Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

"Жеті жыл күттім": Алматылық жас жігіт 53 жастағы әйелдің жүрегін алғаннан кейін өмірі қалай өзгергенін айтты

Фото: Stan.kz / Рецепиент Данияр Байбуллаев және дәрігер, Алматы бойынша трансплантология координаторы Меруерт Мұқанова

Данияр Байбуллаев жеті жыл бойы донор күтіп, соңында 53 жастағы әйелдің  жүрегін алады. Жаңа жүрекке ие болу жігіттің өмірін ғана емес, ішкі жан дүниесін де өзгерткен. Оның отадан кейін мінез-құлқы айтарлықтай өзгеріп, бұрынғы достарымен араласуы сиреген. 25 жастағы жігіт Stan.kz тілшісіне басынан өткен жайтты айтып берді.

“53 жастағы әйелдің жүрегін алдым”

Данияр Байбуллаев донорды 7 жыл күткенін және оңалу процесі оған өте қиынға соққанын айтып берді. Данияр үш күн бойы Алладан жаңа жүрек беруін сұрап, өтінген.

"Сен мені жазып қана қоймай, маған жаңа жүрек бересің" деп сеніммен дұға еттім. Үш күннен кейін, 12 шілдеде маған қоңырау шалып, донор табылғанын айтты. Жүрек 53 жастағы әйелге тиесілі екенін ғана білдім. Заң бойынша басқа ақпарат берілмейді. Бірақ кімнің жүрегі менің ішімде соғып тұрғанын білгім келді. Білуімше, оның балалары донорлыққа келісім берген. Сол үшін оларға шексіз алғысымды білдіремін. Бұл шешім арқылы олар менің ғана емес, тағы бірнеше адамның өмірін ұзартты. Сол жүрек махаббатпен соғып тұр. Ең бастысы – махаббат", – деді Данияр Байбуллаев.

Данияр диагностика кезінде өкпесінде сұйықтық жиналып, жүрегінің қатты ұлғайғаны анықталды. Ақыры дәрігерлер оған сирек кездесетін "дилатациялық кардиомиопатия" диагнозын қойды. Бала кезінде аурудың ауырлығын сезіне қоймаған.

"Бәрі тұмаудан басталды. Уақыт өте келе аяқтарым істемей қалды, сосын дәрігерлер өкпемде сұйықтық барын және жүрегім үлкейіп кеткенін анықтады. Ақырында маған сирек кездесетін "дилатациялық кардиомиопатия" диагнозы қойылды. Бала кезімде бұл диагнозды аса сезіне қоймадым, өзімді басқа балалармен бірдей сезіндім. Жылдар өте жүрек трансплантациясы қажет болды. Күтуден шаршаған сәтте, бір күні колл-орталықтан қоңырау шалып, донор табылғанын айтты. Бастапқыда "иә" деп жауап беріп, жинала бастадым. Бір минуттан кейін қайта хабарласып, шұғыл түрде микрорадиологияға келуімді сұрады. Осылайша, Алматыда алғашқы сәтті жүрек трансплантациясы жасалды", – деді жүрегін ауыстырған Данияр Байбуллаев.

Фото: Stan.kz / Данияр Байбуллаев

Рецепиент Данияр 10 жасына келгенде ауруы асқынып, оттегі баллонын қолдануға мәжбүр болған. Ол 6 жасынан бастап жүрек трансплантациясын күтті, өйткені Қазақстанда, әсіресе балаларға мұндай ота жасалмайтын. 

"2023 жылы Алматыда маған алғаш рет жүрек ауыстыру отасы жасалды. Бұл отаны 2016 жылдан бастап 7 жыл күттім. Ол сәтте көп эмоция болды, күмән да болды, өйткені денсаулығымда кейбір қиындықтар болып, осы жағдайды сол күйі қалдыру немесе операцияға бару керек пе деген екіұдай ойда болдым. Бірақ соңында операцияға баруды таңдадым. Ал жүрек трансплантациясы бойынша екінші отада да қорқыныш болмады. Себебі менің таңдауым екі-ақ жол болды – тірі қалу немесе көз жұму. Керісінше, үміт үзілмей, әрқашан сенімде болдым, үміттендім", – деді Данияр Байбуллаев.

Данияр реабилитация процесі бір жылға жалғасса да, толықтай қалпына келмегенін атап өтті. Қазір оның бұлшық еттері әлі де толық нығаймаған. 

"Қазір ағзаның кері реакциясын болдырмас үшін гормондық препараттар қабылдаймын. Сонымен қатар жүрек пен қант диабетіне арналған бірнеше дәрі ішемін, жалпы саны 10-15 шақты. Дәрілердің жанама әсерлері де болды. Алғашқы кезеңде жоғары дозалардан бөртпе шығып, бет терісі нашарлап, тремор (аяқ-қолдың дірілдеуі) пайда болды. Қолым әлі де дірілдейді. Бұрын көру қабілетім нашарлаған еді, қазір сәл де болса түзелді. Гормондық дәрілер қант диабетінің пайда болуына да әсер етті. Қазір бұл дәріні уақытша тоқтаттым, диабет қалды ма, жоқ па, әзірге белгісіз", – деді Данияр Байбуллаев.

"Жүрек 6 сағатта, бауыр 12 сағатта, бүйрек 18 сағатта жеткізілуге тиіс"

Алматы бойынша трансплантология үйлестірушісі Меруерт Мұқанова донорлардың туыстары мен жақындарының ағзасын беру туралы келісім беру процесін толық түсіндірді. Ол донор болуға әрбір 18 жасқа толған қазақстандық азаматтың өтініш бере алатынын атап өтті. Донорлық ағзаларды тірі кезінде, мәйіттік донорлыққа да келісім берілген жағдайда ғана алу мүмкіндігі бар. 

Фото: Stan.kz / Меруерт Мұқанова

"Донорлар тірі кезінде мәйіттік донорлыққа келісім беруі қажет. Келісімі болмаған жағдайда ол донор ретінде қарастырылмайды. Содан кейін туыстарына ескертіледі, егер олар рұқсат бермесе, ағзасы алынбайды. Туыстары науқастың жағдайына көзі жетіп тұрғаннан кейін, басқа медициналық көрсеткіштері жайлы олармен бетпе-бет отырып сөйлесеміз. Мысалы, туыстарына жақынының бас-ми өлімі тіркелгенін хабарлаймыз. Әрі қарай туыстары оның ағзасын мұқтаж жанға бере ме, бермей ме өздері шешеді", – деді Меруерт Мұқанова. 

Қазақстанда өткен жылы eGov порталында мәйіттік донорлыққа 7709 адам келісім берген, бірақ нақты келісім бергендердің саны 10 адам ғана. Осыдан кейін трансплантация жасалған жағдайлар тек алты рет болған, ал қалған төрт жағдайда медициналық қарсы көрсетілімдер анықталған. Мұқанова донорлық ағзаларды жеткізу мәселесі бойынша да сөз қозғады. Ол санитарлық авиацияның көмегімен қажет ағзаларды жеткізу үшін қазірдің өзінде жұмыс істеліп жатқанын айтты. Жүрек, бауыр, бүйрек сияқты ішкі ағзалар 6-18 сағат ішінде жеткізіліп, науқасқа табысталады.

"Жүрек 6 сағатта, бауыр 12 сағатта, бүйрек 18 сағатта жеткізілуге тиіс", – деді дәрігер. Осы мақсатта еліміздің солтүстігінен астаналық науқастарға, оңтүстігінен шымкенттік науқастарға донор немесе реципиентті тауып, үйлестіру жұмыстарын жүргізу қолға алынған”, – деді Меруерт Мұқанова.

Бұдан бөлек ол донорлық ағзаларды жылдам жеткізу үшін барлық қажет шараның қабылданғанын және медициналық ұжымдардың бұл процесті барынша тиімді әрі сапалы ұйымдастыруға тырысып жатқанын атап өтті. 

Толығырақ видеосұхбатты Stan.kz YouTube арнасынан көре аласыздар!

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 08 Мамыр, 2025 18:00
Талқылау