Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Маңғыстауға 30 тонна шөп жіберген қазақ қызы: Ең сорақысы біздің билік бұл мәселеге көз жұмып отыр

Малы жұтап, қуаңшылықтан қиналған елге алғашқылардың бірі болып Балнұр Ермекбаева Маңғыстауға 30 тоннаға жуық жем-шөп жеткізген. Десек те, аймақта әлі жағдай мәз емес көрінеді. Stan.kz тілшісі Балнұрмен байланысып, Ақтөбеден Ақтауға шөп жеткізуде қандай қиындықтар болғанын, жергілікті басшылық тарпынан қандай қолдау болғанын сұрастырып білді. 

–  Өзіңіз туралы толық айта кетсеңіз. Қай өңірдің тумасысыз, қызметіңіз туралы, отбасыңыз жайлы.

– Ақтөбе облысы Байғанин ауданының тумасымын. Отбасымда он баланың тоғызыншысымын. Өзім 4 баланың анасымын. Жолдасым екеуміз ауылшарушылығымен айналысамыз. Бір жыл көлемі болды. Ал негізгі мамандығым – педагог-психолог. Мектепте де істедім. Бірақ мардымсыз жалақы, қағазбастылық ол жерден кетуіме себеп болды. Содан жеке кәсіппен айналысуға бел байладық. 

– Ақтауға шөп жіберу идеясы қалай және қашан келді? 

– Қуаңшылық былтырдан басталған, бірақ биыл қатты белең алды. Ал біздің биліктің ең сорақы қателігі сол, бұл мәселеге мән бере қоймады. Шаруалардың осындай күйге жетуі осы Маңғыстауда отырған басшылардың қателігі деп ойлаймын. Себебі олар бұл жақта тұрып, халықтың жағдайын көзбен көріп жүр, жергілікті мәселелерді бес саусағындай біледі. Біле тұра, көз жұмып келгендері өте өрескел қателік. “Shopan ata" қауымдастығының басшығы Алмасбек Садырбаев Маңғыстауға іссапармен барып, жағдайды өз көзімен көріп, президентке дейін үндеу жазып, осы мәселеге құзырлы органдардың назар аударуын сұрады. Маңғыстаудан қайтқан сапарында маған Ақтөбедегі елге көмектесемін деген кәсіпкерлердің басын қосып, шөп жеткізу жағын ұйымдастыр деп ақыл тастады. Әйел адамға қиын жұмыс болғанымен, оған бас ауыртып отқан жоқпын. Жолдасыммен ақылдаса отырып, осы істі бастаймыз деп келістік. 

Көмек қолын созған шаруа қожалықтары, жеке тұлғалармен бірігіп, кейбір логистикалық компаниялар басшылары түсіністікпен қарап, тегін болмаса да, төменгі бағада апарып беруге келісті. Сол кісілерге де үлкен рақмет. 

 – Жем-шөпті қалай жинадыңыздар? Шығындарды өзіңіз өтедіңіз бе, әлде қандай да бір қор ашылып халықтан жинадыңыздар ма?

– Шөп береміз деп хабарласып, көмектескен кәсіпкерлер мен "Shopan ata" қауымдастығының қаржыландыруымен қажетті көмекті көрсете алдық. Бұл дүниелер айтылуы керек. Өйткені әлі де болса мемлекет тарапынан көмек барып жатыр деп айта алмаймын. Көмек беріледі деген сөз бен беріліп жатыр дегеннің арасы алшақ. Сондықтан халық пен қауымдастықтың қаражатын барынша үнемдеп пайдаланып жатырмыз. 



– Қателеспесем, 30 тоннаға жуық шөп жеткізгенсіз. Қандай қиындықтар болды? 

– Иә, 30 тоннаға жуық шөп жеткіздік. Әлі де шөп жіберіп жатырмыз. Қиындық болмады емес, болды. Жүк көліктерін табу және бағасына келісуден басқа да кедергілер орын алды. Ең алғаш шөпті жолға алып шыққанда Ақтөбеде жаңбыр жауып, шөп тиелген көлігіміз жерге батып кетті. Оны шығара алмай, сол өңірдегі басшылармен хабарласып, көмек сұрап, бір күн дегенде тас жолға әрең жеткіздік. Бірақ халықтың ризашылығын, қуанышын көргенде, қиындықтың бәрін ұмытасың. Біздің аз күнде көрген қиындығымыз Маңғыстау халқы көріп отырған қиындықтың қасында түк те емес. Сондықтан бұл қиындықтарды өзімізге аса қатты ауыр соқты деп есептемеймін. Далада, күн ыстықта шөп тиету оңай емес. Кішкентай баламды үйге тастап, таңда кетіп, кешке келемін. Мұның бәрі қайырлы істің қасында түк емес. 

– Өзіңіз білесіз, шымкенттік шаруалар да батыстағы ағайынға қол ұшын беріп, көмектесіп жатыр. Бірақ жеткізуден қиналып, пойыздар әр вагон үшін үлкен қаражат сұрауда. Сізге жергілікті әкімдік немесе құзырлы органдар көмектесті ме?

– Шымкенттік шаруалардың көмегін көрдім, оларға үлкен алғыс. Қиын-қыстау кезде байқасаңыздар, халыққа халықтың ғана жаны ашып, көмектесуде. Бізге әкімдік немесе құзырлы органдар көмектескен емес. Хабарласып жағдайды айтқанымызбен, ешқайсысынан көмек алған жоқпыз. Сосын Қостанай қаласынан түрік бауырларымыз ең төменгі бағада тартылған бидайды жеткізіп берді. Бұл іске мұрындық болғаныма өте қуаныштымын. Бұл көмекті әлі де жіберміз. Ол жақтың жағдайы әлі тұрақталған жоқ. Мал қырылуы тоқтады деген дұрыс емес ақпарат. Халық әлі де мемлекеттен көмек күтуде. Алайда қабылданып жатқан шешімдердің жоқтығы қынжылтады. 

Халық көмегімізге риза болып, тілек-лебіздерін тоқтаусыз жаудырып жатыр. Бірақ ол кісілер мәселелерін шешу жолында жүгіріп жүр. "Shopan ata" ұлттық мал өсірушілер қауымдастығы алдағы уақытта да халыққа көмектесіп, өз пайдамызды тигіземіз. 

Талқылау