Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қысқа мерзімді жеңілдіктер ұзақ мерзімді дағдарысқа ұласуы мүмкін": Сарапшылар Қазақстанда шұғыл енгізілетін шараларға қатысты пікір білдірді

экономист пен саясаткерФото: Stan.kz / Қаржы сарапшысы Арман Бейсембай және саясаттанушы Ғазиз Әбішев

Күні кеше үкімет жариялаған дағдарысқа қарсы шаралар қоғамда қызу талқыланып жатыр. Әсіресе, шағын және орта бизнеске қатысты бастамалар көпшіліктің назарында. Осы ретте Stan.kz қаржы және саяси сарапшылардан пікір сұрап, қабылданған шаралардың шын мәнінде экономиканы құтқара ала ма деген сауалға жауап іздеп көрді. Қаржы сарапшысы Арман Бейсембай мен саясаттанушы Ғазиз Әбішев биліктің қазіргі саясатын "газ бен тежегішті қатар басқан көлікке" теңеп, қысқа мерзімді жеңілдіктер ұзақ мерзімді дағдарысқа ұласуы мүмкін екенін ескертті.

Еске сала кетсек, Қазақстан үкіметі макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге және экономикалық реформалардың теріс салдарын азайтуға бағытталған бірқатар шешімдер қабылдады. Оның ішінде "жеңілдетілген" салық режимі сақталып, тыйым салынған тізімде 44 қызмет түрі ғана қалатыны, бензин бағасының өсуіне мараторий енгізілетіні, кейбір азық-түлік арзандап, ипотекалық несие ұлғайтылатыны айтылды. 

“Елде өзгеріс болсын десеңіз, соның ақысын төлеуіңіз керек”

Осы тұста аржы сарапшысы Арман Бейсембай шағын және орта бизнеске қатысты бастамалар көпшіліктің назарында екенін және осы бағыттағы өзгерістерге күмәнмен қарайтынын жасырмады.

"Шағын және орта бизнес бойынша 44 бағыт қалады деп хабарланды, бірақ бұл бизнес үшін көп нәрсені өзгертпейді, тақырып толық ашылмаған. Дегенмен жалпы тұрғыдан алғанда, қабылданған шаралардың бәрі экономикалықтан гөрі әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға бағытталған. Меніңше, президентке қоғамдағы әлеуметтік шиеленіс өсіп келе жатқаны туралы баяндалған. Халықтың наразылығы күшейіп, баға өсіп, өмір сүру деңгейі төмендеп жатыр. Бұл "қайнап тұрған қазан" секілді, қашан жарылатынын ешкім білмейді. 2022 жылдың қаңтарындағы жағдай сияқты болуы мүмкін. Сондықтан бұл шаралар белгілі бір деңгейде әлеуметтік көңіл-күйді реттеуге арналған. Бірақ бұл толыққанды антикризистік пакет емес, жартылай шешімдер ғана. Яғни, “не әрі емес, не бері емес” дегендей", – дейді экономист.

Оның айтуынша, жаңа салық кодексінде әзірге айтарлықтай өзгеріс жоқ. Қосымша құн салығының мөлшерлемесі де, салық режимі де бұрынғы қалпында қалған.

"Тек кейбір салаларда тыйым салынды, кейбір жерлерде жеңілдік берілді. Тексерулерге мораторий енгізілді, негізгі қарызды өтеген жағдайда айыппұл мен өсімпұлды кешіру шарасы бар. Камералдық бақылау да уақытша тоқтатылған сияқты", - дейді сарапшы.

Қаржы сарапшысы қазіргі қабылданып жатқан шаралардың уақытша ғана әсері бар екенін айтты.

“Түпкі себептерін шешпейінше, баға тұрақтанбайды”

Айта кетейік, биылғы 16 қазаннан бастап инфляция деңгейі тұрақтанғанға дейін АИ-92 маркалы бензин мен дизель отыны бағасын одан әрі көтеруге мораторий енгізіледі. Алайда Арман Бейсембайдың айтуынша, үкімет пен Ұлттық банктің іс-қимылы бір-біріне қарама-қайшы болып тұр, ал соның салдарын халық қатты сезінеді.

"Жанармай бағасы төмендемейді, бұл анық. Қазір бағаның өсуін уақытша тоқтату туралы шешім қабылданды. Бірақ бұл ұзақ мерзімге емес. Жанар-жағармай мен коммуналдық тарифтердің одан әрі өсіп, инфляцияны күшейтпеуі үшін жасалған уақытша шара. Инфляция біртіндеп бақылаудан шығып барады. Қазірдің өзінде 13%-ға жеткен көрсеткіш жыл соңына дейін одан әрі артуы мүмкін. Бұл, өз кезегінде, халықтың нақты табысын азайтады. Ұлттық банк инфляцияны тежеу үшін пайыздық мөлшерлемені көтеріп отыр – бұл түсінікті. Ал үкімет, керісінше, экономикалық дағдарыс болмас үшін нарыққа ақша құйып жатыр, бұл да инфляцияны күшейтеді. Алайда, ақырында, қарапайым халық зардап шегеді", – деп түсіндірді сарапшы.

бензинФото: pixabay.com

Сонымен қатар қаржы сарапшысы Арман Бейсембай бензин, дизель, керосин және коммуналдық тарифтердің өсуі бизнес шығындарын арттырып, соңында тауарлар мен азық-түлік бағасына әсер ететінін атап өтті.

"Соңында тағы да бәрібір қарапайым халық төлейді. Міне, бұл инфляцияның басты себептерінің бірі. Қазір бағаны төмендету емес, өсім қарқынын баяулату туралы сөз болып отыр. Яғни, баға өсімі бәсеңдейді, бірақ төмендемейді. Қазіргі антикризистік шаралар инфляцияны уақытша тежеуі мүмкін, бірақ оның түпкі себептерін шешпейінше, баға тұрақтанбайды", – деп толықтырды Арман Бейсембай.

Арман Бейсембай тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы тарифтердің өсуіне және үкіметтің энергетикадағы шешімдеріне қатысты өз ойын айтты. Оның сөзінше, Қазақстанда бұл сала ондаған жылдар бойы жасанды түрде ұсталып келгендіктен, қазір тарифтерді көтеру мәжбүрлі, бірақ қажет қадам.

"Электр энергиясының өзіндік құнын бақылау және ашықтық тарифтердің өсуін тоқтата алар ма еді? Жоқ, өкінішке қарай, жоқ. Себебі соңғы 30 жыл бойы, бұрынғы президент Назарбаевтың кезінде, баға үнемі субсидияланып, жасанды түрде ұсталып келді. Яғни, тарифтер шамамен екі есеге төмен бағаланды. Қазір шамамен бір жарым есеге дейін қысқарған шығар, бірақ бәрібір де нарықтық деңгейден төмен. Сондықтан бұл сала шығын әкелетін сала", – дейді сарапшы.

“Бюджет қазірдің өзінде қысымда тұр, әрі қарай да осылай бола береді”

Сарапшының пікірінше, қазіргі жағдайда ешқандай қосымша шаралар осы шығынды жаба алмайды. Коммуналдық кәсіпорындар пайда таба алмай, тек залалмен жұмыс істейді. Сондықтан бұл салаға жеке секторды тарту қажет.

"Осы салаға бизнес келуі керек. Сол үшін осы салаға қызығушылығы бар меншік иесін табу керек. Ал ол үшін кәсіпорындар кем дегенде аз да болса табысты болуға тиіс. Сонда ғана жобаның қандай да бір экономикалық есеп-қисабы пайда болады. Тарифтерді нарықтық деңгейге жақындатпай, бұл салада инвестиция тарту мүмкін емес. Ол қазір жылу және электр станцияларының басым бөлігі шығынмен жұмыс істеп, мемлекет оларды бюджет есебінен ұстап отырғанын жеткізді. Білесіз бе, бұл, біздің, салық төлеушілердің ақшасы. Сол себепті мұндай жағдайда ешкімнің осы саланы дамытуға ынтасы болмайды. Екібастұз жылу электр орталығының мысалын көріп отырғанымыздай, бүкіл инфрақұрылым қирап жатыр. Өйткені оған ешкім инвестиция салмаған. Сондықтан біз қазір тарифтердің өсуі туралы айтып отырмыз", – дейді сарапшы.

Ол тарифтерді еркін жіберу жүйелі өзгерістерге апаратын алғашқы қадам екенін атап өтті.

"Алдымен бағаны еркін жіберіп, оны біртіндеп нарықпен теңестіру қажет. Сонда ғана инвестор немесе меншік иесі пайда болады. “Арбаны аттың алдына қоймау керек” деген бар ғой. Алдымен ақша келуі керек, содан кейін ғана өзгерістер басталады. Реформалар тегін болмайды, оның өтеуі бар. Егер елде өзгеріс болсын десеңіз, соның ақысын төлеуіңіз керек", – дейді ол.

Сарапшы жеңілдетілген ипотека мен автонесие бағдарламаларын да ұзақ мерзімде қауіпті фактор деп санайды.

"Үкімет бұл бағдарламаларды кеңейтіп жатыр. Бірақ бұл ақша айналып келіп инфляцияны күшейтеді. Тұрғын үй бағасы да, автокөлік бағасы да төмендемейді. Керісінше, тұтыну нарығына түсіп, азық-түлік бағасын да қымбаттатады. Бұл сөзсіз процесс, тек оның қаншалықты жылдам болатыны ғана белгісіз", – дейді ол.

Арман Бейсембайдың пікірінше, бүгінгі экономикалық саясатты "жүргізуші бір мезгілде әрі газды, әрі тежегішті басып отырған көлікпен" салыстыруға болады.

"Үкімет экономикалық өсімді көрсету үшін "газды" басып отыр, ал Ұлттық банк инфляциямен күресу үшін "тежегішті" қысып тұр. Мұндай жағдайда не болады? Ең ақырында, көлік бұзылып, тоқтап қалады, ал ең сорақысы, ол жарылады. Біздің экономика дәл осындай күйде", – деп қорытындылады қаржы сарапшысы.

коммуналдық қызметтерФото: powerlinkworld.ru

Сарапшының пікірінше, қазіргі антикризистік шаралар әлеуметтік шиеленісті уақытша бәсеңдеткенімен, ұзақ мерзімде бюджеттік тәуекелдер мен жаңа инфляция толқынына әкелуі мүмкін.

"Қосылған құн салығының (ҚҚС) мөлшерлемесін өзгертпей қалдыру бюджетке, бәлкім, қосымша бірнеше триллион теңге кіріс әкелетін шығар. Бірақ мәселені түбегейлі шешпейді. Бұл дозасы "ауыр таблетканы ішудің орнына “мүмкін, тағы күтейік” деп өз-өзіңді алдау сияқты нәрсе", – деп түйіндеді ол.

Қысқа мерзімді әлеуметтік тұрақтандыру шаралары Қазақстан экономикасына жеңіл тыныс сыйлағанымен, сарапшы оның ұзақ мерзімді салдары ауыр болатынын ескертеді. 

"Иә, шаралар белгілі бір деңгейде халыққа да, шағын бизнеске де жеңілдік әкеледі. Тарифтердің уақытша тоқтатылуы, арзан несиелер, салықтық демалыстар – бәрі қысқа мерзімде оң нәтиже береді. Бірақ ұзақ мерзім тұрғысынан алғанда, жағдай күрделене түседі. Себебі бюджет қазірдің өзінде қысымда тұр және бұл қысым одан әрі артады. Бюджет дағдарысы басталған кезде салық кодексі жайлы ойлауға да уақыт болмайды. Себебі ол кезде бюджет "сасқан үйректей, артымен кері жүзіп", бәрі бірдей шығынға батады, – дейді Арман Бейсембай.

“Бұрынғыдай мұнай бағасының жоғары болуы әл-ауқатымызды қамтамасыз ете алмайды”

Саяси сарапшы, политолог Ғазиз Әбішев те билік қазіргі әлеуметтік-экономикалық шиеленісті мұқият бақылап отырғанын айтады. 

"Мемлекет те белгілі бір "қызыл сызықтар" бар, егер халықтың наразылығы шектен шығып, жағдай тым шиеленіссе, билік оны болдырмау үшін әртүрлі шаралар қолданады. Кейде бұл заңдық сипаттағы шаралар, кейде ақпараттық, яғни халықтың назарын басқа арнаға бұруға бағытталған әрекеттер. Ал мұның бәрі нәтиже бермеген кезде билік әлеуметтік-экономикалық жеңілдіктер жасауға мәжбүр болады", – деді саясаттанушы Ғазиз Әбішев.

Ғазиз Әбішев қазір Қазақстанға нарықтық реформалар қажет екенін, себебі біз бай мемлекет емес екенімізд атап өтті. Мұнай дәуірі баяу болса да аяқталып келеді дейді ол. 

"Бұрынғыдай мұнай бағасының жоғары болуы біздің әл-ауқатымызды қамтамасыз ете алмайды. Қазір барреліне 65 доллар (35 460 теңге, бұл, іс жүзінде, 2000 жылдардың басындағы 30 доллармен (16 118 теңгегемен) тең. Сондықтан енді мұнай табысына сеніп отыра беруге болмайды. Ел тиімді, бәсекеге қабілетті нарықтық экономикаға айналуға тиіс", – деді саясаттанушы.

Ғазиз ӘбішевФото: Ғазиз Әбішевтің жеке архивінен

Өндіріс, кәсіпкерлік, еңбек өнімділігі артпай, тұрақты даму болмайды. Ал бюджет шығындары өсіп жатқанда, бәрін субсидиялауға мемлекет ресурсы жетпей жатыр дейді Ғазиз Әбішев.

"Бір жағынан, билік әлеуметтік шығындарды жоғары деңгейде ұстауы керек, ал екінші жағынан, бюджет тұрақтылығын қамтамасыз ету міндеті тұр. Сондықтан реформалар жүзеге асырылып жатыр, бірақ халық үшін олар көбіне "шок терапиясы" сияқты қабылданады. Тарифтердің, жанармайдың және басқа да бағалардың өсуі қарапайым азаматтардың жүйкесіне әсер етеді, – дейді Әбішев.

Сарапшының айтуынша, қазіргі жағдайда Қаржы министрлігі мен салық органдары бюджет тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін бұрынғыдан қатаң бақылауға көшкен.

"Қазір бизнес те, орта тап та қысым сезініп отыр. Кәсіпкерлер өз шоттарындағы қаражатты еркін пайдалана алмайды, кенеттен тексерулер көбейді, банктік құпия алынып тасталды, ақша аударымдары толық бақыланып жатыр. Мұның бәрі жүйенің шиеленісін көрсетеді. Қазір орта тап пен кәсіпкерлердің жағдайы ерекше қысымда тұр. Олар, мүмкін, салық мөлшерлемесінің өсуімен келісіп те кеткен шығар, бірақ үнемі "қалтаны тінту" саясаты, яғни бизнесті шексіз тексерулер мен бақылауға алу – қоғамда үлкен кернеу тудырып отыр. Әсіресе, ірі қалаларда бұл айқын сезіледі", – деді Ғазиз Әбішев.

Сарапшының пікірінше, мемлекет әлі де экономикалық өсім әкелмейтін салаларға қаражат құйып отыр.

"Мысалы, жеңілдетілген автонесие, шын мәнінде, экономиканы дамытуға емес, тұтынуды арттыруға жұмыс істейді. Өйткені көліктердің басым бөлігі шетелден келеді, ал бұл импортқа тәуелділікті күшейтеді. Сондықтан ең дұрыс шешім бизнеске және орта тапқа түсетін қысымды азайту керек. Бұл инвестициялық ахуалды нығайтудың ең тиімді жолы болар еді. Кәсіпкерлікті дамыту тек салық емес, ең алдымен халықты жұмыспен қамту мәселесі екенін есте ұстаған жөн. Адамдарда тұрақты табыс көзі болса, ішкі өндіріс те дамиды, ал ұлттық байлық қымбат импортқа жұмсалмайды. Сол себепті салық органдары бизнес пен орта тапқа қысымды азайтуы керек. Бұл ең жақсы реформа болар еді", – деп пікір білдірді Ғазиз Әбішев.
STAN.KZ
Жұма, 17 Қазан, 2025 17:20
Талқылау