Қазақстандық көпбалалы ана "Асар Уме" қайырымдылық қорын апатты үй берді деп айыптады
Фото: Stan.kz
Төрт жыл бұрын "Асар-Уме" қорының көмегімен үй алған көпбалалы отбасы қазір үйдің сапасына шағымданып, көпшіліктің алдына шықты. Отбасы қыста су жарылып, қабырғалары үгітіліп, тұрмыстық жағдай ауырлап кеткенін айтып, алаңдаушылық білдірді. Әйел қордан үйді жөндеп беруін сұрап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Желіде өткен жылы халық қаражатын жымқырды деп айыпталған "Асар-Уме" қоры қазір тағы бір дау ортасына түскені айтылады. Қор атынан берілген үйлердің бірінде ақаулар анықталды, ал тұрғындар мен желі қолданушылары қордың жауапкершілігін сұрап жатыр.
"Биыл қыста, 9 ақпанда жарылып, барлық жерге ыстық су ақты. Қуанышқа орай, балаларым аман. Дәнекерлеушіні шақырттым, ол қайтадан сырлап берді. Жағасағаннан кейін қайта жағып көргенде атылып кетеді. Бері қарай жылжығаны байқалады. Үйдің артының бәрін қаңылтырмен жауып қойған. Кейін күндердің бір күні тағы замекание болып, "алты бала өртте қаза табады", – деп айтылған видеода.
Фото: Видеодан скрин
Желіде "Асар-Уме" қорының берілген үйге қатысты пікірлер екіге бөлінді. Кейбір оқырмандар қорды кінәлап, үйді сапасыз берді деп санаса, басқалары тұрғындардың көзқарасы мен талаптарын сынға алды.
"Қор үйді берді, бірақ оны толық жөндеуге мүмкіндік болмады. Балалар мен отбасы сол үйде тұратын болғандықтан, үйдің қауіпсіз және тұрмысқа жарамды болуы маңызды еді. Қор сатып алар алдында жылыту жүйесін, электр желілерін және пешті тексеруі керек еді", деп жазды бір оқырман.
Екінші топ оқырмандар көпбалалы ананың қанағатсыздығын сынады.
"Қор отбасыға көмектесті, бірақ кейбір тұрғындар берілгенді бағаламайды, ризашылық танытпайды. Кейде адамдардың тұтынушылық, масылдық қарым-қатынасы осындай дауларға әкеледі", – деп пікір білдірді.
Қордың басшысы Асхат Нұрмашев дау мен пікірталасқа қатысты өз ойын бөлісті. Ол алып-қашпа сөздер мен бұрмаланған пікірлердің пайда болмауы үшін жағдайды түсіндірудің де қажет екенін атап өтті.
"Бұл мәселе "Асар Үме" қорының адалдығы мен ашықтығына қатысты болған жоқ. Мүмкін, бұл өмірінде қиын жағдайға тап болған әйелдің реніші шығар. Ол кісі 2021 жылдың қазан айында "Асар Үме" қоры арқылы үй алған, оны өзі таңдаған, бұл қордың басты қағидаларының бірі. Сол кезде қуанып, төрт жыл бойы сол үйде тұрды. Ал енді, 2025 жылдың басында үйінде жылыту жүйесіне байланысты апат болған. Сол кезде ол бізден жөндеуге үш миллиондай теңге қаражат сұрады. Біз бас тарттық, себебі үй пайдалану мен жөндеу қордың жауапкершілігіне кірмейді. Әрине, егер үйде суық мезгілде отбасы тұрмаса, жылыту болмаған жағдайда және күтім жасалмаса, ол уақыт өте келе нашар күйге түседі", – деп түсіндірді Асхат Нұрмашев.
Асхат Нұрмашев тұрғынды "қадір білмейтін" деп айыптамайтынын, бірақ жағдайды бұрмаланып контентке айналдырмау үшін қосымша түсініктеме бермейтінін айтты.
Айта кетейік, былтыр "Асар-Уме" қоры халықтың жинап берген ақшасын талан-таражға салды деп айыпталған еді. Сол кезде қордың басшысы Асхат Нұрмашев қоғамдық сынға жауап беріп, қорға қарсы қысым мен хейт барын айтқан. Ол қордың ешқандай қаражатты иемденбегенін, барлық жинақталған ақша аз қамтылған отбасыларға жеткізілгенін және қордың есеп беруді дәстүрлі түрде жүргізіп келгенін атап өткен.
Сондай-ақ блогер Еркежан Шайх instagram парақшасында "Асар-Уме" мәдени-білім беру қорының 2023 жылға арналған Аудиторлық есебінен" үзіндіні жариялады. Онда қайырымдылық қоры қызметкерлерінің штаттық кесте бойынша ай сайынғы еңбекақысы жазылды.
Одан қордың вице-президенті – 1 120 703 теңге, бас директоры – 997 247 теңге, медиаға жауапы атқарушы директоры, әлеуметтік бөлімге жауапты атқарушы директоры және "Өркендеу" атқарушы директоры – 873 790 теңгеден айлық алатыны жазылды. Бұл қоғамда үлкен дауға ұласқан болатын.
2024 жылы қазақстандықтар мен ТМД елдерінің тұрғындары "Асар-Уме" қорына 3,9 миллиард теңге жіберген. Бірақ кейін адамдар бұл қаражат шынымен аз қамтылған отбасыларға жеткен бе, әлде волонтерлердің қалтасына кеткен бе деп күмәнданды.
Әлеуметтік желіде осыдан соң "Асар-Уме" толық қаржылық есепті жариялауға тиіс деп талап етті. Көпшілік полициядан қордың жұмысын тексеруді сұрады. Дегенмен "Асар-Уме" құрылтайшысы Азимжан Алаев ірі зауыттарды басқаратынын және компаниядан 50-100 миллион теңгеден тұрақты қайырымдылық жасап тұратынын айтты.
Сонымен бірге Нұрмашев қордың қызметкерлері әрбір блогердің адалдығын тексеруге уақыттары жоқ екенін, алайда қордың аудит есептері мен қаржылық деректері жыл сайын ашық түрде жарияланып отыратынын мәлімдеген.

Қазақстандық көпбалалы ана "Асар Уме" қайырымдылық қорын апатты үй берді деп айыптады
