Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"70 күннен аса жүрдік": Қытайдан Астанаға атпен жолға шыққан жас жұбайлар көпшіліктің ықыласына бөленді

Қуат пен Жайна, Ат үстіндегі жұбайлар/Видеодан скриншотҚуат пен Жайна, Ат үстіндегі жұбайлар/Видеодан скриншот

Қуат пен Жайна – Қытайдан Қазақстан астанасына ат мініп жолға шыққан жолаушылар. Олар TikTok-та өздерін "Ат үстіндегі жұбайлар" деп атайды. Екеуі 8 тамыз күні Қытайдың Сауан ауданынан жолға шыққан. Содан бері олар 70 күннен аса қазақ жерімен жүріп өтіп, Астанаға бағыт алып келеді. Оларды әлеуметтік желіде тамашалап, қайда жақындап қалғанын бақылап отырған халық алдынан күтіп алып, қонақ етіп, сый-сыяпатын беріп жатыр. Енді жолаушылардың Астанаға жетуіне 47 шақырым қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

"Cаяхаттау арқылы ат жалында өскен қазақтың мықтылығын, көшпенділердің сән-салтанатын көрсеткіміз келеді"

Қуатбек Нүсіпханұлы мен Жайна Еркінқызын туыстары мен екі ұлы шекараға дейін шығарып салған. Олар Тарбағатай аймағынан Қорғас бекетіне дейін 900 шақырым жүріпті. Қорғасқа дейін мініп шыққан жылқыларын шекара ережелеріне сай, сол жерде қалдырып, Қазақстанға кіргенде басқа аттарды сатып алыпты.

Ерлі-зайыптының екеуі де қазақтың ұлттық киімін киіп алған. Олар қазақтың ат үстінде жүретін дәстүрін жалғау мақсатында әрі екі ел арасындағы мәдени байланысты нығайтуды көздеп осындай ұзақ сапарға шықтық дейді.

"Мақсатымыз – ел, жер көріп, саяхаттау арқылы ат жалында өскен қазақтың мықтылығын, көшпенділердің сән-салтанатын, ұлттық мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді нәсихаттау, таныстыру. Ұлан байтақ даланы ат тұяғымен дүбірлеткен батыр бабаларымыздың рухын сезініп, бүгінгі жастарға төзім мен ерліктің үлгісін көрсеткіміз келеді. Оған қоса Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға аз да болса үлесімізді қосуды мұрат еттік. Бұл парақша – өзіміздің TikTok-тағы жеке парақшамыз. Біз болсақ Жұңғо (Қытай – ред) елінен Қазақ еліне осы бір достығын жырлап, сапарлап тұлпарменен келе жатқан жұбайлармыз. Қолдап-қуаттап жатқан кісілерге көп рақмет!" – дейді Қуатбек Түсіпханұлы.

Олар Қорғас шекарасынан шығып, Жаркент, Алматыдан өтіп, әрі қарай Астанаға жол тартып келеді. Қазір бұл жұбайларды күллі желі қолданушылары мен қазақ жұрты TikTok арқылы бақылап, қызықтап отыр. Қай жерге келе жатқандарын желі арқылы біліп, алдарынан қарсы алып, қонақ етіп, ас-суын, сый-сыяпатын беріп жатқан жұрт көп. Бәрі де олардың бұл сапарын қолдап, алғысын айтып, дастархандас болып жүр.

"Жол азабын жүрген білер" демекші, алыс жолды атпен жүру оңай емес, Десе де кездескен адамдардың және әлеуметтік желідегі жұрттың қолдауы бәрін ұмыттырып жібереді. Жолдағы әсем табиғатты, көрікті жерлерді, көрген-білгенімізді түсіріп, әлеуметтік желіге жариялап келеміз. Қазір күніне 50 шақырымға жуық жолды артқа тастап жатырмыз", – дейді саяхатшылар.

Жұбайы Жайна жолда тоңып, ауырып қалғанын айтып жатыр. Мұны естіген желі қолданушылары олардың қай жерге келетінін біліп, алдынан шығып, ақ жол тілеп, Жайнаға арнайы дәрілерін берді.

"Түнімен сені ауырды деп естідім, көрдім. Үйге барған соң мынаны арқаңа ысқыла, ал мынаны тамағыңа себе ғой. Қуатқа бөлек, саған бөлек алдым. Алла денсаулық берсін. Ата-аналарына рақмет! Бұлар белдерін бекем буып, Қазақстанға келе жатқан азаматтар ғой. Алла күш қуат берсін, бала шағаларыңның қызығын көріңдер", – дейді бір апа.

"Айналайын, бақытты болыңдар! Жолдарың болсын! Сапарларың оң болсын, әрдайым осылай жайнап жарқырап жүріңдер", – деп тілектес болды тағы бір қария.

Тіпті қос жолаушыға ақын, жазушы, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов батасын берді. Жазушы батасын берген сәтінен видеоны ерлі-зайыпты парақшасына жариялады.

"Қуат балам, Жайна қызым жолдарың болсын. Жұлдыздарың тек шындық биігінен жарқырай берсін. Жұлдыздарың бар кезде тек шындық биігінен, елдің ұлттық биігінен, рухани парасат биігінен жарқырай беріңдер, әумин", – деп батасын берді Мұхтар Шаханов.

Ерлі-зайыпты ұлттық киім киіп, атқа мінуді, ел аралауды 4 жыл бұрын бастапты. Алғаш рет олар Тарбағатай аймағынан Бейжіңге дейін 4 мың шақырымды 74 күнде жүріп өтіп, одан кейін Қытайда өткен 500 шақырымдық атты марафонға да қатысыпты. Ал ендігі сапары 2500 шақырымға жуық.

"Пейілі кең адамдар жетеді екен"

16 қазан күні олардың жолға шыққанына 70 күн болды. Ерлі-зайыптыны БАҚ пен желі қолданушылары бүгінгінің Төлегені мен Жібегі деп атап жүр. Қазір олар Аршалы ауылына келді. Енді 47 шақырым жүрсе, Астанаға жетіп, мақсаттары орындалғалы тұр.

"Жолда бір әпкеміз тоқтатып, үстіндегі шапанын кигізіп жіберді. Өзіңіз тоңбайсыз ба десем, мен тоңбаймын деп беріп кетті. Пейілі кең адамдар жетеді екен. Бізді барлық кісі жабылып қолдап жатыр. Жолды қадағалап жүретін адамдардың өзі жанымызда көлігімен жүріп, музыкасын қосып қойды. Қандай күшті", – дейді Жайна.


Қуаттың суырып салмалығы бар екен, ол желідегі тікелей эфирлерінде келе жатқан жерінде көргенін өлеңге айналдырып, сол сәтті шумақпен сипаттап жібереді.

"Біз Аршалы ауданына келіп қалдық, алыстан көре сала бізді жолда қарайлап жүрген адамдарға мыңғ алғыс! Бүгін де 50 шақырым жолды жүріп өттік. Бас суретті басып, бізге қосылып қойыңыздар! Тіркеліп алыңыздар! Аттардың жағдайы жақсы, енді екі күндік жол қалды. Бүгін осы жерге демалсақ, арғы күні бұырса Астанаға кіреміз. Былайша айтқанда қырқына шыдадық, енді біріне шыдасақ жетеміз.

Жұп 12 жыл бұрын отау құрған. Екеуі де жастайынан ұлттық дәстүрді бойына сіңіріп өскен екен. Қазір олар жылқы малын көбейтумен айналысады.

 

Еңлік Сақтан
Сенбі, 18 Қазан, 2025 14:05
Талқылау