсірген

2023 жылдың желтоқсанында Алматының Жандосов-Алтынсарин қиылысынан көрген билборд әлі күнге дейін орнында тұр. Қаржы мониторингі агенттігі “Азғырдың артынан еріп, сіз ең қымбатынан айырылып қалуымыз мүмкін” деп жарнама берген. Жарнамадағы “азғырдың” дегенді “нәпсінің” немесе “азғырушы” деп берген жөн. Дұрысы, “нәпсінің артынан еріп, ең қымбатынан айырылып қалмаңыз”. Себебі “азғырдың” сөзінің түбірі “азғыр”. Етістіктің бұйрық мәндегі қимыл атауын білдіреді. Ал мұнда “азғырдың” сөзі өткен шақта қолданылады. Сондықтан билбордтағы “азғырдың” мына сөйлемге мағына жағынан болсын, морфологиялық тұрғыдан болсын мүлдем сәйкес келмейді. 

Әлеуметтік желіде оқырмандар "Окорочек цыпленка-бройлера замороженный" сөзін қызу талқылады. Сауда үйінің аудармашылары "Орталық банктің аяғы қатып қалды" деп аударып, айды аспанға бір-ақ шығарды. Дұрысы – “мұздатылған бройлер тауық еті”. Мұндай шала аудармалар ана тіліміздің қадірін кетіріп, болашағына балта шабады.

Осы орайда жарнамалардың жарыққа шығуына жауап беретін ұлттық экономика министрлігіне сұрақ жолдап көрдік.

Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов билбордтарда мәтіннің сауатты жазылуы заңға сәйкес қадағаланатынын айтты.

"Жарнама туралы" заңның 6-бабы 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағындағы жарнама (мерзімді баспасөз басылымдарын, интернет-ресурстарды, ақпараттық агенттіктерді қоспағанда) қазақ тілінде, ал жарнама берушінің қалауы бойынша орыс тілінде және (немесе) басқа тілдерде де таратылады. Жарнама мазмұнының аудармасы оның негiзгi мағынасын бұрмаламауға тиiс", – деді вице-министр.

Тимур Жақсылықовтың айтуынша, мемлекеттік органдар мен түрлі ұйымдардың билбордтарында және өзге де маңдайшаларында мемлекеттік тілдегі мәтіндердің дұрыс рәсімделуін тексеру министрліктің құзыретіне кірмейді. Оның сөзінше, бұл тіл комитетінің міндетіне кіреді.

Ал тіл комитеті төрағасы Ербол Тілешов түзетуге жарамайтын жарнамалар алынып тасталатынын атап өтті.

"Дұрыс аударылмаған немесе сауатсыз жазылған жарнамаларға қатысты  орталық және жергілікті атқарушы органдардан түскен материалдар, жеке және заңды тұлғалардың арыз-шағымдары, бұқаралық ақпарат құралдарындағы материалдар негізінде кәсіпкерлік субъектілеріне барып түсіндіру, ескерту жұмысы жүргізіледі, әдістемелік көмек көрсетіледі. Егер ескертуден кейін жөнделмеген жарнамалар болса, "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" кодекстің 75 және 729-баптарына сәйкес айыппұл салынады”, – деді комитет төрағасы.

Айта кетейік, кәсіп иелері жарнама жариялау кезінде Қазақстан Республикасының тiл туралы заңнамасын бұзғаны үшiн 75-баптың 3 және 4 бөлігіне сәйкес жауаптылық тағайындалған. Бұл бапқа сәйкес бірнеше заң бүзушылық анықталса, бірқатар айыппұл салынады.

3-бөлік бойынша, егер деректемелер мен көрнекi ақпаратты орналастыру жөнiндегi талаптарды бұзушылықтар тіркелсе, ескерту жасауға әкеп соғады. Ал төртіншісінде осы баптың үшінші бөлiгi бойынша лауазымды адамдар, шағын кәсiпкерлiк субъектiлері немесе коммерциялық емес ұйымдар әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бір жыл ішінде әрекеттері қайталанып жасалса 5 АЭК көлемінде айыппұл салынады. Ал орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – 10, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне 25 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл төлеуіне тура келеді.
Ал “Әкімшілік құқық бұзушылық туралы” кодекстің "Жергілікті атқарушы органдар" бойынша 729-бап, 2-бөлігінде әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қарауға және әкімшілік жазалар қолдануға облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың, ауданның (республикалық, облыстық маңызы бар қаланың және астананың) әкімі мен оның орынбасарлары құқылы екені жазылған.


Сонымен қатар ол маңдайшаларды орналастырмас бұрын хабарлама беру тәртібімен алдын ала келісу құзыретін қарастыру нормасына түзетулер мен өзгертулер енгізіліп жатқанын еске салды. Қазір бұл мәселе парламент мәжілісінде қаралып жатыр. 

Белгілі болғандай, хабарлама тәртібін енгізу, маңдайшаларды, көрнекі ақпаратты орналастыруда орфографиялық, пунктуациялық қателерге жол бермей тіл нормаларын сақтай отырып жазуға ықпал етеді екен.

"Комитеттің ұйымдастыруымен өңірлік тілдерді дамыту басқарма басшыларының, ұлттық экономика министрлігі, бас прокуратура, сауда және интеграция министрлігінің тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті, "Атамекен" ҰКП өкілдерінің қатысуымен "Көрнекі ақпарат: мәселе мен шешім" тақырыбындағы тұрақты семинар-кеңестер өткізіліп тұрады. Жыл сайын "Сауатты жарнама – тіл абыройы" атты республикалық байқау ұйымдастырылып, жеңімпаз атанған жарнама агенттіктерінің жұмыстары қаржылай марапатталып жатыр", – деп түсіндірді Ербол Тілешов.

 

Аударма ісіне кәсіби мамандар тартылмайды

Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамы Астана филиалының төрағасы Лариса Алдабергеннің айтуынша, қазақ тілінде сауатсыз әзірленген жарнама заңды бұзады.

“Алайда сауатсыз жарнаманы заңбұзушылыққа жатқызған өзгертулер, өкінішке қарай, заңға 2021 жылы енді. Өзгертулер биыл қаңтардан бастап толық күшіне енді. Қазіргі кезде тіл туралы заңдардың қазақ тіліне қатысты жаңа талаптарына сәйкес жарнама нарығында өзгерістер жүріп жатқанын байқаймыз", – деді Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамы Астана филиалының төрағасы Лариса Алдаберген.

Лариса Алдаберген қатесі көзге көрініп тұрған жарнамаларды тақтайшалар мен билбордтардан немесе экрандардан алып тастамаудың бірнеше себебі бар екенін атады. 

“Бұл – өте күрделі сұрақ. Қазақ тіліндегі қате жарнаманың бірнеше ұшы бар. Соның бірі – тәуелсіздік алғалы бері Қазақстанның жарнама нарығында қазақ тілді мамандар сан жағынан өспегені және сапа жағынан даму жоқ екені жобаны іске асыру барысында байқалды. Себебі эксперттер өткізілген іс-шараларда мұндай мәселенің барын алға тартты. Оған себеп қазақ тілі мүдделерінің заң тұрғысынан нашар қорғалғаны болды”, – деді ол.

 Ол тілге қатысты заңдардың осалдығын жарнама жасайтын компаниялар керемет пайдаланып келгенін айтады.

“Қазақ тілінде жарнама сапасын жақсарту мен қазақтілді сала мамандарын өсіру орнына компаниялар аудармашыларды жалдаумен айналысты. Бұл үдеріс ондаған жылдар бойы жалғасып келеді. Кез келген жарнаманы әзірлеудің бүкіл кезеңінде компаниялар қазақ тіліне қойылатын заң талаптарын ескермейді. Қазақ тіліндегі мәтінді қазақша біледі-ау деген адамға аударта салады. Яғни аударма ісіне кәсіби мамандар тартылмайды. Қате жарнама тақтайшалары мың-мыңдап көшелерге сол себепті ілініп келді. Олардың бәрін бірдей бақылау өте қиын. Эксперттермен бірлесіп, жарнамаларға тұрақты мән беріп тығыз жұмыс істедік”, – деді тіл маманы Лариса Алдаберген.

Лариса Алдабергеннің айтуынша, көрнекі ақпаратта, яғни ұйымдардың маңдайшаларында, хабарландыруларда, жарнамаларда, ас мәзірлерінде, прескуранттарда, нұсқағыштарда, тауарлық жапсырмаларда және тағы басқаларының бәрі қазақ тілінде жазылуы керек.

Егер жарнама мәтіні қазақ тілінде болмаса немесе дұрыс жазылмаса, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 75 және 190-баптарында ескертуден бастап 50 айлық есептік көрсеткіш (172 500 теңге) мөлшерінде жауапкершілік тағайындалған.

"Әкімдік, прокуратура, тұтынушылар құқықтарын қорғау департаменті кәсіпкерді жауапқа тарта алады. Тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы заңның 42-4-бабы 2-тармағы бойынша сатушы (дайындаушы, орындаушы) тұтынушының наразылығын қарауға және тұтынушының талаптарымен келіспеген жағдайда тұтынушының наразылығын алған күннен бастап күнтізбелік он күнде құжатпен негізделген дәлелді жазбаша жауап ұсынуға міндетті. Осы құжаттардың көшірмелері сатушының (дайындаушының, орындаушының) тұтынушыға жауабына қоса тіркелуге тиіс", – деді Лариса Алдаберген.

Лариса Алдабергеннің сөзінше, егер қате жарнама жазған мекеме жауап бермесе, тұтынушы Астананың сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментіне жүгіне алады. 

"Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 190-бабы 5-бөлігі 3-тармақшасына наразылық хатқа күнтізбелік он күнде жауап берілмесе, бірінші, ескерту жасалады. Ал бір жылда қайталанса, 50 айлық есептік көрсеткіш (172 500 теңге) мөлшерінде жауапкершілік бекітілген", – деді Лариса Алдаберген.

Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 190-бабы 5-бөлігі 3-тармақшасына наразылық хатқа күнтізбелік он күнде жауап берілмесе, бірінші, ескерту жасалады.

“Бір жылда қайталанса: жеке тұлғаларға 10, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 20, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 30, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Жазаға тартушы – Астана қаласының сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаменті. Осы органға e-otinish арқылы жүгіну қажет. Сотқа жүгіну үшін сізге кәсіби заңгер, яғни адвокат не заң консультантының көмегі қажет болады. Осы тұлғаларға жүгінген абзал", – деп сөзін түйіндеді Лариса Алдаберген.

Айта кетейік, Stan.kz ақпарат агенттігі 24 мамырда республикалық онлайн диктант өткізеді. Осылайша біз қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту мәселесіне жіті көңіл бөлгіміз келеді. Осы ретте енді біз қала көшелеріне шығып, стендтер мен билбордтардағы, жарнама беттеріндегі қазақша жазулардың дұрыс жазылуын тексереміз, қателерін анықтаймыз. Қай жері қате және оны қалай түзеуге болатынын қарастырамыз. Қала көшелерінде, аудан орталықтарында қазақша қате жазылған тіркестерді бізге жіберу арқылы, шараға сіз де атсалыса аласыз!  Қатені фото-видеоға түсіріп, біздің Instagram-ға жіберіңіз.

Талқылау