"Көшпенділердің қалдырып кеткені": Іле өзенінің бойындағы қоқыс үйінділері желідегілердің ашуын туғызды (видео)
Әлеуметтік желіде Іле өзенінің бойында қоқыс үйінділері мен қалдықтардың видеосы тарады. Видео авторының айтуынша, демалушылардан қалған қалдықтар Көшпенділер қаласының маңында шашылып жатыр. Stan.kz тілшісі Қонаев әкімдігінен қоқыс мәселесінің қалай реттелетінін сұрады.
Фото: Видеодан скрин
“Іле өзені. Бір кездері мұнда адамдар да, қоқыс та болмап еді. Қазір қоқыс төгетін жерге айналды. Сұмдық! Өзенді бүлдіріп кеткен”, – дейді видео авторы.
Табиғаттағы қоқыс үйінділері мен адамдардың салғырттығы желі қолданушыларының ашуын туғызды.
“Менің елім, қайда болса, сонда лақтырамын. Ұнамаса кете бер” деген сөздерден кейін ескерту жасауды қойдым”, “Алматыда тек алматылықтар тұрғанда қала да, қаланың маңы да таза еді”, “Тауда да осы. Бейнебақылау камерасын орнату керек”, “Әркім өз қоқысын жинаса, мұндай болмас еді”, “Осыдан кейін жағалауды ақылы қылса “неге ақылы, бәрі адамдар үшін ғой” дейді”, “Көшпенділердің қалдырып кеткені”, – деп жазды желідегілер.
Қонаев әкімдігінің мәліметінше, бұл бейнежазба наурыздың 11-і күні жарияланған.
“Қоқыс үйінділерін жинау үшін қала әкімдігі бірден сенбілік ұйымдастырды. Оған 10 адам, 2 техника жұмылдырылып, 8 тонна қоқыс шығарылды. Іле өзенінің бойындағы стихиялық қоқыс орындарын тазалау бойынша жұмыстар жалғасып жатыр”, – деп жауап берді қала әкімдігі.
Сондай-ақ ведомство алдағы уақытта әкімдік пен жергілікті полиция басқармасы тарапынан бұл жердегі тазалыққа қатысты бақылау күшейтіледі деп сендірді.
“Сенбіліктер жиі ұйымдастырылады. Бұдан бөлек, қоқыс тастағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғаны, айналаны таза ұстау қажет екені жөнінде ақпараттық тақтайшалар орнатылады. Демалушылардан табиғатқа қамқор болуды сұраймыз. Жалпы Қонаев қаласында “Таза Қазақстан” акциясы аясында тұрақты түрде сенбіліктер өтеді”, – деп мәлімдеді әкімдіктегілер.
Баспасөз қызметі “Таза Қазақстан” науқанына экобелсенділер, еріктілер, тұрғындар, мемлекеттік қызметкерлер мен жастар қатысатынын мәлімдеді.